Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі» мақаласында «…жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс» делінген. Осы мақсатта 19 сәуір күні Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Jas tolqyn-2022» жас эстрада әншілері мен іс-шара шара жүргізушілерінің аймақтық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты — жас таланттар мен дарындарды табу және оларға шығармашылық бағытта қолдау көрсету. Мемлекеттік Рәміздер Ел Туы, Елтаңба, Әнұранды қастерлеу. Ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» мақаласын жүзеге асыруда жастарды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән өнерін дамыту, жас таланттарды таныту.
2009 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау биыл «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы, «Түркістан-Түркі елдерінің мәдени астанасы» атануына, композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналды.
Байқауға 29 үміткер өтініш білдіріп, оның 20 үміткері іріктеуден өтті. Аймақтық байқауға 14 пен 21 жас аралығындағы әнші, мәдени іс-шара жүргізушілері бақ сынады. Олардың арасында Ордабасы, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Кентау қаласынан қатысқан үміткерлер де бар. Байқауға қатысушы әншілер мен мәдени іс-шаралар жүргізушілерді дайындаған мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұ.Шілдебаева, әнші Ә.Түйтеева, бөлім меңгерушісі М.Үртбекова.
Байқау қаламызда орналасқан «Ақжайық» музыка мектебінде өтті. Шара шымылдығы байқаудың жылда өткізілген сәттерін қамтыған бейнероликпен ашылды. Көрермендер назарына «Семсер» тобы мен жас әншілердің орындауындағы «Жас толқын» байқауының әнұраны орындалды. Мәдени шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Алтын домбыра» иегері Шойбеков Бекарыс Ақсақалұлы, Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт, дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, мәдениет үйі ықпал еткен шаралардың ауқымы кеңейіп келе жатқандығын тілге тиек етті.
Болашақ сахна саңлақтары сынға түскен сайыста әншілер жанды дауыста патриоттық әнді І кезеңде орындаса, келесі кезеңде «Түркістан» тақырыбындағы әндерді орындауы шарт болды. Ал, жүргізушілер үшін өлең, әңгіме, драмалық яғни кез келген көркем шығармадан үзінді оқу талабы бірінші кезеңге қойылса, кез келген тақырыпта мәдени іс шараны дайындап жүргізу яғни әдеби-сазды кеш, байқау, концерт, дөңгелек үстел сынды шаралармен қоса қосымша «импровизациялық» аудиториямен жұмыс және әділ-қазылар тарапынан берілген сұрақтарға жауап берулері тиіс болды.
Кілең «Сен тұр, мен атайын» дейтін өнерлі жастарға төрелігін танытып, қазылық жасаған әділқазы құрамында ҚР-ның Мәдениет майталманы, «Ақжайық» музыка мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Айсынов Сырым Бәденұлы, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, өнер магистрі, Халықаралық көркем өнерпаздар одағының мүшесі Ибраева Асылзат Өтжанқызы, «Ақжайық» музыка мектебінің Вокал және Хор пәні мұғалімі Низамов Исамиддин Ғафурович болды.
Қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен ата-аналар және қатысушыларды қолдай келгендер жиылған байқауда мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік болып танылғандардың есімдері де анықталды. Қазылар алқасы сараптай келе, өздерінің қорытынды сөздерінде сахна мәдениеті мен аудиториямен жұмыс, әнді дұрыс орындау шеберліктерін ескере келе, марапаттау рәсімін бастады. Сонымен, «Jas tolqyn-2022» жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің аймақтық байқауында әншілер арасында жүлделі Бас жүлде Оқушылар сарайынан қатысқан Ж.Сүлейменоваға бұйырса, І орынға Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінен қатысқан Е. Жолдасов лайық деп танылды. Қос бірдей ІІ орын Отырар ауданынан келген Р.Рахымжан мен Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер орталығынан қатысқан үміткер Ұ. Қалыбайға табысталды. Ал, ІІІ орынды Хамза атындағы №2 мектептен құралған «Шалқыма» триосына берілді.
Енді жүргізушілер арасында анықталған үздіктердің есімдерін тарқатсақ, жүлделі І орынның биігін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті Ә.Пернебаев еншілесе, ІІ орынды №19 Төле би атындағы жалпы орта мектебінен қатысқан Б.Еділбай еншіледі. Ал, жүлделі ІІІ орынның тұғырына Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің намысын қорғай келген Ш.Шәкіржан тұрақтады.
Сондай-ақ, жекелей және топпен қатысқан барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы номинациялар ұсынылды. Жүлделі орын иегерлеріне дипломдар табысталып, естелік суретке түсті. Байқауға қатысушылардың ешбірі марапаттан тыс қалмады.
«Дарынды жастардың өнерін шыңдау мен тасада қалған таланаттардың шығармашылық қабілеттерін арттыруды көздеген байқау жылда өзіндік орнын жоғалтпай үміткерлерді зор ізденіспен шақыра бермек…» осылай сөз алған Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы барлық қатысушыларға, қазылар алқасының құрамына алғыс айтып, жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтады. Байқауға бабын сынай келіп, бағы жанғандар мен үміткерлердің жетекшілері ұйымдастырушыларға риясыз рақметтерін жаудырды.