Бүгін Түркістан облысының Ордабасы аудан әкімі Бағлан Батыршаев Шұбарсу ауылдық округінің кәсіпкерлерімен және кәсіп бастауға қызығушылығы бар тұрғындармен кездесті.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өткен кездесуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы, «Ырыс» МҚҰ, аудандық Кәсіпкерлік, Ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық Жұмыспен қамту орталығының жауаптылары қатысып, бизнес ашып, әл-ауқатын көтеремін деген азаматтарда көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен түрлі деңгейдегі қаржылық бағдарламалар жөнінде ақпраттық-насихат жұмсытарын жүргізді.
«Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Біз бүгін халыққа пайдалы жаңалықтарды Сіздермен бөлісуге келдік. Шұбарсу — халықтың өсім көрсеткіші жоғары ауыл. Сонымен қатар, үлкен мегаполиске жақын. Ендігіде ауылда отбасылық микро өндіріс орындары мен қызмет көрсету саласын мықтап қолға алуға болады. Жүйелі бизнес жобаларыңыз бар болса, аудан орталығы Темірландағы «Бастау-Бизнес» кәсіптік оқу курстарынан онлайн оқуға болады. Нәтижесінде сертификат алып, қайтарымсыз грант немесе төмен пайызды несие алуға мол мүмкіндік бар. Біз бұл бағытта ауылдастармен ашық, жария түрде диалог жүргізуге дайынбыз», — деді аудан әкімі кездесуде.
Ақпараттық-насихаттық жиында ауыл тұрғыны Ғабит Оразымбетов өзінің «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы бір реттік грант алып, мал асырап отырғандығын айтты.
Әрі Шұбарсу халқының қажетсінуін қамтамасыз ету мақсатында келешекте тігін фабрикасын ашып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға болатындығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы белсенді азаматтардың ұсынысы негізінде ауылға қажетті кәсіпкерлік нысандардың жоспары жасалатындығын айтып өтті.
Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтар бойынша ауданнан келген сала мамандарынан кеңес алып, жеке кәсіпкерлікке, салыққа байланысты тегін қызметке ие болды.