
ШАҺАР. ҮНСІЗДІК
Қалаға жауды қар,
Қамкөңіл бақтарға,
Сүреңсіз қыркүйек ұқсайды ақпанға.
Тәні мұз гүлзардың жүрегін тілгілеп,
Маңдайға ұрады мазасыз түнгі леп.
Тізесі Есілге ентелеп тоқтаған,
Анау сұр үйлерден бір жылу жоқ маған.
Сен келер жолдардың бәрі де ақ боран,
Сен өтер сулардың бәрі де ақ боран!
Баспалдақ үстінде өмір тұр жалаңаш,
Үміт тұр ешкім кеп есігін қақпаған.
Сезгемін ол түстің бітерін,
Сезгемін мен оның үзіліп түсерін.
…Әлемде жаумаған бір түйір ақ қардай
Әлемде болмаған бір сәлем күтемін!
Шаһарлар,
Шаң көшкен мазарлар,
Бейуаққа бой созған мешіттер, азандар.
Кешіккен автобус,
Күп-күрең қабақтар,
Шылқыған қолшатыр, су кешкен балақтар…
Бәрі де мен үшін кешегі түсімдей,
(Сірә, мен өтермін ешкімді түсінбей).
Жол шегін іздеймін һәм ескі һәм алуан,
Бәрінде үнсіздік,
Аспанға не болған?..
Аңсарымды ерте кел, қараша-ау, былтырғы,
Ерте кел сен көрген былтырғы күлкімді!
Қанша күн телмірдім…
Ол қақпа жабулы,
Мұнартқан жүрекке сұр құлып салулы.
Үнсіз кеш алдыма құлайды көлденең,
Қаладым мен де үнсіз қалуды…
МЫҢЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ
Мендегі сол сағыныш – басталды күзден де ұлы,
Ескірген сол үміттен күдерін үзген жылы…
Қуарған жапырақтар!
Қақым жоқ қаралауға,
Шер жұтып келдім жалғыз суалған жағалауға.
Шығыстық сері шаһар, мен сенен сорға кеттім,
Апарып тастаңдаршы аулама жолдар ескі…
Белгісі секілденіп жастық шақ күнәсінің,
Шөп басып жатқан шығар иесіз лашығым.
Құрбымның қолы тиген құлпымдай тот мүжіген,
Қарайды енді бәрі жабырқап жат жүзімен.
Есінде қалдым бірақ, ескілеу сол қаланың,
(Ең соңғы шерлі ақыны әрине, мен боламын…)
Күтеді Қаратаудың мызғымас құм төбесі,
Күтеді қожайынның маңқиған сұр төбеті…
Күтеді, күтеді олар –
Жанарын жолға қадап,
Сол жылдар сағынышы маған да болды аманат.
Һәм мұңлы һәм өкпелі Кентаудың кеші бейғам,
Жайымен тартып алар басыңды тосын ойдан.
Сәнімен күзді жасқап, әнімен жалғанды ұстар,
Саған кеп қонақтайды қанаты талған құстар.
Жыр болып оралады тіліңе қырлардан бір,
Ақшамда Өзбек шалдың ауласын жуған жаңбыр.
Қараша демі салқын қалтырар емен қолы,
Жаныңды қинайды ұзақ айықпас шемен болып.
Мың жылдық сағынышты жасырып кеткем мұнда,
Аяқсыз жырым жатыр тұмандар шөккен қырда.
…Мендегі сол сағыныш, басталды күзден де ұлы,
Ескірген сол үміттен күдерін үзген жылы…
Аялсыз өтті жылдар өкпесін қолына алып,
Жалыққан шығар бәлкім, далалар мені бағып.
Іңірде Сауран жақтан жетеді жебе дауысы,
Мезгілде кегің болса, о, таулар менен алшы…
Сені еске ап шертіп біраз жылдардың домбырасын,
Бейуақ… бозғыл айдың бетіне тамды жасым.
Ғасырлар сүйегіндей біздерге жеткен сынып,
Кентаудан басталған жол кеудеме кеткен сіңіп!
СҮРЛЕУ
Бұл сүрлеу тым ескі…
Жүрмеші, жан — Гүлім,
Күтпе одан сәуірдің самалын, жаңбырын.
Бұл сүрлеу тым ескі, есінде ешкім жоқ,
Адасар онсызда көмескі тағдырың.
Қуансам мұңайтып,
Мұңайсам жұбатып,
Өзгерген мен емес, өзгерткен уақыт.
Мен бар деп осында күтпеген боларсың,
Күтпеген боларсың…
Кешіккен жолаушым.
Мың раушан гүл алып, мың бір түп жыр егіп,
Көктем де келеді өзімдей түнеріп.
Маңдайға сызбаған,
Жазбаған бесіктен,
Мен үшін өмірсің!
Тағдырсың кешіккен.
Мұздатып не өртеп кетпеді жанымды
Өткерген өмірім — өткінші жауын-ды.
Кешірген кешірмем — боранды, дауылды,
Сағыныш жебесі — һәм өткір һәм улы.
Бәрі де ескірген…
Ескілік аңыздар,
Жолыма көктеген қырмызы ең тамызда…
Тағатын ғасырдың там-тұмдап мүжіген,
Сен жайлы жыр жазып шықтым ғой түнімен.
Кездірген үміт пен күдіктің арасын,
Шер басып, шемендер улаған санасын.
Қанша ақын сандалып,
шалдыққан,
жүдеген,
Жай еске алу мен сағыныш арасын.
Қатты бір ұйқыда жатқан да шығарсың,
Тәтті бір ойларға батқан да шығарсың.
Қатты бір сағыныш езгілеп жаныңды,
Ащы бір жасыңды татқан да шығарсың…
Ұзақ бір ойлардың түбі боп мекенің,
Қайтарып сонау-у-у бір уайымның өтеуін.
Біреуді сағынып, бәлкім, бір жыладың,
Ұмытылып шалғайда менің бар екенім.
Бұл сүрлеу тым ескі…
Жүрмеші өтінем,
(Бұл жақта жел тұрды құбыла өтінен!)
Боз дала кеудесін бейуақта боздатқан,
Мен де бір ішегі үзілген жетіген…
Бұл сүрлеу тым ескі…
Жүрмеші өтінем!…
СЕН БОЛЫП ҰШҚАН ҚАЗДАРДЫҢ…
Мынау бір салқын іңірдің,
Қаншама сызы өткенмен.
Қажытып шермен жанымды,
Тағы да құстар жеткенмен.
Мен сені айым, сағындым,
Сағындым һәм көп күттім.
Дәрменсіз жапырақ жанымның,
Тағатын әбден жеп біттім.
Көп күттім сені келер деп,
Келер деп сонау түстіктен.
Жолыңды жаспен бөгер деп,
Сырқаты ауыр қыс біткен.
Сағыныш серті қашанда,
Үміттің мөрін бекемдер.
Лашығымның маңында,
Адасқан бұлттар мекендер…
Сен болып ұшқан қаздардың,
Жүрегінде де мұң бар-ау!
Жабырқау жүзі жазғанның,
Тоспашы жолын құмдар-ау!
Шығыстан күттім және де,
Күттім көп мұнар батыстан.
Оянды екем қанша түн,
Қос жанарыммен от ұстап!..
…Қонақтап қалған ән еді ол,
Жауқазындардың жүзінде.
Жауқазын текті жан еді ол,
Қимаймын тіптен үзуге.
Жалықтым, күндер!
Онсыз да,
Жағасы, жеңі сан құрау.
Адасып жүрсе жолсызда,
Жеткізіңдерші жаңбыр-ау!
ӘЖЕМНІҢ ИІСІ
Кенеземде бір шөл бар қанбай жүрген,
Құрғыр-ау,
Жібімейді таңдай мүлдем.
Бал татыған зәмзәм да баса алмайды,
Кезі келсе шараппен алдаймын мен.
Кенеземде бір шөл бар қанбас мәңгі,
Медеу етем мен оған жазғы ақ таңды.
Амалым жоқ,
Келмеске бәрі кетіп,
Көңілімнің жайлауын қар басқан-ды.
Қатығын жеп Қазақтың кемпірінің,
Ержеткен ем астында елтірінің.
Туған далам тұнжырап қимай қалған,
Алыс жортқан алкеуде бөлтірігін.
Кенеземде бір шөл бар көптен жүрген,
Оның орны өмірден өшкен мүлдем.
Шаттығымның сөндіріп жалғыз шамын,
Мұңның желі іргемнен еппен кірген.
Сол мені кектендірген, кектендірген…
Осы шөлім қанбай жүр әлі күнге,
Таппайды емін бақсың да,
Тәңірің де.
Құпиясы тек қана бұл дертімнің,
Марқұм момын Әжемнің қабірінде…
АЛМАТЫ. «САЙРАН» ВОКЗАЛЫ
Мұрат Шаймаранұлына
Таңның дағы тыныштығы бұзылған,
Уақыттың да қос өкпесі қызынған.
Маған жонын төсеп жатыр жолдар да,
Сұлап қойып ұзыннан.
Талықсыған тұнжыр күннен у жұтып,
Тықыршиды, тамшыларға тіл бітіп.
Мені әне,
«Сайран» вокзалында,
Мұрат ағам тұр күтіп.
Жалғыз тартым темекі алып жаймадан,
Өлген махаббатым жайлы ойланам.
Жанары да жасаурап тұр аспанның,
Тағдырымдай қаймана.
– Бұл неткен мұң,
Бұл не деген дайын мұң,
Мені неге мезгілімнен айырды…?
…Табаныма танып естен құлайды,
Дымқылданған жапырағы қайыңның.
Шақ емес бұл – мезгіл құсы тыраулар,
Шақ емес бұл – мезгіл мені қыраулар.
Қолмен қойып әлдекімнің тағдырын,
Бал ашады Сығандар.
Жақтырмаған қабағындай інімнің,
Кешегідей ашық емес бүгін күн.
Мас әйелдей мәре-сәре қоғамнан,
Түңілдім!
Жүрегіме аяқ асты тіл бітіп,
Жібердім-ау, біраз мұңды сырғытып.
Мені әне, «Сайран» вокзалында
Мұрат ағам тұр күтіп.
Сұрғылт күнді сылтау етіп бір ғана,
Алар ма еді қылғытып.
Сосын тіл бітіп…
ӨМІР
Сен жүрген көшелер.
Аялдама айлағы,
Жанымды белгісіз сағыныш байлады,
Көзімде белгісіз сағыныш ойнады.
Осынау ымыртта қабағы түнерген,
Есіме түседі қайдағы…
Жүрегі елжіреп,
Жанары сұрланып,
Сенің әр ізіңді қыбырсыз тұр бағып.
Тұр бағып сол ақын,
Ескірген көшеде.
Бақшада Көктем жүр, өмір жүр дір қағып.
Суық леп мазасыз,
Өкпемді түйреуде,
…Өкпелеп кетіп ем, қайталап сүймеуге…
Зымыстан жастығым дәл солай өтерде,
Қанаты ғұмырдың осылай күйген бе?
Жапырақ бүршігін жалғыз тал құмырсқа,
Илеуге сүйреуде.
(Не жетсін, дәл солай өмірді сүйгенге!)
Не жетсін?
Сүйгенге!
Сүйгенге!!!
* * *
Желтоқсан желпіп шағи көрпесін,
Шыңдар қанатын серпіген.
Ақ мұнар басқан Алтай өлкесі
Айғыр дауысына елтіген.
Қарағай текті, қаны ғасылым,
Араға бірер таң салар.
Қаңтар түнінде қарығы ашылып,
Көктейтін еді аршалар.
Соңғы деміңе қосақтар,
демек,
Өмірдің басы – серуен.
Қаңтарылды ма, қасат қар бөгеп,
Керуленнен жеткен керуен.
Табыты – арша,
Төсегі – жусан,
Қағандар, бектер, нояндар.
Мен жеткен арғы тарихты қусаң,
Күн бетіне барып аялдар…
Сарығымды ашып, мауқымды басар,
Саған тірелген жолдарым.
Алты ай қысқа арқасын тосар
Арқар аунаған жондарым.
«Белі кетпес» деп нарларға жапқан,
Найзамен ашар түндігін.
Нар текті ер туар күншығыс жақтан,
… Түңіле берме,
құлдығым!