ЖАҚСЫЛЫҚ АСҚАРБЕК. АЛДЫНА ТЕРЕЗЕҢНІҢ КЕЛГЕНДЕ…

*  *  *

Алдына терезеңнің келгенде Мен
Азап қой, ажарыңды көрмеу деген.
Жетектеп жапырағын құба талдың
Сыбырлай самал ғана серуендеген.

Алдына терезеңнің барғанда Мен,
Пердең де құшақ ашпай армандап ем..
«Құдайға жарасқанмен»,
сені күту –
Жалғыздық осы шығар жалғандағы ең?!

Келмеген түндер үшін кездесуге,
Кінәлап өзімді де, өзгесін де.
Жарығың өшкенімен бұл жүрегім,
Ұйқысыз жатқаныңды сезбесін бе?

Тірліктен кештеу келем, тимей қолым,
Шығасың анда-санда, сый мейлі, оның!
Бәрібір шыққаныңмен жолатпайсың,
Құшақтар айқаспайды,
сүймейді ерін…

Жұлдыздар түсінетін жанымызды,
Атырдық Ай екеуміз таңымызды.
Аядай терезеңе тағы осылай,
Телміртіп қоясың-ау бәрімізді!

 

БИШІ ҚЫЗ

Мен балалық шағымда,
Ғашықтардың кездесетін бағында,
Көбелек пен гүлдердің
билейтінін көретінмін қызықтап
кейін бірақ,
көбелектің қиылғанын ғұмыры
сол бір гүлді үзіп Бақ…
Жылдар өтті, айлар өтті байқамай…

Енді менің көз алдымнан
балалығым өткен соң
қызғалдақтар, көбелектер кеткен соң,
Көкірегімде сақталыпты көктем сол..
Қалалықпын қазір мен де
қыздарға
Үйреніппін өкпелеуге
Үйреніппін әзілдеуге!
Сүйгеніме кетпе деуге.
Сүйгеніне әзір мен де!

Бірақ, бүгін
қара түнде кешкеніммен ой-ызғар,
Ызғып жатқан рельстерде пойыздар
Бір вагонның жолаушымын ішінде
Сол бір аппақ көбелектей келбеті,
Сол бір гүлдей үлбіреген пішінде
Бір қыз көрдім — биші қыз!

О, биші қыз, биші қыз,
Сол бір аппақ көбелектей билерсіз,
Сол бір гүлге қатты ұқсайды исіңіз!
Біз әп — сәтте айналғанмен сырласқа,
Жолдар бізді әлі күте тұрмас па ?
Сіз де түсіп қаласыз ғой бір маңнан
Менің жолым бір басқа!
Мен Ақынмын,
сүрілмеген Өмірмін
Менің сізді қимайтыным сияқты
Келеді екен мен жайында не білгің..?
Саған жетер Жол табар ма екенмін
Сен кеткен соң картасынан Көңілдің…

Өкінішті..
Биіңізді көрмейтінім залдарда,
Айналмасым ұсынатын қолдарға,
Тамбурларда тұрмасымыз кездесіп
Қоспайтыны екеумізді Жолдар да!

Ызғып жатыр рельстерде пойыздар
Сол жалғыздық,сол қимастық, ой — ызғар..
Сол вагонның ішінде
Мен танысқан, биші қыз,
Сол бір гүлдей үлбіреген пішінде
Сол бір гүлге қатты ұқсайды исіңіз!

1-қаңтар

Көңіліңді көтер, күлші, айым!
Өмірден жылап өтерміз…
Жалтардық неге жыл сайын,
Жаңа жыл келсе екеуміз!?

Алыстап кеттің сен менен,
Жылауық жанға бақ қайда?!
Жаңа жыл келсе ел деген,
Шаттығын тойлап жатпай ма?

Өзімнен сол күн қысылған,
Кінәлі ғана күйді ұққам.
Аяз аталар ұсынған,
Алдай алған жоқ сыйлықтар.

Өкпең де маған болды ірі,
Жаныңды сенің жай ұқтым.
Шампанға қосып сол күні
Шаттығыңды ішіп қойыппын!

Ақынның ішкен ақылын
Көңілін көтер, күлші,айым!
Жаңа жыл түгіл,ақыры
Жылайтын болдым түн сайын!

Бақыт та бізге кеш келіп,
Менің де есім кеш кірді.
Екеуміздегі естелік,
Жаңа жыл сайын ескірді!

*  *  *

Көңіл айтса бір күні…көнгіш едің,
Ешкімің болмайтыным енді сенің,
Ешқашан бауырыңа баспайтының,
Нөмірімді өшіріп тастайтының,
Аян маған!

Түс емес, ісіңнен-ақ:
Сөздеріңнен, хатыңнан, хабарыңнан
Қарсы келсем алдыңа жанарыңнан –
Аян бәрі!
Мен бірақ, сен дегенде еміренем,
Бөліп тұрған не екенін сені менен…
Біле алмай дал боламын, сөйте тұра
Сөйте тұра сүйесің мені неге?!
Есіңе жиі-жиі түскеніммен,
Ескермеген боласың істе мүлдем…
Мен осы, білесің бе, бәрінен де,
Жалықтым ұйықтамай түс көруден!
Жалықтым, жалықтым ғой, жалған бәрі,
Бізге ортақ мақсат қайда, арман кәні?!
Осы да азап па екен, мейлі,тіпті…
Осы ма бақытты адам болғандағым?!
Ойламай-ақ қояйын тіпті әрнені..
«Тұрмысқа шықшы» десем құптар ма едің?!
Өзіңнің азабыңнан дәл осынау,
Өзіңнің ғажабыңмен құтқар мені!

*  *  *

Маған сенің жалғыздығың ұнайды.
Менде бары – өлеңім мен екеуің!
Бірің менің жүрегімде,
біріңнің
тым алыста болса дағы мекенің!

Маған сенің «құдайлығың» ұнайды.
«Құлшылыққа» саған ғана құлаймын!
Асқақтығың — соры талай жігіттің,
Бағым болсаң аңыз болмақ бұл әйгі!

Сені көрсем,
Аспан,
Әлем,
Ғаламшар —
Ұмыт болар!
Қасымда егер қала алсаң…
Таңсық емес тоғыз түрлі планета
Сенде ғана — мендік сезім,бар аңсар!

Ұшпағына жеткеніммен көп ойдың,
Не айта алам мен өзіңе,не деймін?!
Құдайы да болмай-ақ қой ғаламның
Тек екеуміз өмір сүрсек пе деймін…


*  *  *

Өзіңе арнап сый алмай,
Қанша жыл сені жыр қылдым!
Қиын ба маған,қалқатай,
Ғұмырын қию бір гүлдің!?

Апару керек гүл ұстап-
Махаббаттардың сөзінше,
Ғұмыры бар ғой оның да,
Өлуі керек өзінше!

Сол үшін гүлді үзбедім,
Ұялып Тәңір Иемнен.
Сәулем-ай сені қылдай бір,
Қиянатсыз-ақ сүйем мен!

Жетуге саған гүл алып,
Жетпейтін және жол ақым!
Жанымның жалғыз сыйлығы –
Жүрегім ғана болатын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *