ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ

Білімнің де, тәрбиенің де негізі мектепте қаланады. Білім мекемелерінің саны артқан сайын еліміздің болашағына деген сенім де нығая түсері белгілі. Бүгін Түркістан қаласында ашылған жаңа мектеп те түркістандық өрендерді білімнің биік шыңына бастайтындығы анық.
Жаңа оқу жылында түркістандық мектептердің қатары тағы біреуге артты. Отырар мөлтекауданында 900 орынды жаңа №28 мектеп-лицейінің лентасы қиылып, оқушылар жаңа мектептің партасына отырды. Жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын жаңашыл мектептің ашылуына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен яғни «Білім күнімен» құттықтады. «Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ендеше, осы жаңа мектептің табалдырығын алғаш аттағалы отырған Сіздерді — үздік оқып, ел үмітін ақтап, еліміздің патриот азаматы болатындықтарыңызға сенемін. Қолдарыңызға алғаш алған «Әліппе» оқулықтарыңыз құтты болсын! Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және бүгінгі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол жетістіктерге қол жеткізуді тілеймін!» деген Өмірзақ Естайұлы жаңа білім ордасын аралап көріп, ұстаздардың еңбегіне сәттілік тіледі. Бұл мектеп-лицей оқушылардың заманауи білім алуларына жол ашады. Мектепте барлық заманауи пән кабинеттері қарастырылған. Мұнда білікті ұстаздар тереңдетіп білім беретін болады.
Айта кетерлігі, биыл жаңа оқу жылын Түркістан қаласындағы 33 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп 45248 оқушымен бастап отыр. Олардың ішінде 4221 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қолдарына жаңа «Әліппені» ұстады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *