Әлемдік саяси дүрбелең ошағы, күн сайын саяси ахуалы өзгеріске ұшырап жатқан ел – Ауғанстан дін мен дәстүрді берік ұстанатын елдің бірі. Әсіресе әйелдерге жұмыс істеуге, орамалсыз сыртқа шығуға, білім алуға қатаң тыйым салған. Жұртын қашанда жұдырықта ұстауға тырысқан ел әдемі орамалдың астарында жатқан қара құпиясын жасырын ұстай алмайды. Бүгін айтқалы отырғанымыз – «бача-бази» мен «бача-пош» дәстүрі жайлы болмақ.
Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулері бойынша, қыз балалар өмір сүру үшін ең нашар елдің бірі – Ауғанстан. Онда әйел адамдардың білім алуға, өзінің сүйікті ісімен айналысуға не жұмыс істеуге ешқандай құқықтары мен мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан ауғаныстандықтар арасында «қыз болу – ұят, ал қыз туу – одан да ұят» деген стереотип бар. Қарапайым ауған отбасында бірде-бір ұл бала болмаса, ортаның мазағына айналып жатады.
Мұндайда шығудың жолы ретінде елде «бача-пош» дәстүрі қалыптасқан.
Дари тілінен аударғанда «бача-пош» сөзі «ер бала тәрізді киіну» деген мағынаны береді.
Дегенмен бұл дәстүрде барлық мәселе тек киім ауыстыруда ғана емес.
Бача-пош дегеніміз – ұл балаға айналған қыз.
Ауғанстан қоғамында ұлы бар отбасы қадірлі саналғандықтан, ұлы жоқ отбасы қыздарын ұл секілді киіндіріп, тәрбиелеген.
Мұндағысы ұл секілді киіндіру отбасындағы әйелге келесі жолы ұл босануға көмектеседі деген наным бар. Яғни ауған отбасы бастапқыда үйдегі кішкентай қызды ер бала секілді тәрбиелей бастайды, артынан оның шашын қысқартады, ұл балалармен араластырады және басқа қыздарына қарағанда оларға құрметпен қарайды. Тіпті оларға ер баланың есімін берген жәйттер де бар.
Қоғамында әйел адамға орын шектелген елде бача-поштар өздерін ер-азаматтардың арасында еркін жүре алғандығын қимайтындар да болған.
Ондағысы олар осы арқылы көптеген артықшылықтарға ие болып, өздерін еркін ұстай алады. Білім алып, көпшілік арасында жүре алады.
Қайта қыз балаға айналу көп бача пошта қиын соғады. Бұл дәстүрден соң отбасында ұл бала дүниеге келмесе, ұлша киіну мәртебесі келесі қызға беріледі.
Адам құқығын қорғайтын топтар бұл дәстүрді қанша сынаса да, аталмыш дәстүр халық қанына әбден сіңіп кеткен.
Аймақ ақпарат