ЖҮРСІН ЕРМАН. ӨТЕ ШЫҒАР БАСЫҢНАН ЕЛЕС-ӨМІР…

ЕРТЕГІ

Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді –
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем, жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.

Балалық-ай – жамау-жасқау көрпелі,
Ақауы бар көңіл енді дертеді.
Айтпайын деп айтпады ма – мұршасы
Болмапты ғой айтар оның ертегі.

Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін,
Сәби көздің жасын өзің сүртесің,
Таңсәріде кететін ол шығырға
Әкеміздің киіп солдат күртесін.

Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын
Жанбаған от, сауылмаған сиыры.

Парыз-бейнет босатпайды арқаны,
Отын шауып, диірменін тартады.
Су әкелу, тезек теру аз болса
Мүгедек боп оралған жар бар тағы.

Қалай бәрін үлгертті екен, есепте!
Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру –
Әзер жетіп жығылатын төсекке!

Ертегіде жібердің деп есені
Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті,
Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!
Қартайды ана.

Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында!

*  *  *

Өз үйім – өлең төсегім,
Осында өніп, өсемін.
Осында келіп құтылам
Даңғазасынан көшенің.
 
Осында бүкіл қазынам,
Кездерім болса қажыған
Әңкі де тәңкі басымды
Осында тығып жазылам.
 
Көлденең көздің сұғынан
Осында келіп тығылам.
Үйректей атса біреулер
Үйіме жетіп жығылам.
 
Айта алман сүттей ақпын деп,
Үйімнің дәмін татқым кеп,
Қансырап келіп осы үйге
Қанымды жалап жаттым көп!
 
Көңірсіп жанса ошағым
Күн менен түнді қосамын.
Күтеді мені осы үйде
Күдерін үзбей қосағым.
 
Әкемнен қалған шаңырақ
Қалмасын дедім қаңырап.
Жамырап келіп жатса екен
Ұлым мен қызым маңырап.
 
Алтыннан ардақ босағам,
Айтармыз әлі қош-аман.
Білдірмей алшы осы үйде
Жанымды бір күн, жасаған.

12 қыркүйек 2015 жыл

*  *  *

Қалтаңды бір ойлаумен,
малтаңды бір
Жүргеніңде таусылар талқан-ғұмыр.
Қабағыңды күн шалып болмай жатып
Қараңғымен қымтайды арқаңды іңір.
Асығыстық кіргендей үрдіске анық,
Ай азайып,
барады күн қысқарып.
Өте шығар басыңнан елес-өмір,
Жанталаспен жүргенде тұрмыс бағып.
Шашым ұзын болғанмен,
мұртым қысқа,
Жалындаған жігіт ем былтыр қыста.
Ақыретті ойлаған адамсынып,
Бой үйретіп жатырмын бұл тұрмысқа.
Құлағымды төсемей кеңеске құр
Елеңдеумен келіп ем елеске бір.
Талайларды тақымға басқанындай
Ерттеп мініп алды ғой мені ескі өмір.
Тауға да ұрып басымды,
тасқа да ұрып,
Бекер іздеп жүріппін басқа ғұрып.
Менің зая тағдырым – менікі емес,
Жатыр менсіз бір жерде басқарылып!

 

ТҮНГІ ТАКСИ

Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сәл тінте қарап мені екі көзі
Таксидің ішінде бір ару отыр
Бөлек жамалы,
Бөлек мінезі.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.

Түріктің қызы – туған ай дерсің,
Жүрегің болса – туламай көрсін.
Қап-қара шашты,
Аппақ иықты
Жолыққан ақын жырламай көрсін!

Ұмытар лезде азабыңды ішкі
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған
Тарыдай меңге назарым түсті.

Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,
Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:
Түнгі сұлуға тебіреніп айттым
Хафиздың жырын меңді қыз жайлы:

«Мейірбанды түркі аруы
Сүйсе мендей бейшараны –
Бір меңі үшін қияр едім
Самарқан мен Бұқараны».

Білетін жырым осы бар менің,
Дәулетім болса тосылар ма едім,
Хафиз сыйлаған екі шаһарға
Алматыны да қосып ал дедім.

Еліккен ұлдың кесір мінезін
Көрікті қалам, кешіргін өзің!
Қолымда болса қиятын едім
Ертіс пен Сырды,
Есілдің өзін!
– Алмаймын! – деді –
сыйларың қымбат,
Одан да Хафиз жырларын тыңдат.
Жомарт ақынның дидарын көріп,
Дауысын естіп тұрғаным қымбат.

Кезімде жырды кенет аңсаған –
Өзім-ақ әлі телефон соғам.
Әзірге хош бол,
атымтай ақын,
Тыныққан бүгін жөн екен саған.

– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.

Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздың жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді…

 

ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ

Таулар мен төбелерді айырмаған

Шайыр боп көрінбейді шайыр маған.

Теңіздің жағасында сусап тұрмын

Кемеңе қолым жетпей қайырлаған.

Қалайша тірлігіңде танымағам?

Болады тағдырыңа жаным алаң.

Күңгірттеу күн астында күңіреніп

Жүргендей көрінесің әлі маған?

Ұлтым-ау, ұлысым-ау деп шырылдар

Жүректе жасырулы көп сырың бар.

Алашқа асқақтатпай атағыңды

Жаныңда жүрді ме екен жексұрындар?!

Ақынға ажал жетпей жоқ бақыт шын,

Ащы мен тұщыны да көп татыпсың.

Шалқұйрық шаңын үзер шақ туғанда

Шарқ ұрған сапарыңды тоқтатыпсың.

Табылып таудан биік табалдырық

Бермеді-ау зәлім заман саған да ырық.

Шерің мен шеменіңді шығаруға

Айғайлап әнге бастың амал құрып.

Өнерсіз өздерінің басын күйттер

Шұбырып жүрген шығар қасыңда иттер.

Біреулер пенделігін жасырдық дер,

Біреулер елге құнын асырдық дер.

Кетерін біледі  олар кім сүрініп,

Астынан табанымның құм суырып,

Арқамнан қаққан болып өзімнің де

Қасымда қарауылдап жүр шұбырып.

Сөзіңе отырғам жоқ сөз қосқалы,

Жолыңа шалар едім боз қасқаны.

Махамбетті өлтірген дұшпаны емес,

Махамбетті өлтірген өз достары!

Тірлікте ақ пен қара сабылысқан

Ақын көп жолдасы – аяр, жары – мыстан.

Сұрайтын еріккенде ердің қасын

Жанашыр дегеніңнің бәрі – дұшпан.

Бұл өзі әлімсақтан білетін іс,

Байыздап тауып жатсың міне тыныс.

Үдеріп көшер кезде керуен-өмір

Үзіліп кету қандай ұлы өкініш.

Көтеріп құрметіңе тостарымды

Шараппен жұбатайын аш қарынды.

Тірі емес, өлілерден дос таңдасам,

Мен сені таңдар едім, дос Табылды!

 

ӘЙЕЛГЕ ОДА

Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін
Басылған талай кемсеңің.
Бәдік боп өмір кешесің
Бермесе әйел жень-шенін.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *