ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

10 просмотров

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

Жүйнекті негізінен бейнеткеш, диқан, іскер қауым мекендегендіктен уәдесіне берік, уақыттың қадірін білгендіктен олар жеделдікті, нақтылықты жақтырады. Жүйнек ауылдық округі 3 елді-мекеннен құралған. Атап айтқанда Жүйнек, Шекербұлақ, Шыпан елді-мекендері. Жүйнекте – 6621 адам, Шекербұлақта – 1880 адам, Шыпанда 2611 адам тұрады. Жалпы саны 11112 адам тұрады.

Өткен жылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтар саны 87 болса, олардың ішінде 76 отбасына тағайындалып, 23005251 теңге төленді. Қалған 11 отбасы кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады.

Ақылы қоғамдық жұмысқа 20 азамат, сақшыға 1 азамат, жастар практикасына 17 азамат жұмысқа жіберілді. Округ бойынша 2 азамат 587000 теңгелік қайтарымсыз грант (қаржы) (Колбаев Абдиманнап, Бердикулов Габит) алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Демеушілік есебінен 13 отбасыға азық-түлік берілді.

Биылғы жылдың төрт айында ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтар саны 39 болса, олардың ішінде 27 отбасына тағайындалып, 5130357 теңге төленді. Қалған 12 отбасы кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады. Ақылы қоғамдық жұмысқа 13 азамат, сақшыға 1 азамат, жастар практикасына 2 азамат жұмысқа жіберілді.

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

АТА КӘСІБІН ЖАЛҒАСТЫРҒАН ҰРПАҚТАР

Жүйнек ауылдық округінің жалпы ауылшаруашылық жері – 49007 гектарды құрайды. Оның ішінде, суармалысы – 4073 гектар, жайылымы – 29693 гектар, шабындығы – 1176 гектар, жылыжайы – 3,65 гектар. 2021 жылы 4370 га жерге ауыл шаруашылық дақылдар егіліп игерілді. Оның ішінде егілген егіс көлемі:173,4 га жүгері, 781,7 га мақта, 628,9 га бақша, 365,4 га бидай. Оның ішінде 109,92 гектары жаздық бидай, 255,5 гектары күздік бидай, 210,0 га көкөніс, 1410,35 га жоңышқа (461,67 га жаңа, 948,68 га ескі), 800,2 га майлы дақыл, оның ішінде 699,8 гектарға мақсары, 100,4 гектарға күнбағыс егілген.

ЖҮЙНЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ БОЙЫНША 3,65 ГА ЖЫЛЫЖАЙ ТІРКЕЛГЕН

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне 194 тонна жанар жағармай жеңілдікпен алынды. Жүйнек ауылдық округі бойынша 8 дана ауыл шаруашылығы техникалар жеткізілді. Соңғы жылдары өңірде өндіріске енгізілген тәжірибе бойынша бір жазда 2-3 өнім алу жобасы бойынша 25 жоба іске асырылды. Азық-түлік белдеуі бойынша 1000 гектар жоспарланып, 28 шаруалар «Майлы Тоғай» СПК мен келісім-шартқа отырып, 659,58 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілді.

2022 жылы жоспар бойынша 4370 га жерге ауыл шаруашылық дақылдар егу жұмыстары жүргізілуде.

Жүйнек ауылдық округінде жайылым көлемі тым аз болғанына қарамастан тұрғындар малды қорада бағып, бордақылаудың тәсіліне көше бастады. 2021 жылмен салыстырғанда ірі қара мал 110 пайыз, қой ешкі 114 пайыз, жылқы 92 пайыз, түйе 98 пайыз, құс 85 пайызды құрады. 2021 жылдың 4 айымен салыстырғанда ірі қара мал 109,6 пайыз, қой ешкі 103,3 пайыз, жылқы 100,2 пайыз, түйе 102,0 пайыз, құс 92,9 пайызды құрады.

Өңірде бүгінгі таңда 9806 ірі қара, 56401 қой-ешкі, 1157 бас жылқы, түйе – 146, құстың саны – 7678.

Өткен жылы шаруа қожалықтарының саны – 273-ке жетті. Сауда дүкендерінің саны 30-дан астам. 2021 жылы есепті кезеңіне 40 жеке кәсіпкер тіркелді. 30 кәсіпкер жеке дүкендері арқылы халыққа қызмет көрсетуде, 10 кәсіпкер басқа кәсіп түрлерімен айналасуда.

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

АУЫЛДЫ АБАТТАНДЫРУ -БАСТЫ НАЗАРДА

Жүйнек ауылдық округі әкімдігінің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік мәселесін назарда ұстаумен қатар, елді-мекендерді барынша қысқа мерзімде абаттандыру. Қазіргі таңда Жүйнек, Шыпан елді-мекендерінде орналасқан намазханалардың құжаттары рәсімделді. Округ бойынша 13 мазараттың құжаттары дайындалуда. Атап өтсек, өткен жылы Қарсақты көшесінде орналасқан мазаратты қоршау жұмыстары жасалды. Әмір Темір көшесінің бір шақырым жеріне тас төселіп, ауыл округі автомобиль жолдарының шұңқыр жерлерін жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жүйнек ауылдық округі бойынша мал ұрлығының алдын алу, құқық бұзушылықтарды болдырмау және жол қауіпсіздігін болдырмау мақсатында, Түркістан көшесі бойына 8 бейне камера, Жүйнек ауылдық округі Шекербұлақ елді-мекенінің орталығына LED экран орнатылды. «Заңғар-М» ЖШС Жүйнек елді-мекенінен 300 орындық мектеп құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді.

Биылғы жылы Шекербұлақ елді-мекені С.Ерубаев көшесі бойынан балалар ойын алаңын салу, Шыпан елді-мекені Байқоңыр көшесі бойынан балалар ойын алаңшасын салу, Жүйнек елді-мекеніндегі ауыз су қоймасына су мұнарасын орнату, Шыпан елді-мекенінен кітапхана ғимаратын салу, Жүйнек ауылдық округі әкімінің аппараты ғимараты жанына мүгедектерге арналған тактильді жолақты төсеу, Жүйнек елді-мекеніндегі Абай Құнанбаев, Бәйтерек, Түркістан, Көктерек көшелерін жарықтандыру және трансформатор орнату жұмыстары атқарылады. Шекербұлақ елді-мекеніндегі Абылайхан, Ғ.Мұратбаев көшелерін, Шыпан елді-мекеніндегі Бабыр, Ордабасы көшелерін жарықтандыру және трансформатор орнату жұмыстары жасалады. Жүйнек ауылдық округіне қарасты елді-мекендердегі жарықтандыру жүйелеріндегі 73 дана жарық лампалары ауыстырылады. Жүйнек ауылдық округіндегі елді-мекендерге трансформатор орнату жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

АТҚАРЫЛМАҒАН ҚЫРУАР ІСТЕР АЛДА ТҰР

Облыс орталығы атанған Түркістан облысының орталығына тым жақын орналасқандықтан Жүйнек ауылдық округін жедел дамыту жұмыстары қолға алынуда. Бұған дейін атқарылған жұмыстар алдағы атқарылатын қыруар істердің бастамасы ғана. Қазірдің өзінде аудан әкімдігімен және тиісті құрылымдық бөлімдермен келісе отырып, Жүйнек ауылдық округін дамытудың негізі бағыттары түзілді. Оның ішінде таяу арада атқарылатын басымдықты жұмыстар тізбесі жасалды. Оның ішінде Оранғай арығының 25 шақырым құрайтын Ораңғай-Жүйнек каналын тазалап, лоток орнату қажет. Мектеп оқушыларын тасымалдау кезінде қауіпті болып тұрған Жүйнек елді-мекеніндегі Бортөбе көпірін күрделі жөндеуден өткізу керек. Бас жоспар жасалынған жерден тұрғын үй салу және қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүйелерін жүргізу кезек күттірмейді. Жүйнек ауылдық округіне қарасты елді-мекендердегі Сарыарқа, Қуаныш, Абылайхан көшелеріне асфальт төсеу, Жүйнек елді-мекеніндегі Қарсақты көшесіне тас төсеу, Шыпан елді-мекеніндегі А.Навой көшесіне тас төсеу, Жүйнек елді-мекеніндегі Абай Құнанбаев көшесіне тас төсеу қажеттігі байқалып отыр.

Әлі күнге дейін сапалы ауыз сумен қамтылмаған елді-мекендер бар. Мәселен, Жүйнек ауылдық округіне қарасты елді-мекендерді ауыз сумен толығымен қамтамасыз ету керектігі байқалды. Жүйнек елді-мекенінде 920 абонент бар, оның 328 абоненті ауыз сумен қамтылған, 592 абонент ауыз сумен қамтылмаған. Шыпан елді-мекенінде 391 абоненті бар, оның 360 абонент ауыз сумен қамтылған, 31 абонент ауыз сумен қамтылмаған. Шекербұлақ елді-мекенінде 226 абонент бар, оның 170 абонент ауыз сумен қамтылған, 56 абонент ауыз сумен қамтылмаған.

ЖҮЙНЕКТІҢ КӨШЕЛЕРІ ЖАРЫҚТАНАДЫ

Жақында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Жүйнек ауылдық округіне қарасты Жүйнек елді-мекеніндегі электр көзі жетіспейтін көшелерге қосымша трансформаторлар орнату жүзеге асырылатындығын атап өткен болатын. Қазіргі таңда Жүйнек елді-мекеніндегі Қарсақты, Түркістан көшелеріне қосымша қуаттылығы 250 кВт трансформаторлар орнату және Түркістан көшесінің төменгі жағына қуаттылығы 250 кВт трансформатор орнату, ескі бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Шекербұлақ елді-мекеніндегі С.Ерубаев, Түркістан көшелеріндегі қуаттылығы 100 кВт трансформаторларын қуаттылығы 250 кВт трансформаторларына ауыстыру және Түркістан көшесінің төменгі жағына жаңа учаскелеріне қуаттылығы 250 кВт трансформатор орнату, ескі бағаналарын ауыстыру жұмыстары басталады. Шыпан елді-мекеніндегі Ордабасы көшесіне қосымша қуаттылығы 250 кВт трансформаторлар орнатылып, ескі бағаналары ауыстырылады. Осылайша, Жүйнек ауылдық округіне қарасты 3 елді-мекендердегі маңызды көшелері жарықтандырылады. Сонымен қатар, Жүйнек елді-мекеніндегі Түркістан көшесінің қалған 3,5 шақырым жерін жарықтандырылып, Бәйтерек, Көктерек, Абай Құнанбаев көшелері жарықтандырылып қуаттылығы 250 кВт трансформаторлар орнату көзделген. Шекербұлақ елді-мекеніндегі Абылайхан және Ғ.Мұратбаев көшелерін жарықтандырып, қуаттылығы 250 кВт трансформаторлар орнатылады. Шыпан елді-мекеніндегі Бабыр және Ордабасы көшелерін жарықтандырып, қуаттылығы 250 кВт трансформаторлар орнатылады. Осылайша Жүйнек ауылдық округіндегі үш елді-мекенде бұрын қамтылмаған ондаған көшелер жарықтандырылатын болады.

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

ЖҮЙНЕКТІҢ ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРЫ

Жүйнектегі барлық ұйымдастыру шаралары негізінен Югнаки атындағы орта мектепте өткізіледі. Бүгінгі таңда 1500 орындық мектепте 1176 оқушы білім нәрімен сусындауда. Өткен жылы 54 мектеп бітірушінің 10-ы «Алтын белгі» алып, оны тестілік сынақта дәлелдеп, айды аспанға шығарған болатын. Өткен жылғы түлектердің 34-і мемлекеттік грантқа ие болды.

Биылғы жылы 59 мектеп бітірушінің үшеуі «Алтын белгіден» үміткер. Мектеп директоры Дильмира Файзиева жылда үнемі жоғары көрсеткіш бола бермейтіндігін алға тартады.

Ауданда үнемі жаңа бастамаларымен көрініп жүрген мектепте жақында «Мың бала» жобалық оқу тәрбие үдерісіндегі тиімділігі» тақырыбында осы мектепте семинар кеңес өткізілді. Онда мектеп директоры Дильмира Файзиева баяндама жасады. Осы мектептегі 2-11 сыныпқа дейінгі оқушылар арасындағы респубикалық «Оқуға құштар» байқау жарысына қатысқан оқушыларға 30 электрондық кітап сыйға тартылды.

2009-2010 жылы туғандар арасындағы волейболдан республикалық турнирде Югнаки орта мектебінің оқушылары топ жарды. Әсіресе, мектептің бокстан бапкері Шахзод Қаюмов дайындаған боксшылары Түркістан облысының атағын жаһанға жариялап келеді. Олар өткен жылдың өзінде үш рет республикалық жасөспірімдер арасындағы турнирлерде топ жарып, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраймовтың қолынан кубокты алған болатын.

Жертөледе жаттыққан боксшылардың ішінен бастапқыда Алматыдағы республикалық жасөспірімдер арасындағы бокстан ашық турнирде Сауран ауданы, Жүйнек ауылының он бір боксшысы топ жарды. Олар алты алтын, бес күмісті қанжығасына байлаған жүйнектіктер республикалық командалық есепте бірінші орынды иемденді.

Спортшыларға әлі күнге дейін дұрыс зал бұйырмай келеді. Жақсы жабдықталған бокс залы мен тиісті құрал-жабдықтары болса, жүйнектік жасөспірімдердің шаршы топтарда ел намысын қорғай алатын ерік жігерлері асқар таудай. Бекзат Саттарханов секілді жарып шығатындары қазірден көрініп тұр. Тек тіл-көзден аман болғай.

ЖҮЙНЕКТЕГІ ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР

ЖҮЙНЕКТІҢ ӨРЕН ЖҮЙРІГІ

«Жүйнек» ауылдық округінің тұрғындары Шекербұлақ елді-мекенінің тұсынан өтіп бара жатқан кезде, көзге көрінбес қаріптерімен шағын тақтайшасы бар, биіктеу төмпешіктің тұсынан бет сипап өтеді. Осында атақты «Ақиқат сыйы» дастанының авторы Ахмет Йүгінеки шын аты жөні – Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмудтың (12 ғасырдың соңы, 13 ғасырдың басы) осында жерленгенін естиді. Алайда, орта ғасырлық ақын, хакім, ойшыл туралы тым аз біледі.

Соған қарамастан Жүйнек ауылдық округінің орталығындағы еңселі орта мектептің аты Югнаки деп аталады. Яғни, жоқтың орнын толтырып, Йүгінеки өмірі мен шығармаларын зерттеу жас ұрпақты туған жерді сүюге тәрбиелеу ісі нақты осы орта мектептен басталуы керек еді. Алайда, бұл мәселе әлі күнге дейін кемшін қалып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, Ахмет Йүгінеки туралы тарихи сыр шертсек.

Ахмед Йүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тапшы. Зағип болып туып, фәни жалғанның жарық сәулесін көрмей бақиға озған Ахмет жастайынан ілім – білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан – жақты зерттеп – танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған.

Ақыл – ойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмет Йүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлең – жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерліктердің басы біріктіріліп, «Һибуат – ул – хақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын дидактикалық өлеңдер жинағына айналған.

Мазмұны, танымдық нәрі жағынан алғанда «Ақиқат сыйы» – Әбунасыр әл – Фараби, Махмуд Қашқари, Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи мұраларымен іштей астасып, 9 – 13 ғасыр аралығындағы түркі дүниесінің рухани қазыналарының жарқын туындысына айналды.

«Ақиқат сыйы» дастанының мазмұнынан айқындалатын мынадай құндылықтар жүйесі бар. Біріншіден, Алла тағала – абсолютті құндылық. «Өліні тірі, тіріні өлі етеді». Бүкіл құдіреттің иесі ұлы бір Құдай. Екіншіден, бақыт жолы тек білім арқылы танылады. Құны жоқ бақыр мысқа теңелгенше, білім арқылы жоғары көтеріліп ғалым болуды үндейді. Үшіншіден, дүние соңында қанша жүгіруге болады? Байлық пен кедейлік тек Алланың ісі. «Күллі қатенің басы – дүниеқұмарлық». Төртіншіден, жомарттық пен сабырлыққа ұмтылу. «Алла сабырлылықты сүйеді, өйткені әр қасіреттің соңы қуаныш». «Жақсылықты үміт етсең, сабыр ет». Бесіншіден, қулық – сұмдық, сұмырайлық, жауыздық, арамдық пен қаныпезерлікті біріктіретін залымдықтан сақтану. Ғалымның еңбек етуінен, оқымыстының би билеп, ән шырқауынан, тақуаның сиынуды қойғанынан қорықты. Бейбастықтарды тыятын адамдардың қалмағанын, олардың көбейгенін қынжыла айтты.

Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмет Йүгінеки мұрасының 14 – 15 ғасыр жасалған 3 түрлі көшірмесі, 3 түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі – 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбдін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол.

Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя – София кітапханасы қорында сақтаулы; 2 – нұсқа Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд әр – Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар, Стамбұлдағы Айя — София кітапханасында сақтаулы бұл жәдігерлікті Н.Әсім 1915 жылы, ал қаласының Маһмудов 1972 жылы алғаш жариялаған; «Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы 14 ғасырдың ақырында немесе 15 ғасырдың басында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбұлдағы Топ – Қапы сарайында сақтаулы. Сол сияқты «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген кісінің кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етіліп, кейін мүлдем жоғалып кеткен Ахмед Иүгінеки мұралары туралы дерек бар.

Ахмед Йүгінеки өз шығармаларында дүние жаратылысы мәселелерін ислам қағидалары негізінде түсіндіреді.

«Барлық нәрсе бір Алланың еркінде» екендігін және оның даралығын дәріптейді. Сол үшін де ақын мәңгілік өлім ұғымы жоқ, ол өмірмен алмасып отырады дейді: «Жоқ едім. Жараттың. Және жоқ қылып, екінші бар етерсің» немесе «Өліні тірі, тіріні өлі етеді».

Ал, тірліктің өлшемін білім арқылы белгілейді. Яғни, білімдіден пайда бар, пайдалы нәрсе – тірі, ал пайдасыздық – бос, өлі нәрсе. Олай болса, білім арқылы мәңгілік өмірге қол жеткізуге болады. Өйткені, «білімдінің өзі өлуі» мүмкін, бірақ «аты өлмейді».

Ахмед Йүгінеки үшін білім – көп білу емес, таным, ақиқатты білу. Ал, ақиқаттың негізі Аллада болса, оны да «білім арқылы тануға» болады. «Бақыт жолы білім арқылы білінеді». Білім ойдан, ізденуден шықса, оның пішіні – сөз. Тіл – жаратушымен байланыстырушы құрал, адам «күн сайын ерте тұрып, тілге жүгіну арқылы құлшылық етеді». Бірақ сөз адамға пайдасымен қатар зиянын да тигізуі мүмкін, ол тағы да адамның өзіне байланысты.

Сөз адамның ойлау қабілеті мен адамгершілік бейнесін бедерлейді. Ахмед Йүгінеки пайдалы мен пайдасыздың, ақиқат пен жалғанның нарқын өкініш айыратындығын «Қандай іс істесе де білімсіздің еншісі — енші, оған одан басқа өкініш жоқ», «Көп сөйлеген көп өкінеді», «Ашкөздіктің соңы — өкініш, қайғы – қасірет» деген жолдары арқылы байқатады. Өкініш мұнда этикалық нормалардың ара – жігін ажыратушы ұғым. Осы ұғымға сүйене отырып, біз Ахмет Йүгінекидің этикалық көзқарастарын анықтай аламыз.

Ахмед Йүгінеки үшін бұл дүниеде тұрақты ешнәрсе жоқ, бәрі де өзгереді. «Жас қартаяды, жаңа ескіреді», «Барлық толған нәрсе азаяды, түгел кемиді». Сол себепті бұл дүниенің қызығы да жалған, өткінші. Мұнда «менікі» деген жоқ. Өйткені, «менікі дегенің» ертең «өзгелердің еншісі» болып шығады. Сондықтан дүниеқорлық пен ашкөздік адамға бос бейнет әкеледі. Ал, оны ойлай берсең, ол сенің тек «уайым – қайғыңды көбейтеді», «одан да еңбек ет» деп тұжырымдайды.

Кішіпейілділік пен жомарттықты, сабырлылық пен көнбістікті мадақтайды. Дастанның ХV ғасырда қайта көшірілген нұсқасында мынандай жолдар бар:

Ахмед Әдиб – атым, үлгі – сөзім,

Қалады мұнда сөзім, кетем өзім,

Күз келер, жаз да кетер, өмір де өтер,

Сонымен жұмылар да екі көзім.

Әкемнің аты – Махмуд Йүгінеки,

Әдіб Ахмед ұлымын оның яки.

Әдібтің туған жері Жүйнек деген,

Жемістің барлық түрі түйнектеген.

Аталған қала жұрты қазіргі Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округінде жатыр. Йүгінеки өз дастанын арнайы әскер басыға тарту еткен болатын. Арнайы баспасы болмаған сонау ықылым замандарда «Ақиқат сыйы» сияқты әйгілі шығармаларды каллиграфистер қолмен көшіріп, елге тарататын болған. Сөз болып отырған дастанның бүгінгі күнге осындай үш қолжазба нұсқасы жетіп отыр. Олардың екеуі ұйғыр тілінде, біреуі араб тілінде жазылған екен.

Шығарманың қолжазбасы табылғаны туралы түрік ғалымы Нәжіп Асим алғаш рет 1906 жылы хабарлама жариялаған болатын. Асим ғалым бұл еңбекті түрік тіліне аударып, 1916 жылы жеке жинақ етіп бастырған еді. Осы ғылыми жаңалық жарияланысымен «Ақиқат сыйын» зерттеуге деген әлемдік түркологтардың қызығушылығы күрт өскен болатын. Түркі тілдес халықтардың жазба ескерткіштерін мейлінше терең зерттеп, ғылыми тұжырымдама жасауға айрықша атсалысқан ғалымдар: Е.Бертельс, С.Малов, Қ.Махмудов, В.Радлов, Т.Ковалевский.

«Ақиқат сыйы» да осынау әлемдік деңгейдегі түркологтар назарынан тыс қалмады. Олар аталған үш нұсқаны қатар алып, салыстыра зерттей отырып, жырдың толық мәтінін қалыптастырған болатын. Ал, түрік ғалымы Рашид Арат дастанның толық мәтінін әзірлеп, оны 1951 жылы жинақ етіп шығарды.

Қазақ ғалымдары да «Ақиқат сыйын» зерттеуге айрықша еңбек сіңірді. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы жырдың араб әрпіндегі нұсқасын кирилл әрпіне түсіріп, аударған болатын. Сондықтан да, бұл дастан филология ғылымдарының докторы, профессор Әбіжан Құрышжанов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлының аударуымен 1985 жылы «Ғылым» баспасында қазақ тілінде жарық көрген еді.

Білікті білім жинап, кәсіп етер,

Білімнің дәмін татып, өсіп өтер.

Білдірер білімді елге білім сырын,

Біліксіз білімді аттап, бөсіп өтер.

Алла Өзін білімменен құт етеді,

Қайырсыз надандықты жұт етеді.

Білімді үйренбеген талай қауым

Құдайды қолдан жасап, пұт етеді…

Жұмсармас, иілместі жомарт иер,

Мұрат та қол жетпейтін бұған тиер.

Өмірде жақсы мінез – жомарт деген,

Сараңға оған жақсы сөз ермеген.

Берген қол бәрінен де құтты болар,

Сол жаман – ала біліп, түк бермеген.

Сөз есепсіз – тіліңді тый, тарта ұста,

Тыймаған тіл басыңа сор әр тұста.

Есепті сөз – ер сөзінің асылы,

Мылжыңдықты жау деп ұғын тартыста.

Ақылды ма, көп сөйлеген күпіне,

Талай бастың тіл жетті ғой түбіне.

Оқ жарасы жазылады, бірақ та

Тіл жарасы жазылмайды: түбі не?!

Міне, артына осындай өшпес із қалдырған Ахмет Йүгінекидің мұрасын зерттеп, зерделеу осы Югнаки мектебінен басталып, археологиялық қазба жұмыстарына кірісетін кез келді. Оның аржағында ежелгі Сауранның көне мекендері ретінде туристерді тартудың жайын ойластырған жөн.

– Жүйнек ауылдық округінде Югнаки мектебі бар. Бізде бір жазбаларда Үгінеки, Йүгінеки, Югнаки деп әртүрлі жазып жүр. Мұны ғылыми түрде бір ізге түсіру керек. Одан кейін өзбек ағайындардың ішінде Югнаки деп өздеріне телитіндері де бар. Бірақ бұл ғұлама ХІІ ғасырда қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген тұста өмір сүрген ғалым. Сондықтан оны түбегейлі зерттеу барысында бөле-жарудың қажеті жоқ. Түркіден шыққан ғұлама,-дейді жүйнектік ақсақал Оразгелді Мырзабеков.

Ескендір ЕРТАЙ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.