ДӘУЛЕТ ЖАДЫРАСЫН. ЕСТЕЛІКТЕР АЙТЫЛАР КІЛ ӘДЕМІ

 

ЖЫЛАУЫҚТӨБЕ

Алыс жол емес еді шығыны ауыр,

Жиендерін аңсататұғын ауыл.

Нағашылар еліне себеп тауып,

Баратынбыз әйтеуір жылына бір.

 

Көкжиекке Күн барып құлағанша,

Жөнелеміз көлікпен жұма болса.

Төркінін сағынатын анам менің,

Төркіншіл емес еді бірақ онша.

 

Бала едім, ойын қуған, кешпейтін мұң,

Арасында оянып кешкі ұйқымның.

Жол үстінде айтылған әңгімеден,

Жылауықтөбе жайлы еститінмін.

 

Қадымдай жер қалғанда төбе таман,

Көзге жас алады екен кенет анам.

Көңілді толқытатын осы маңды,

Сонда әкем Жылауықтөбе деп атаған.

 

Мен де мұны киеге келдім балап,

Сәттер өтті, себебін көрдім қарап:

Сол биікке шыққанда нағашымның

Көрінеді ауылы менмұндалап.

 

«Менмұндалап ауылы көрінгенге,

Соған бола анашым егілген бе?!»

сол төбеге сіңдіріп анам жасын,

Кіріп бара жатамыз көңілді елге.

 

Қарап тұрсаң, ылди бір, төбе бірдей,

Бірақ сол жер кештірді неше бір күй.

Жылауықтөбе сіміріп алған жасын,

Көрсетпейді еліне шешем ылғи.

 

Жылауықтөбе дегенде Жылауықтөбе,

Жылауықтөбе мен үшін тұрақ көне.

Мен де анамдай аңсаймын ауылымды,

Жыламаймын көргенде бірақ неге?

 

Жыламаймын неліктен ел көргенде,

Сезім сөніп немене шер де өлген бе?!

Әлде соңғы Сағыныш — шын Сағыныш,

Сол Жылауықтөбеде жерленген бе?

 

ТҮКПІР БӨЛМЕ

Ұмыта алман ешқашан, ұмытпадым әлі оны,

Бала кезім болса да ішке жұттым “бәлені”.

 

Біздің үйде — ескі үйде үлкен әрі әдемі,

Маған жұмбақ, құпия түкпір бөлме бар еді.

 

Түкпір бөлме ішінде көкем, жеңгем, қос інім,

Той тойлатып жатқандай жауып алып есігін,

 

ынтық қылған. Ол мейлі болмаса да мұратым —

Бір тылсым күш сол жаққа тартатын да тұратын.

 

Іштей тынып, содан соң “кеткендігін есемнің”,

Ұмытамын ұйықтап құшағында шешемнің.

 

Қос ініме “заң” “жұмсақ”, маған “қатал” неге тым?

Сонда әйтеуір баруға кедергілер көп-етін.

 

Мысалы, әжем ентелеп ене кетсем бөлмеге,

“Емешегің үзіліп бара ма?” деп сөгетін.

 

Ашу келсе әжеме жағдайың қиындар,

Кіргенменен ол жақта қалуға ұзақ тыйым бар.

 

Қайтып шығам түсінбей сол тыйымның сырын түк,

Көңілімде қалатын басылмаған бір ынтық.

 

Ешкім жоқта кіремін, аласы бар адамдай,

Дал боламын ішінен жоқ нәрсені таба алмай.

 

Бозбала шақ келгенде, (өкінерім сол, әттең)

Көшіп кеттік басқа үйге әкем, анам және әпкем.

 

Жұмбақ болып қалды ойда ескіргенше сол бөлме,

Жұмбақ болып қалды ойда ес білгенше сол бөлме.

 

Кейін білдім, қиыны, жеңге менен көкенің

мені өмірге әкелген әке-шешем екенін.

 

Сырын білдім, о, солай, маған кемшін теңдіктің,

Әжем неге ұрысты? Ұрысыпты (енді ұқтым):

 

“Жеңешесі құшаққа алып қояр ма екен деп,

Байғұс бала екеуін танып қояр ма екен деп”.

 

Той тойлатып жатса да жауып алып есігін,

Бір тылсым күш сол жаққа жібермейді осы күн.

 

Жасырғаны секілді түкпірдегі бөлменің,

Тұншығады бір ойлар түкпірінде кеуденің.

 

Ер жеттім де, ел кезіп, тұрақтадым жыраққа,

Түк бір маза бермеді түкпірдегі ой бірақ та.

 

Бәрін тастап өзіңе барам десем, Сыр елім,

Бір тылсым күш ұстайды перзентіңнің жүрегін.

 

Саған барсам, туған жер, болатындай “ұятты”,

Ескі үйдегі баяғы түкпір бөлме сияқты.

 

БАСПАҒА ШАҒЫМ

(утопия)

Әдебиет бағы бүгін —

Құс үркек…

Туындылар — сия соры үшін тек.

Жандос Жүсіпбек

 

Мақсаттары мезі ету ме, басқа ма?

Өлең-сөздің алқымы тұр аспада.

Ұлы ақынның қанмен жазған өлеңін,

Қап-қара ғып көшіріпті баспаға.

Масқара!…

(Жан әлемін ұғына алса жазудан,

Түркі бабам таңба салған тасқа да).

 

Дүрмекке, жету үшін жыр көпке,

Жинақ етіп жая салу міндет пе?

Бір ғұмырға сыймай кеткен ақынның,

Бір өлеңін сыйдырыпты бір бетке.

 

Көңіл сосын күйгелек…

Сыптай өлең кімге қандай сый беред(і).

Қолдан келсе қояр ма еді бейнелеп:

ай-күнін, қай жылы,

қандай күйде жазылғанын қай жыры,

күйінішті, қайғыны

сия үстіне сіңіп кеткен көз жасын

суреттеуден бастар едім сөз басын,

өз басым.

 

Сосын сия жұмсалмайды тек сорға,

(Тосын сый, ә, жыр жинағы көп шалға).

Мың ақын бар мынау біздің өлкеде,

Шын оқырман қалар еді тек сонда,

Шын ақындар қалар еді тек сонда.

 

Мұғжизаның тарлығы…

Бар болмысы, жан суреті, зар мұңы

бейнеленсе жан азабы, ой жүгі,

жанарының жаңбыры,

ақындардың тағдыры,

Баспа, баспа, баспаңдаршы басқалай,

Сөз қадірін сезу үшін барлығы.

 

АҚ ЕСЕК

Аппақ көңіл, әлде аңғалдық десек пе?

Нашар бопты ес білгеннен есепке.

Атам менің Асан Қайғы болатын,

Желмаясын алмастырған есекке.

 

Ары шықпай алақандай аймақтан,

Қолы тисе… тимесе де қой баққан.

Атам менің аңғал еді… достары

қаншығының туғанын да тойлатқан.

 

Сонадайдан көрінгенде аппақ шаң,

Ақ есекке мініп алған ақ патшам –

«әскерімен» кіріп келе жатады,

Алтын басың домалайды тоқтатсаң.

 

Дала сүйген дархандықтан десек пе,

Үйкүшіктей үйір емес өсекке.

Атам менің жақындаса ауылға,

Жүгіремін шаншығанша қос өкпе.

 

Мыңқ етпестен мөлиетін көзімен,

Жуас еді есегі де өзінен.

Есегіне  мінгізсе атам, өзімді,

Есім шығып Ескендірдей сезінем.

 

Шар әлемнің шаң-тозаңын жасырған,

Атам үнсіз иіскейтін шашымнан.

Мәз боламын, мойыныма бір мезет,

Найза-сақал қадалатын тосыннан.

 

Бақытты едім, бала болдым қаршадай,

Шал да ерінбей шарлататын шаршамай.

Атам мінген ақ есектен үйрендім,

Биіктіктен қорықпауды мен солай.

 

Балақайдың тұңғыш мұңы десек пе,

Атам бір күн жатып қалды төсекке.

Содан бері қамшылаймын өзімді,

Содан бері шаншымайды қос өкпе.

 

ЖОРАМАЛ

Шындық, шындық… не шындық – өлім шындық.

Деген күні біз-дағы өмір сүрдік:

Бір аяулы жан жылар есіне алып,

Жанарынан жас емес, көңіл сырғып…

 

Не шындық – Құдай шындық – тылсым ғылым,

Бірақ мен өтірікке құл сындымын.

Құрысын күнім жалғанды жалау қылған,

Күтіп тұр-ау мені де бір шындығым.

 

Құлқынын «құдай» қылған кіл батырақ,

Бүкшеңдеп таң қарсы алып, күн батырад(ы).

Ақиқат айтқандардан, бір білерім –

Ақиқат тапқан адам қымбатырақ.

 

Кешіре гөр сен мені, өлең сорлы!

Бар өлшеулі ғұмырым.

Сол өлшемді

тауысқанша табамын бір шындықты –

Ең алғашқы шындықты

және ең соңғы…

 

P/S

 

Естеліктер айтылар кіл әдемі:

«Ақиқатты айтқан, ей, мына өлеңі»,

Таппауым да мүмкін ғой… тапқаныммен,

Айтпауым да мүмкін ғой бірақ оны.

 

СИММЕТРИЯ

Алатау баба, көрдің бе оны сол таңда?

Мөлдіркөк аспан керіліп тұрған арқаңда.

Қиыршық тастай елеусіз үйді жалға алып,

Тозаңдай тағдыр үңілді саған балконда.

 

Үңілді саған. Таза едің, Баба, тұнық ең!

Сумақай Уақыт жарықтың жылдамдығымен

сүйреді таңды. Тозаңдай бала, сенсең ғой,

аяды сонда, аяды сені шынымен.

 

Бөлініп шығып шайтанның қара бұлтынан,

Жаһанды жайпап, жайратып жатты бір тұман.

Шығыс-ананың жарылып кетті құрсағы,

Сұп-суық сәттің үркіген сұп-сұр сұрқынан.

 

Ақиқат — ару, тұманнан болған киімі,

Тозаңдай ұлдың көз алды бұлдыр — қиыны.

Көмескі көзін ашады қазір адамдар,

Бұлыңғыр дала, бұлыңғыр қала бұйығы.

 

Алатау баба, асқағым менің, атпалым,

Ол бала көрді, тұманды көрді қап-қалың,

аядай үйден, армандай үлкен Алыптың

қорғансыз, үнсіз бұлдырап бара жатқанын.

 

Еледің бе екен тозаңдай ұлды, елесең,

Ол сендей биік, ол сендей көркем, ең әсем.

Жүрекке бәрін сыйдырып тұрды сол ақын,

Кеудесін ғана, кеудесін құйттай демесең.

 

Жатқан кез Шығыс шақалақ күнді босанып.

Қартайып бірі, бірі тұр қайта жасарып.

Төңірек тұман, көкірек күмән. Ақыры

қоштасты-дағы, бұлдырап кетті қос алып.

 

 

*  *  *

Қызғанғандай аңғалдың «аз күнәсін»,

Қара ағаштың қара жел «жазды басын».

Жоқтау айтып жамырап жапырақтар,

Күбір-күбір оқып тұр жаз дұғасын.

 

Өз дұғасын оқып тұр ол байғұстар,

Қайтады ертең бірі де қалмай құстар.

Күз төбесін көрсетіп келеді, әне,

Ол төбенің артында таудай қыс бар.

 

Мезгіл сүйіп жатқанда мас қаланы,

Жұбатады жаныңды жастар әні.

Жаз кеудеге көшкенін байқадың ба?

Байқадың ба жаз енді басталады!

 

Қабарады қатулы Көк те үн қатып,

Самаланың сапарын шектеп жатып.

Жапырақтар құламай топыраққа,

Жүрегіңде бүрлесе неткен бақыт!

 

Күз дегенің күз емес — суытқан жаз,

Есі кетіп, болмысын ұмытқан жаз.

Желмен жолдап жан мұңын ыңырсиды,

Уысында уақыттың құмыққан саз.

 

Мекеніңнен кете алмай мың ойланып,

Өмір өтер, Мұң — іште, Құдайда — Үміт.

Төрт мезгілге соқтырып төбемізді,

Шекараның ішінде шыр айналып.

Өмір өтер…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *