«Жол саласына жастарды тарту қажет»

«Жол саласына жастарды тарту қажет»

78 просмотров

«Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Сейітжан «Жол саласына жастарды тарту қажет»

  1. «Жол саласына жастарды тарту қажет»

Тамыз айының екінші жексенбісі — құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай жол құрылысының білгірі, ардагер жолшы Сейітжан Кәрімұлы Мамбетовпен сұқбаттасуды жөн көрдік.

Сейітжан Мәмбетов — 1952 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Қыдыр Мәмбетұлы ауылында туған. 1969-1974 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында «Құрылыс бұйымдары, өндіріс және оның конструкциясы» мамандығы бойынша жоғары білім алды. 1997-1999 жылдары «ШЫМКЕНТАВТОДОР» ҚК мекемесінде қауіпсіз қозғалыс, жол және байланыс қорғау бөліміне басшылық етті. 1999-2016 жылдары «Қазақавтожол» РМК ОҚО филиалының директор орынбасары, директоры лауазымында қызмет атқарып, 2015 жылы зейнетке шықты. ҚР Президентінің «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталды.

— Сейітжан Кәрімұлы, жарты ғұмырыңызды жол саласына арнапсыз! Оқуға түскен 1969 жылдан зейнетке шыққан 2015 жыл аралығын есептесек, табаны күректей — 47 жыл. Өте тәжірибелі маман, ардагер жолшы ретінде айтыңызшы, еліміздегі жол сапасына әсер етуші басты фактор не?
— Бірнеше фактор бар. Жолдың кемістігі — кәсіби мамандардың жетіспеушілігінен, сосын жобалық- сметалық құжатнаманың шикілігінен шығады. Жобалық- сметалық құжат алдын-ала жасалады. Шығындары алдын-ала есептеледі. Құрылыс басталғанша арада ұзақ уақыт өтіп кетеді. Ал, баға күн сайын құбылып, күнде өсіп жатыр. Құрылыс материалдары да қымбаттап кетеді. Бұл өз кезегінде жол сапасына әсер етеді.

— Жол саласындағы кадр жетіспеушілігін толық тарқатсаңыз…
— Маман мәселесі күрделі және маңызды мәселе. Жол саласына қызығатын жастарды тарту қажет. Әйтпесе, насихаты аз. Машақаты көп. Сондықтан жастар осы саланы таңдай тұра, жұмысын қиынсынып, басқа салаға бет бұрады. Олар бір нәрсені білу керек, жолшылардың айлығы –жақсы. Бұл салада жоғары білімді мамандар тапшы. Әсіресе, құрылыс инженерлері, геодезия, картограф, механик, дизайнер, метеоролог, сметашы, зертханашылар керек. Сондықтан ардагер ретінде айтарым, айналайын мектеп бітірушілер, нарықтағы сұранысқа ие мамандықты таңдаңыздар! Заңгер, қаржыгерлер елімізде онсыз да көп.

— Биыл елімізде бірқатар республикалық маңызды жолдар ақылы жүйеге көшпек. Бұған өре-түрегеліп, қарсы шыққандар да көп. Құрметті жолшы ретінде осының мән-маңызын айта аласыз ба?
— Ақылы жолдар керек. Бірақ халықтың қалтасына тура келетіндей болу керек. Одан түскен қаржы сол жолға дұрыс жұмсалатын болса, онда бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Өйткені біздің елімізде жол құрылысына ақша бөлінгенмен, сол жолдың күтіміне жеткізілікті ақша бөлінбейді. Жолдың бұзылуы климаттық жағдайға да байланысты. Салынған жолдың көп ұзамай ыдырауы — құрылысын қадағалаған техникалық бақылаушыларға да байланысты. Олар дер кезінде тексеріп қарамаған. 5 жыл ішінде кепіл берген мердігерлер қайта қалпына келтіруге міндетті. Жолды заманауи, кәсіби деңгейде тексеретін жалғыз мекеме — Жол активтері ұлттық сапа орталығы дер едім. Жол саласына жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бұл мекеме соның мақсатты жұмсалуын қадағалайды.

— Қазақстандық ірі құрылыс компаниялар жол саласынан кетіп жатыр. Ал түк техникасы жоқ мекемелер жол құрылысымен айналысады. Бұл қалай?
— Бәрі жаңағы айтқан бағалауға, жобалық-сметалық құжатқа байланысты.
Үлкен мекемелердің жолды жақсы салып шығуға қабілеті жетеді. Ал кіші кәсіпкерліктер алып құрылысты жүзеге асыра алмайды. Мен өзім қызметте жүрген жылдары да осындай жағдайлар орын алған. Басшылық қызмет атқарғанымда техникасы да білікті мамандары да жоқ адамдар келіп менен техника жағдайларынан көмек сұраған. Олар арендаға алып істейміз дейді. Ал ондай нәрсе болмайды. Өз техникасы, адамдары болмаған мердігерлер шығынға батады.

— Ауыр жүк көліктері жолға қалай әсер етеді?
Жүк көліктері жолға зиянды жағынан көп әсер етеді. Өйткені салмақ көп болады. Көліктік бақылау комитеті тексеріп, шамадан тыс салмақты өлшеп айыппұл салғаннан не пайда? Егер ол ауыр салмақпен қаншама жолды жүріп өтсе… Сондықтан оның алдын алатын жағдайды жасау қажет. Салмақты бір жүйеге келтіруді көлік басқармаларынан бастау қажет. Өзім Германияда болдым. Біздің елдің жолдары да сондай дәрежеге жетсе деп армандаймын. Ол үшін саладағы бақылауды, жауапкершілікті күшейтіп, жемқорлықты жою керек. Әлгінде айтқандай жолды кім-көрінген салмауы керек, тек техникасы түгел, кәсіби кәнігі маманға беру керек. Шымшық сойса да, қасапшы сойсын!

-Сұқбатыңызға рақмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.