
Кітап- ғасырлар үнін, тарихтың тамырын санаңа сіңіретін ұлы күш , адамдарды рухани байланыстыратын буындардың бірі, өткеніңе үңіліп, болашағыңа нық қадам басуға шақыратын нұсқаушы. Кешегі қазақтан шыққан кемеңгер, қоғам зиялылары ұстаз тұтқан ұлылықтың шарықтау шыңы. Жаһанның жетпіс екі тілін меңгеріп, жетпіс екі тілдік кітапты тауысып оқыған Әл- Фарабиден бір кісі: «Осы әлемде сізден көп кітап оқыған жан жоқ болар, сірә», — деген сөзіне ұлы ғалым: «Мен әлі кітап нәріне тойғаным жоқ, әлемдік кітап біткеннің жартысының жарымын да тауыса алмадым», — деп жауап беріпті. Егер жетістікке жетуді көздесең алдымен өткенге үңіліп, тарихты зерделеген дұрыс. Ал, бұл дүниенің бастауы кітап. Осыншама пайдасын білгенімізбен кітап оқуды өмір салтына енгізу қиынға түседі. Кітап оқу әдетін қалыптастырғысы келетін жандар назарына ең тиімді 6 кеңес ұсынамыз.
- Кітапты не үшін оқып жатқаныңызды және не алғыңыз келетінін алдын ала шешіп алыңыз.
Біз кітапты көбірек оқуға ұмтыламыз. Әрине бұл жақсы қасиет. Бірақ бұл әрдайым тиімді бола бермейді. Сол үшін қандай да бір кітапты оқу алдында не үшін оқитыныныңызды анықтап алыңыз. Сізге бұл кітап неліктен керек, қандай ақпараттар алғыңыз келеді, міне осының барлығын кітап оқымастан бұрын санаңызға сіңіргеніңіз жөн. Үнемі оқу танымдық қабілеттерді жақсы күйде ұстап қана қоймай, көкжиегіңізді кеңейтіп, логиканы дамытуға көмектеседі. Бұл қиялға, эмпатияға және эмоционалды интеллектке арналған керемет жаттығу болып табылады. Ең бастысы — сіз өз пікіріңізді дұрыс айтуды үйренесіз.
- Кітапты өзіңізбен алып жүріңіз.
Көбімізде кітап оқуға ықылас болғаны мен уақыт жетпей жатады. Оқуға қатысты ең танымал кеңестердің бірі — «өзіңізбен бірге кітап алып жүру». Аялдамада, қоғамдық көлікте бос уақыт бола қалса бірден ашып оқисыз. Мәселені шешудің тағы бір жолы смартфонмен оқу. Бірақ бұл сіздің көзіңізге зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, қағаз кітаптарды пайдалануды және үнемі бірге алып жүруге кеңес береміз .
3. Тізімге көп кітап енгізуден аулақ болыңыз.
Әдетте адамдардың басым бөлігі «оқылуы тиіс» деген тізім жасайды. Сол тізім ішіне мөлшерден асыра кітап атауларын жазып қояды. Бұл кітап оқу әдетін қалыптастыруды қиындатын жібереді. Егер әр түрлі бағыттағы 3 кітапты таңдап алып, соны оқуды әдетке айналдырсаңыз сіздің тиімділігіңіз арта түседі.
- Аз –аздан бірақ үздіксіз.
Кітап оқу әдетін қалыптастырғысы келетін жандарға ұсынатын 4 кеңесіміз – тұрақтылық. Бір күнде 40-50 бет кітап оқығанға қарағанда, күнделікті 10 бет оқу сіз үшін тиімді болады. Қалайша?, — деп отырған боларсыз. Мысалы сіз 1 күнде 50 бет оқып, содан соң кітапқа ұзақ уақыт қарай алмай кеткен кездеріңіз болған болар. Егер күніне тұрақты түрде 10 беттен оқитын болсаңыз 1 ай ішінде 1 кітапты бітіруге болады. Сонымен қатар, ақпараттардың миға қабылдануы да жеңіл болады. Тиісінше бұл әдіс өз пайдасын береді.
- Кітапты соңына дейін оқып бітіру мақсат емес.
«Кітапты бастаған соң міндетті түрде соңына жету керек». Бұл қате түсінік. Егер кітап сізге ұнамаған болса оны соңына дейін оқуға тырыспаңыз. Егер өзіңізді қинап оқыйтын болсаңыз бұл әдет, сізге кері әсерін тигізуі мүмкін.
- Бірге оқитын серік табу
Кітап оқитын серік табу сізге кітапты тұрақты оқуға мүмкіндік береді. Бір – біріңізден жалыққан кезде қолдау білдіріп, демеу боласыздар . Алған ақпаратпен бөлісіп ой қорытуға да серіктестің пайдасы зор. Сондықтан, бірге оқыйтын және оқыған ақпараттарды бөлісетін серік табу кітап оқу әдетін қалыптасыруға көмектеседі.
Иосиф Бродский «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал егер миллиондаған адам кітап оқымаса бұл бүтіндей бір елдің қасіреті» деген сөзі бар. Осы қасіретті елімізден алыстату мақсатында барлығымыз кітап оқуды қолға алайық. Әлемді тек ұлттық болмыспен ғана таң қалдыра аламыз. Ал ұлттық болмыс дегеніміз – кітап. Барлық даналықтың қайнар көзі- асыл мұра кітапта жатыр.
Ақбота ЕРГЕШБАЙ