ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРМАҚ

ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРМАҚ

6 просмотров

ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРМАҚ

Былтырғы жылдың мамыр айынан бастап Түркістан жеткіншектерін кәсіпқой футболға баулитын спорттық клуб жұмысын бастаған. Қазір мұнда ақылы негізде 6 мен 15 жас аралығындағы болашақ аяқ доп шеберлері жаттығуда.

Жаттығу үш топтық кезең бойынша жүргізіледі. I топқа – 2005-2006, II топқа – 2007-2009, III топқа – 2010-2014 жылдар аралығында туылған жеткіншектер іріктеліп алынған. Жаттықтырушы Жасұлан Елеусіз шәкірттерінің Шымкент қаласының футболшыларымен достық кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасып тұруы дәстүрге айналып отыр дейді.

Басты мақсат – Түркістан облысының атынан республикалық доп додаларында бақ сынайтын балаларды резервке дайындау һәм шаһардың бренд клубын жасақтау. Негізінен мұнда жиырмадан астам футболшы аптасына 3 күн жаттығады.

Нұр-Сұлтан қаласынан рухани астанаға көшіп келген Ернұр Әбілқасым Instagram желісі арқылы футбол клубы жайлы хабардар болып, кәсіпқой футболмен айналысуға бел буады. Бала күнгі арманы екенін айтқан спортшы ата-анасының рұқсатымен арманын орындауға әрекеттенуде. «Төрткүл дүниеге танымал футболшы болғым келеді», – дейді ол. «Қайрат» ФК-ның бұрынғы шабуылшысы Бауыржан Исламханды өзіне үлгі тұтады.

Шымкент қаласынан келіп облыс орталығында футбол клубын ашу идеясын жүзеге асырып отырған азаматтың есімі – Дәурен Құрманбеков. Спорт жанашыры «Ордабасы» ФК құрамында ойнаған. Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының түлегі өзі тәлім алған мектепте футболдан жаттықтырушы болып қызмет етіп жүр.

«Футболмен кәсіби түрде айналысуды жандандыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Шымқалада менің тағы осындай 3 клубым жұмыс жасауда. Бір отбасында бірнеше бала келіп қатысатын болса оларға жеңілдік қарастырылған. Алдағы уақытта спорт мектебін ашып, футболшы боламын деген жастарды жатын орынмен, жасыл алаңмен қамту ойда бар. Әзірге «Шайхислам» аренасын жалға алып, жаттығу процесін жүргізудеміз. Шәкірттерімізден күтер үмітіміз көп. Барлығына уақыт төреші. Биік белестерден көрінерімізге сенемін»,- дейді ол.

Түркістанда УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкес келетін алаң салынуда. Сыйымдылығы 7000 адамға лайықталған орталық стадион мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нысан құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жүргізуде.

Алдағы уақытта мұнда футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының премьер-лига, бірінші және екінші лига командаларының тартысты ойындары өтеді деп жоспарланып отыр. Мүмкін спорт клубының ойыншыларына болашақта тарихи нысанның жасыл алаңында доп тебу бақыты бұйырар деген үміттеміз. Тіптен мұндағы жеткіншектердің жоғары лигада ойнауға лайықты спортшы болып қалыптасып жатқанына сенім білдіреміз. Себебі ұлы мұратқа қол жеткізу – кішкентай арманнан бастау алады.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *