Аз жүкке бейімделген көліктерге арналған салық мөлшерлемесінде өзгерістер енгізілген еді. Бұл өзгерістер 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және бизнес үшін салық жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды aimak.com.kz тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Байланыс орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева аталған жаңашылдықтарға қатысты түсінік берді.
«Аз тонналы жүк автомобильдеріне, оның ішінде «ГАЗель» автокөлігі де бар, көлік салығының ставкалары бойынша өзгерістер енгізілді. Бұрын «ГАЗель» жүк көлігі иелері салықты қозғалтқышының көлеміне байланысты жеңіл автомобильдер ретінде төлеген. Салық кодексіне енген толықтыруларға сәйкес, газельдер сияқты жүк көліктері үшін салық сомасы жүк көтергіштігіне байланысты есептеледі. Бұл өзгеріс салық сомасын орта есеппен 30-50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, қозғалтқышының көлемі 2500-ден 3000 текше см-ге дейінгі және жүк көтергіштігі 1,5 тоннаға дейінгі жүк фургондарының иелері үшін салық сомасы 2021 жылы орта есеппен 26-30 мың теңгеден 14,6 мың теңгеге дейін төмендейді», — деп түсіндірді А. Сартаева.
Оның айтуынша, бұл өзгеріс 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Сондықтан 2021 жыл үшін осындай автомобильдер бойынша көлік салығы төмендетілген мөлшерлемемен есептелетін болады.
«Соңғы уақытта азаматтардан «пикап автомобильдер үшін салықты есептеу барысында жүк фургондарының жаңа төмендетілген салық ставкаларын қолдануға бола ма» — деген сұрақтар келіп түсуде. Дегенмен, Салық кодексінің 492-бабының 4-тармағының 1) – тармақшасына сәйкес, жеңiл автомобильдерге жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қалқанмен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар жеңiл автомобиль шассиiндегi моторлы көлiк құралдары (пикап автомобильдер) жатқызылған. Демек, пикап автомобильдер бойынша көлік салығы жеңiл автомобиль ставкасымен салынады, яғни қозғалтқышының көлемі (текше см) бойынша», — деді комитет өкілі.
Ескеретін жайт, көлік салығын жеке тұлғалар өздері дербес есептеп, төлеуі керек. Ол үшін «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе www.kgd.gov.kz порталындағы «Калькулятор» электронды сервисінде автокөліктің сипаттамаларын көрсетсе болды, салық автоматты түрде есептеледі.
«Жалпы, көлігі бар азаматтар 2021 жылдың көлік салығын 2022 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі қажет. 2 сәуірден бастап әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Егер салықты уақытылы төлеп үлгермесе, онда есептелген өсімпұл мөлшерін де «Калькулятор» электронды сервисінде есептеуге болады. Жеке тұлғалар салық төлеуді тұрғылықты жері бойынша жүргізеді», — деді Айнұр Сартаева.