ЖЕҢІСТІ ДЕ ЖЕМІСТІ КҮНДЕРІМІЗ КӨП БОЛСЫН

ЖЕҢІСТІ ДЕ ЖЕМІСТІ КҮНДЕРІМІЗ КӨП БОЛСЫН

5 просмотров

ЖЕҢІСТІ ДЕ ЖЕМІСТІ КҮНДЕРІМІЗ КӨП БОЛСЫН

Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спорттың дамуына барлық жағдайдың жасалып жатқаны белгілі. Әсіресе, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап осы салаға ерекше көңіл бөлініп, еліміздің әр түкпірінде көптеп спорт нысандары салынды. Сондықтан болар, елдің мерейін асыратын спортқа ден қойған отандастарымыздың қатары жылдан жылға артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда киелі қаламызда көптеген спорт нысандары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні атап өтіледі. Биыл спорт күнін айтарлықтай жетістіктермен қарсы ала алмай отырмыз. Бұған жер әлемді шарпыған коронавирус індеті салқынын тигізді. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты бүгінде спорт түрінен халықаралық турнирлер, іріктеу бәсекелерінің бәрі уақытша тоқтатылды. Дегенмен, спортшылар жаттығуды үзген жоқ. Спорт күні қарсаңында карантинге қарамастан қашықтан жұмыс жасап отырған қаламыздағы спорт мектептері мен нысандарының тіршіліктері жайлы атап өтуді жөн санадық.

Қала әкімдігінің спортты дамыту бөлімінің (бөлім басшысы Қуатбек Айдарбеков) мәліметіне сүйенсек, Түркістан қаласында 194 спорт нысандары оның ішінде: 2 стадион, 5 спорт кешені, 133 спорт ойын алаңдары, 7 теннис корты, 4 жүзу бассейні, 43 спорт залдары бар. Онда жерлестеріміз спорттың 12 түрімен айналысады. Атап айтсақ, волейбол, бокс, таеквондо, тоғызқұмалақ, баскетбол, қазақ күресі, самбо, үстел теннисі, футбол, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес спорт түрлері. Бөлімге қарасты 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар. Аталмыш спорт мектептерінде спорттың 12 түрінен 2196 баламен 56 жаттықтырушы жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында 3 жылға 140581 мың теңге көлемінде «Тарлан батырлары» ЖШС сервистік қызмет көрсету келісім-шарты жасалып, 350 оқушы спортпен шұғылданады. Нәтижесінде, 34 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар 2018 жылы сәуір айынан бастап «ССК Астана» ЖШС кәсіпкерлік есебінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында 5 жылға 251072 мың теңге көлемінде келісім-шарт жасалынды. Мұнда қазірде 432 оқушыға 29 жаттықтырушы сабақ береді. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап 2 мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында «Береке», «Қайрат» спорт клубы мен спорт мектебі ашылып, 7-18 жастағы спортшылар саны 576 балаға артып отыр.

Ал, 1999 жылғы 2 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық спортты дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарлама туралы» №3276 ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына бейімдеу, спорт және дене тәрбиесімен жүйелі түрде шұғылдану мақсатында, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойының қарсаңында, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың 1999 жылғы 24-ші желтоқсандағы №220 шешімімен Түркістан қаласында олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер кешенді мамандандырылған спорт мектебі ашылды. Оған Кентау қаласы бөлімшелері және Түркістан қаласына жақын орналасқан ауылдық жерлер қосылды.

Қазіргі таңда мектепте (мектеп директоры Дәурен Тәңірбергенов) 8 спорт түрі 7 бөлім тұрақты түрде жұмыс істеуде. Олар: бокс, дзюдо, таэквондо, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, самбо, тоғызқұмалақ. Сонымен қатар, мектепте барлығы 106 қызметкер – 53 жаттықтырушы, 26 әкімшілік қызметкер, 27 шаруашылық қызметкер қызмет етеді. Олардың төртеуі ҚР-да еңбек сіңірген жаттықтырушылар. 942 бала тізім бойынша 312 бала қосалқы топта. Спортшылар спорттың 8 түрімен тұрақты түрде шұғылдануда, олардың арасында 5 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 56 ҚР спорт шебері бар.

Бүгінгі таңда аталмыш спорт мектебі Түркістан облысы әкімдігінің №245 қаулысына байланысты 2018 жылғы тамыз айының 22-ші жұлдызынан бастап «Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып аталады.

Соңғы жылдары Түркістанда су спорты дамып келеді. Бұған қаламызда Түркістан су спорт кешенінің ашылуы басты себеп болды. 2014 жылдан бастап Түркістан су спорт кешенінің құрылысы аяқталған соң «Оңтүстік Қазақстан облысының Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің» балансына өткізіліп атауы өзгертілді. Түркістан облысы әкімдігінің №267 27.11.2019 жылғы қаулысымен өз алдына Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Орталық су-спорт кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды.

Қазіргі таңда кешенде (басшысы Ғалымжан Худияров) суға жүзу спорты түрлерінен жаттығулар жүргізілуде. Су спорт кешенінің: жер телімінің ауданы 1.1895 га., ғимараттың жалпы ауданы 1785,37 м , ғимараттың пайдалы  көлемі  1850,64 м , бассейннің ваннасының ұзындығы 25,00 м., ені 11 м., ваннаның тереңдігі 1,80 нен 2.00 м., белгіленген жүзу 4 жолағы бар.

«Орталық су-спорт кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 9 топ жасөспірімдер (117 оқушы) суға жүзуден әр топта 13-14 баладан жаттығуда. Қазіргі таңда спортшыларымыз облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтсақ, Мадияр Сейділда, Бағдаулет Абдураймов, Жамшит Ирсметов жүзуден ел біріншілігінде жүлделі орындарға қол жеткізді.

Жалпы алғанда, киелі өңірдің спорты жылдан жылға дамып келеді. Облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы бері қалада жаңа спорт нысандары салынуда. Құдай бұйыртса, осы спорт нысандарынан келешекте облыстық, республикалық, халықаралық дүбірлі жарыстарда биік шыңнан көрінетін спортшылар шығады деп сенейік. Ал, спортшыларымыз бүгінгі күннің басты талабы төтенше жағдай енгізілген мерзімде қашықтан оқып, спорттық формасын сақтауы тиіс. Бұл алдағы күндерге негіз болары анық. Ендеше, жеңісті де жемісті күндеріміз көп болсын. Мерекелеріңізбен, қадірлі спорт ардагерлері мен спортшылар!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *