Жол қатаң қадағалауды қажет етеді

Жол қатаң қадағалауды қажет етеді

16 просмотров

Жол қатаң қадағалауды қажет етеді

Шақпақ баба бекеті маңынан республика бойынша барлық көлік түрлері жүріп өтеді. Таяуда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Түркістан жолы – адалдық алаңы» көшпелі бақылау бекеті республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының Шақпақ-баба елді мекенінің маңына қойылып, ауыр көліктердің жүруі қадағаланды. Көлік бақылау бекетінің негізгі қызметі ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы № 162 бұйрығымен бекітілген. Облыс бойынша үш көлік бақылау бекеті бар. Рейдке қатысушылар аса ауыр және ауыр салмақты автокөліктерді тоқтатып, заң шеңберінде тексеріс жүргізді.
Шынында, кейбір ірі жүк тасымалдаушы компаниялар, жеке кәсіпкерлер заңда көрсетілген нұсқау-қағидаларға бойұсұнбай, қарапайым халықтың наразылығын тудыруда. Халықтың бұл талабы дер кезінде ескерілді. Арнайы жасақ құрылып, бақылау жұмыстары күшейтілді. Рейдке «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Дәурен Ғаниұлы, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, полиция қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Бақылаушылар автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізіп, жол-көлік қауіпсіздігін арнайы бақылады. Сонымен бірге, жол жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректеріне зерделеу жүргізді. Арнайы рейдтік шара барысында 50-ден астам ауыр жүк көлігі тексерілді. 12 көлік иесіне ескерту жасалып, алтауына әкімшілік айыппұл салынды.
«Түлкібас ауданына арнайы рейдтік жұмыстарды жүргізу үшін келдік. Жол салуға және оның күтіміне республикалық бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Соны біле тұра кейбір көлік жүргізушілері ережені қасақана бұзады. Бұған жол бермеуіміз керек. Сондықтан біз заңда көрсетілген тәртіп бойынша жұмыс істедік. Мәселен, ауыр салмақты көліктерге 25 тоннадан артық жүк артылмауы тиіс. Бұған көліктің салмағы қоса есептелінеді. Егер жүгі 25 тоннадан артса, жүргізуші не сол көлікке ие болып отырған компания заң бойынша жауапқа тартылады. Мәселен, жүк көлігінің орташа салмағы 15 тонна болса, оған қосымша 10 тоннадан артық жүк тией алмайды. Жүкті шамадан тыс тиеу жолдың жарамсыздануына әкеліп соқтырады. Миллиардтаған қаржы жұмсалған тасжолдарды қалпына келтіру оңай шаруа емес» дейді Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Баукен Назарбеков.

Айгүл СҮНДЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *