Табиғаты шұрайлы Түлкібас ауданы өзінің таңғажайып табиғатымен ғана емес, жеміс-жидек пен сан алуан түрлі өсімдіктер өсетін өлке болып ерекшеленеді.
Түлкібас ауданына қарасты Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне кіретін Тау Пістелі аймағы мен Машат шатқалының басты ерекшеліктерінің бірі – тау пістесі. Тау пістесі дегеніміз – фисташка. Мұның кереметі – көктемде. Көктемде тау пістесі гүлдегенде, оның хош иісі бүкіл ауыл аумағын жайлап кетеді. Кәдуілгі тікенекті бұтада өсетін жаңғақ секілді пісте. Бір ағаштан ары кеткенде екі-үш келі пісте алуға болатынын айтады мамандар. Тамыз айының аяғынан бастап қыркүйектің ортаса тұсына дейін пісте толығымен піседі. Түлкібастық тау пістесінің орта Азия елдерінде өсетін пістеден ерекшелігі көлемі кішірек келеді. Ал құрамы 2 есе майлы яғни, құнарлы. Тәттілігі тіл үйіреді.
Тау пістесін көшеттен өсіру өте қиын. Аталық пен аналық көшетін бір жерге отырғызу керек дейді мамандар. Оның өзі алып кетуі екі талай. Алып кеткен жағдайда алғашқы жемісін 30 жылдан соң бере бастайды.
Ата бабамыз талдың бұл түрін киелі ағаштардың қатарына жатқызған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша ашаршылық кезінде тау пістесін ас ретінде пайдаланған. Соғыс кезінде қалың болып өсетін ағаштың арасына тығылып, жаудан аман қалған жағдайларда болған екен.