«ТҮРКІСТАННЫҢ БАЗАРЛАРЫ ТАРТЫМДЫ БОЛУЫ КЕРЕК»
Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің басшылығымен өткен жиындағы талқыланған басты тақырып осылай болды.
Облыс орталығы басшысы кәсіпкерлермен кездесуде сауда орындарының жай-жапсары мен қызмет көрсету сапасы жайын талқылады.
— Базар, сауда қатарлары — қала келбетін құрушы негізгі нысандардың бірі екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала қонақтары мәдени-рухани демалыстан соң, көбіне базарларға барады. Сондықтан, ұсынылатын қызмет деңгейі мен сапасы Түркістан туралы пікір қалыптастыруға әсер ететінін назарға алып, жұмыс істеуіміз қажет. Сонымен қатар, азық-түлік бағасының тұрақтылығына да баса мән берілген жөн. Талап — сұранысқа сай қалыптасады, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.
Жиын соңында кәсіпкерлердің талап- тілектері тыңдалып, қала әкімі тиісті тапсырмалар берді. Одан бөлек, қала әкімдігі тарапынан арнайы мониторинг топ құрылып, күнделікті сауда нысандарын аралап, тексеру жасайтыны айтылды.
Аймақ ақпарат