ШЫМКЕНТ: Бес мың кәсіпкер жеңілдетілген несие алды

Биылғы бірінші жартыжылдықта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 30,9 миллиард теңгенің несиесі берілді. Бұл қаржы бес мыңнан астам кәсіпкерге беріліп, оның біразы бизнесін ұлғайтса, тағы біразы заманауи қондырғыларға қол жеткізген. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер арасында бизнесін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер де бар.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге жүгінсек, несиенің басым бөлігі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында берілген. Атап айтсақ, ірі қара малдың аналығын сатып алу үшін 1,7 мың жоба мақұлданып, оған 7,5 миллиард теңге бөлініп, барлығы 25,5 мың аналық мал сатып алынған. Ұсақ мал сатып алу бойынша 600 жобаны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлініп, 56,3 мың қой-ешкі сатып алынған. Бір жарым мыңға жуық кәсіпкерге жылқы сатып алу үшін 7,4 миллиард теңге бөлініп, 21,3 мың жылқы сатып алынған. Сондай-ақ, түйе, ешкі, құс, қоян, тағы басқа да үй жануарларын өсіруге ынталы шаруалар да бұл жеңілдіктен шет қалмаған.
Аталған қор «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері арқылы берілетін несиелерге кепілдік беретін оператор ретінде де танылып келеді. Айталық, микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестерінен несие алғысы келген кәсіпкердің кепіл мүлкінің құны жетпесе, Қор несие қаржысының 95 пайызына дейін кепілдендіреді. Бірінші жартыжылдықта аталған ұйым мен серіктестік берген несиеге жалпы сомасы 200 миллион теңге болатын 63 кепілдеме берілді. Сонымен бірге, бүгінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін екінші деңгейлі банктер берген несиелерді де кепілдендіру жалғасып жатыр.
Айта кету керек, қор 2017 жылдан бері осы бағдарламаның қаржы операторы болып табылады. Одан бері жалпы сомасы 13,5 миллиард теңге болатын 2,8 мың шағын несие «Еңбек» бағдарламасының қаржысынан берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *