МАЦУО БАСЁ. ҮН-ТҮНСІЗ ЖҮГІРДІ ТАМШЫЛАР…

* * *

Шөп те жым-жырт,  тыншыды,

Кім бар енді еститін

Бетегенің сыбдырын.

 

* * *

Міне, саған білімпаздық өнеге!

Иісі жоқ гүлге де

Иіп тұрар көбелек.

 

* * *

Ағаштар көктемгі жаңбырға малшынар,

Бұтақтан бұтаққа

Үн-түнсіз жүгірді тамшылар.

 

* * *

Көкек ұшты алысқа қанаттарын қаққылап,

Ал дауысы жайылып,

Су бетінде жатты ұзақ.

 

* * *

Менің аядай бөлмемді сол түнгі,

Терезеден Ай үңіліп,

Төрт бұрышын сәулеге толтырды.

 

* * *

Гүлдер солады,

Ұшады тұқымы

Көз жасы секілді.

 

* * *

Жылт-жылт еткен шықтың да

Мұн татитынын ұмытпа.

 

* * *

Қыстың қаһарына қарамай,

Көбелектің жүрегінен

Қанат өсіп шығады.

 

* * *

Ай, сен қайда кеттің?

Шым батқан қоңыраудай,

Теңіз түбіне тығылып…

 

* * *

Той тарқады,

Цикадалар әндерін

баяу ғана айтады.

 

* * *

Суда ойнаған балықтар

Ұстап алсаң,

Қолыңда еріп кетеді.

 

* * *

Көбелектің қанаты,

Оят мына даланы,

Күнді күліп қарсы алсын.

 

* * *

Бұршақтың сатыр-сұтырын естідім.

Мына кәрі емендей

өзгермеген мен ғана.

 

* * *

Қоштасу жырымды

Желпуішке жазып кетсем деп едім,

Ол да сынды қолымда.

 

* * *

Тұман мен күзгі жаңбырдан

Фудзи жасырынып тұрса да,

Жүрегімді шат-шадыман етеді.

 

* * *

Моланың мүк басқан тасының астынан

Өңіңде ме, түсіңде ме,

Дұға айтып, сыбырлайды бір үн.

 

* * *

Күзгі алагеуімде

Қас қағымдық ғұмырдың

бос уақыты аш ішекше шұбалар.

Аударған Сағыныш Намазшамова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *