«ТҮРКІСТАНДА ТӘРТІП ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

«ТҮРКІСТАНДА ТӘРТІП ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

791 просмотров

«ТҮРКІСТАНДА ТӘРТІП ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

  Рухани шаһардың облыс орталығы атанғанына да екі жылға жуықтады. Осы жыл ішінде оны түлетуге Шымкент пен өңіріміздің түкпір-түкпірінен түрлі сала мамандары ағылды. Осының арқасында көне қала жаңарып, ондағы тәртіп те түзеліп келеді. Бұған құқық қорғау саласының қосқан үлесі қомақты. Бұл ретте біз өз болашағын қайта жаңарған қарт қаламен қатар елестететін Түркістан қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ердәулет Қарымсаковпен сұхбаттастық.

— Бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?

— Менің әкем Бахдәулет Қарымсаков құқық қорғау саласында еселі еңбек еткен азамат. Қазіргі таңда зейнетте. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демеуші ме еді қазақта. Бала күнімізде әке жолын қусам деген арман болды. Өсе келе бұл мамандықтың қиын да жауапты іс екендігін ұғындым. Бірақ бала күнгі арманымнан бастарқан жоқпын.

— Алғашқы еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?

— Әке жолын қуып 2000 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түстім. 2004 жылы аталмыш академияны аяқтап Шымкент қаласындағы Абай аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналастым. Алғашында жедел уәкіл (опер) сонан соң аға жедел уәкіл болып үш жылдай еңбек еттім. Одан кейін Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінде тер төктім. 2008 жылдан бастап ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасында жұмыс жасап, алғашқы басшылық қызметті де осында бастадым. Рухани шаһарға 2011-2012 жылдары келіп жұмыс жасағанмын. Ол кездегі Түркістанды қазіргі қаламен салыстыруға да келмейді. Күн өткен сайын облыс орталығы гүлденіп, ажарланып келеді. Ағымдағы жылдан бастап қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып келемін.

«ТҮРКІСТАНДА ТӘРТІП ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

— Болашағыңызды Түркістанмен қатар елестетесіз бе?

— Әкем мен анам қазіргі таңда Алматыда. Өз жанұям Шымкентте тұрады. Өмірлік жарым мен Құдайдың бергені үш қызым бар. Күн сайын түлеген рухани шаһарға кішкентайда болсын өз үлесімді қоссам деймін. Отбасымды осында көшіріп алып келмекпін. Себебі, қыздарым тарихы терең Түркістанда білім алса, өзім осы уақытқа дейін үйреніп білген тәжірибемді арқамыздан өкшелеп келе жатқан жас мамандардың шыңдалуына арнамақпын.

— Жұмыс барысында қиын сәттер орын алды ма?

—  Бұл күн мен түнге қарамайтын сала. Қызықты сәттерден гөрі қиын сәттері басымдау деп айтсам артық айтқандық емес. 2009 жылдың 8 шілдесінде әріптесім, полиция аға лейтенанты Тайыр Шералиевпен бірге ауыр қылмыс жасаған сезіктіні ұстау мақсатында Алматыға аттандық. Онда күдіктінің нақты мекен-жайын анықтап, құрықтап қолына кісенді сала бергенде қылмыскердің туысы күтпеген жерден асханалық пышақпен Тайыр екеумізді жаралады. Әріптесім сол алған ауыр жарақатынан бір сағаттан кейін ауруханада көз жұмды. Қызметтес досыңнан көз жазып қалу ең қиыны екен. Тайыр Нақыпжанұлы қаза болғаннан кейін сол жылы ҚР Президентінің жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол — бейбіт күннің батыры. Еңбекқор досымның өмір мен өлім бетпе-бет келгенде ешнәрседен тайсалмай алдыңғы қатарға Отанды қойғаны, басын бәйгеге тігіп, антқа адал болғандығы жастарға үлгі. Қызметтік борышты мінсіз орындап, батылдықпен қайсарлықтың символы бола білген Тайырды әріптестері ешқашан ұмытпақ емес.

— Өмірде кімді үлгі тұтасыз?

 — «Ең бастысы адам бол». Бұл тәртіп сақшысы болған әкемнің жанұяда күнделікті айтатын сөзі. Нақылды бауырларымызбен бірге жастайымыздан құлағымызға құйып өстік. 

Адамдық борышың,-

Халқыңа еңбек қыл.

Ар жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, Өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанба салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін

Дала ойшылы атанған философ ақын, ұлтының адал перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы сөзін болашаққа осылай арнады емес пе? Қызметтік тарихымда талай басшының қарамағында жұмыс жасадым. «Жақсыдан үйрен» демекші әр басшының өзіндік орны болады. Мейілінше өзіме керекті тұсын үйренуге тырысамын. Ал, үлгі тұтып кеңесетін адамым ол – әкем.

 — Түркістандағы қазіргі тәртіп жайлы баяндасаңыз?

 — Елдегі төтенше жағдай режимі тоқтағанымен карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатын болды. Осындай қиын сәтте табандылықпен өз қызметтерін мінсіз атқарған әріптестеріме алдымен алғысымды айтамын. Бүгінде рухани шаһарда тәртіп түзеліп келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда 2020 жылдың алғашқы 3 айында қала көлемінде 361 қылмыстық әрекеттер тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 29,4 пайызға төмендегінін көрсетіп отыр.

— Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан:

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Аймақ» газеті

13 мамыр №18-19.

One thought on “«ТҮРКІСТАНДА ТӘРТІП ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

  1. Жарайсың бауырым! Алла Тағала әрқашан қолдап, бәле жаладан қорғап қуаттасын деп тілеймін! Сендей досымды үлгі тұтып, мақтан етемін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *