
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев ескі қалашықтың тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар аудан әкіміне өзекті деген мәселелерін жеткізді.
Қаламыздың ең үлкен даңғылдарының бірі саналатын Д.Қонаев жолайрығының салынуына байланысты туындаған қиыншылықтар ортаға салынды. Аудан әкімі жауапты мердігерлермен кездесіп, аталған мәселелердің 2-3 күннің ішінде шешімін табатынын айтты. Жолайрық құрылысы қала үшін маңызды жобалардың бірі екенін айтқан ол уақытша туындаған қиындықтарға тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырды.
Қазіргі уақытта кез келген ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндігі зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауларды мүлт жібермеуіміз керек, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, тұрғындар ескі қалашыққа 2 балалар алаңшасын салу жөнінде өтініштерін білдірді. Аудан әкімі бұл мәселені демеушілермен талқылап, жақын арада оң шешімін табатынын айтты.