ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ

ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ

11 просмотров

ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдегі пандемияға байланысты орын алған күрделі эпидемиологиялық жағдайға орай мемлекеттік телеарналар арқылы халыққа жариялаған үндеуін тыңдадық. Президентіміз елдің көкейінде жүрген жәйттерді дөп басып айтты.

Елімізде коронавирус статистикасы күннен күнге ұлғайып, қоғамның және халықтың зор алаңдаушылығын тудырып отыр. Әр отбасында осы індет салдарынан қайғыға душар болып, жақындарынан айырылу деректері жиі тіркеліп жатыр. Сондықтан Мемлекет Басшысының шешімімен 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл өте орынды шешім болды. Қаза болғандардың ішінде елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер, асыл азаматтарымыз да бар.

Үндеуде Президент ең алдымен ешкім де жауапкершілікті жалтарып кетпейтінін қадап айтты. «Кейбір арсыз кәсіпкерлер қиын жағдайды пайдаланып, пайдаға кенелгісі келеді. Олар жасанды толқуды тудырып, қажетті дәрі-дәрмекке бағаны әдейі көтереді. Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары алыпсатарларды жауапқа тарта бастады. Әкімдіктер рейдтерді өткізіп, осындай фактілерді анықтауы керек. Кейбіреулер саяси ойындарды ұйымдастырады, қауесеттерді таратады, жағдайды әртүрлі болжамдар мен үндеулермен қыздырады. Қоғамда жеккөрушілік тудыруға тырысады. Мұндай манипуляциялар өте қауіпті. Сондықтан оларға заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қ.Тоқаев алапат індетпен күрестің жалғаса беретінін нық сеніммен айтты. Мемлекет басшысы күйзеліске, немқұрайлыққа бой алдырмауымыз керектігін,  бірлігімізді әрдайым көрсетуге тиістігімізді ерекше атап өтті. Ешкімді қиыншылыққа қалдырмай, әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы үшін күресетінін мәлімдеп, халыққа жігер берді. Президент жасаған үндеу бүгінде үрей құшағында отырған барша қазақстандықтарға айрықша күш-жігер бергені сөзсіз.  «Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін!» — деп түйді сөзін Президент телеүндеуде.

Баршамыз Үкіметтің карантиндік талаптарын бұлжытпай орындап, туыстарымызды, жақындарымызды сақтайық. Сонда ғана осы індеттен аман есен шыға аламыз. Бәріміз осы жолда ыждаһаттылық пен табандылық танытайық!

Серғали Мәлікайдаров

Түркістан облысы Созақ ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектеп директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *