
Алматыда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген ShortAnimaDoc қысқа метражды, анимациялық және деректі фильмдердің көрсетілімі басталды.
Алғашқы көрсетілімге кинематографистер, киносыншылар мен түсірілім топтарының өкілдері қатысты. Жиынға қатысушыларды ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов пен ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбілдинов қарсы алды.
Іс-шара елімізде кинематография саласының қалай дамып келе жатқанын, оның заманауи трендтері қандай екенін және киноорталықтың көмегімен түсірілген картиналар көрерменге қаншалықты қызықты екенін көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
«Біз келесі жылы бұл көрсетілімдерге мемлекет қаржыландырған фильмдерді ғана емес, тәуелсіз студиялардың да өз контентін ұсынып, қатысқанын қалаймыз. Сонда біз отандық кинематографияның қазіргі жағдайын толықтай көре аламыз», — деді Б.Шүкенов.
Алдымен бағдарлама бойынша екі анимациялық фильм – Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» және Иван Ардашовтың «Кенже қыз» мультсериалы көрсетілді. Аталған мультфильмдер балалардың көңілінен шықты.
Ардагер режиссер, қазақ анимациясының дамуына елеулі үлес қосқан Тамара Мұқанова қазақстандық жас аниматорларға сәттілік тіледі.
«Бұл премьераға келерде толқығанымды жасырмаймын. Мен жастар үшін алаңдадым, себебі, біріншіден — бұл сериал, екіншіден – күрделі тақырып. Бірақ жастардың жұмысы мақтауға тұрарлық. Олардың өз тілі және өзіндік стилі бар. Қазақстандық жас аниматорларға ризашылығымды білдіремін», — деді Тамара Мұқанова.
Көрсетілім соңында режиссер Иван Ардашов «Бұл жай ғана мультик емес» атты тақырыпта шеберлік сабағын өткізді. Жиналған көрермен жас кинематографистің айтқандарын қызығушылықпен тыңдады.
ShortAnimaDoc үш күнге созылады. Көрсетілім барысында үш деректі және жеті қысқа метражды фильм көрерменге ұсынылады. Олардың қатарында Шэньчжэньдегі (Қытай) халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» номинациясы бойынша, Түркиядағы GOLDEN WHEAT AWARDS кинофестивалінде «Үздік режиссер», «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша, «Мерген» және VI Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің «Үздік сценарий», «Үздік монтаж» жүлдесін жеңіп алған «Граната» мен «Көше ақыны» сынды картиналар бар.