ЖҰРТЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН ДЕСЕК...

ЖҰРТЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН ДЕСЕК…

10 просмотров

ЖҰРТЫМЫЗ АМАН БОЛСЫН ДЕСЕК...

Ауру айтып келмейтіні рас қой. «Сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар. Бүкіл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту өзімізге ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де зиянын тигізіп жатқанын көріп жүрміз. Сол себепті де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мұсылман қауымын жаназа намазы мен Құдайы астарға қатысудың ережесін бекітті. Соған сәйкес, әр аймақта жаназа намазына бір ғана діни қызметкер мен отбасының жақын туыстары ғана, жалпы саны 30 адамнан артық жиналмауы тиіс. Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитариялық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтап, өзіне және өзгелерге жанашырлық танытуы өте маңызды.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», — деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз — Жаратқанның бізге берген аманаты. Сол аманатқа қиянат жасамау өз қолымызда екенін естен шығармайық.

Елімзде қазіргі таңда карантин шектеулері жеңілдетілді. Соған қарамастан індеттің тарауы тоқтаған жоқ. Аурудың тарауы сәл де болсын бәсеңсіді. Енді індетті толығымен жеңіп шығу үшін әлі де күресті жалғастыра беруіміз қажет. Елімізде бірқатар нысандарға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда олар қатаң санитариялық шараларды атқаруы керек. Бұл сіз бен біздің денсаулығымыз үшін аса маңызды. Ертеңгі күні індеттің қайта өршіп кетпеуі үшін сақтық шаралары барынша сақталуы тиіс. Адамдардың денсаулығы бірінші орында болуы керек. Осы қағиданы әрбір кәсіпкерлік нысанының иесі жете түсінеді деп ойлаймын. Халқымыздың денінің саулығынан артық не бар?! Осыны санамызға құйып, жүзеге асыра алсақ, індеттің де беті қайтады.

Шариғатта қандай да жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда шектеу шаралары қажет екені атап айтылған. Сол себепті қазіргідей көзге көрінбейтін қауіпті індет тараған кезде оның алдын алу — әрбір мұсылман баласы үшін ортақ міндет.

Ежелгі ата-бабаларымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», —  деп даналық сөз қалдырған. Осынау қиын сәтте сабыр сақтап, сақтық шараларын қатаң орындап, Алладан елдің амандығын сұрауымыз керек. Бұл — белгілі бір топтың ғана емес, баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.  Ибн Омар (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: Әмірші бақташы саналады және өзінің баққанына жауапкер, еркек өзінің жанұясына бақташы және өзінің баққанына жауапкер, әйел де күйеуінің үйі мен балаларына бақташы саналады және баққанына жауапкер…» (Бухари, Муслим).

Халқымыз бұл сынақты да сабырмен еңсеріп шығады. Сондықтан алда қалыпты өмірге қайта оралып, игі істерде басқосуды жазсын! Алла тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтасын!

Жүсіпбек ҚАСЫМБЕКОВ,

Түркістан қаласының бас имамы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *