Түркістанда онлайн форматтағы ісшаралар жалғасуда

Түркістанда онлайн форматтағы ісшаралар жалғасуда

131 просмотров

Түркістанда онлайн форматтағы ісшаралар жалғасуда

Түркістан қалалық мәдениет үйі бүгінде онлайн форматта бірқатар ісшараларды атқарып, жоспарға сәйкес жүзеге асырып келеді. Оның ішінде қолөнер мен ақындардың саласына да айрықша бағыт бұрып отыр. Солардың бірқатарына тоқталсақ.

Халықтың музыкалық шығармашылығы әр халыктың рухани мәдениетінің басты құрамдас бөлігі. Сол сияқты қазақ халқының да музыкалық, поэтикалық мәдениеті, адамзаттың кейінгі ұрпаққа қалдырған мәдени мұрасының жарқын белгілері ретінде ән, би, жыр — терме, қолөнер мен салт — дәстүр секілді халқымыздың бай — мәдени мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттауда үйірмелердің үлес салмағы зор.

 Қазақтың дәстүрлі өнері ешқашан сарқылмақ емес, себебі, әр өңірдің біртуар таланттары уақыт өткен сайын даңғаза өнерсымақтардың өрісін тарылтып, халық казынасын жаңа қырынан асқақтата түсуде.
«Терме» үйірмесін дәріптеп, насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың Жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» аясында Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұлттық ән — терме өнері — сарқылмас қазына» атты семинар — кеңес өткізілді. Семинар қонақтары дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, ұстаз — Рүстемов Аязбек және оның шәкірттері, Бердалы Орынбасар, Мералы Асылзат, Өтебек Аяулымдар қатысып, қазақтың ұлттық ән — термелерін нақышына келтіре орындап, ұлттық ән — терме өнерін ұрпаққа аманат ету парызымыз екенін атап өтті.

«Ұлттық қолөнер – ұлы мұрамыз» дегендей, қолөнер мәдениеті атадан-балаға мұра болып келе жатқан қазақ халқының сарқылмас мол мұрасы. Қолөнер үйірмесі өнер мен білім беру ісін бір-бірімен ұштастырып, кәсіби дарын, іздемпаздық, адамгершілік дүниетанымын қалыптастырудың бірден-бір жолы. Қолөнер үйірмесін дәріптеу мақсатында қалалық мәдениет үйінде «Ұлы Даланың Жеті Қыры» аясында Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі «Ұлттық қолөнер-тәрбие көзі» атты семинар кеңесі өткізілді. Семинарда қалалық әжелер алқасының мүшесі Тәшметова Рыс апа өзінің қолөнер шеберлігімен бөлісіп, жастарға тәлім-тәрбие боларлықтай ақыл кеңестерін айтып, құрақ құрау өнерінің қыр-сырынмен таныстырды.

Жуырда «Менің қалам – Түркістан» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Жас ақындар шежірелі шахар туралы шынайы жүрекпен қалам тербеп, олардың туындылары қасиет пен құт қонған мекеннің талайға бергісіз тарихы осында өсіп-өнген, осы өлкеде қанат жайып келе жатқан әрбір жасты еріксіз шабыттандырғаны ақиқат. Додаға  түскен ақын өлеңдерін сұрыптап, оған талдау жасап, жүлдеге сәйкес орын беру — үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дегенмен қазылар алқасы, өлеңнің мазмұнына, жазылу бағытына, ұйқасы мен шумағына зер салып, нағыз мықтыларды іріктеді. Қорытындысына сәйкес марапаттау рәсімі өткізілді. Қалалық мәдениет үйінің директоры, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Шәмет Лиза Төлегенқызы сөз алып, ақындарымызға жылы лебізін білдірді. Жүлдегерлерге дипломдар мен жүлде қорының сертификаттарын табыстады. Байқау жеңімпаздарына шығармашылық табыс, киелі қаламызды жырлаудан қаламдарың талмасын деп тілейміз.

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Мейірім шуағы» атты онлайн өнер фестивалі өткізілді. Өнер фестивалін өткізудегі мақсаты-оларға бағыт-бағдар беріп, өмірге деген құштарлығын арттыру, дарынды балаларды анықтау, тәрбиелеу, қолдау көрсету болатын. Фестивальге қатысушы жасөспірімдер ән айтып, би билеп, сурет салу жанры бойынша өз өнерлерін көрсетті. Өнерпаздарымызды марапаттау үшін олардың отбасыларына барып, диплом мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, алға қойған мақсаттарыңа жете берулеріңе тілектеспіз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *