
Сайрам ауданында каналдардың бетондалмайтын бөлігі механикалық тазалаудан өтіп жатыр. Лай, қамыстан судың жүруі қиындап, шаруаларға дер кезінде ағын суды қажетті мөлшерде жеткізу үшін Қарабұлақ, Арыс, Көлкентте, Ақбұлақта 44 шақырым су арнасы тазаланды.
Аудан әкімі Ұ.Садибеков өткен жылы шаруаларға көмек ретінде бюджеттен қаржы қарап, 2 эксковатор алуға сеп болған. 2021 жылы 90 шақырым тазаланды. Биылғы меже – 120 шақырым. Қазір эксковаторлар Қайнарбұлақтағы су арналарын тазартуда.
Бұл жұмыстар ағын суды үнемдеу және уақытында жеткізу, су шығынын азайту мақсатында ұйымдастырылады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан Аламат, Теспе, Бауарық, Әсіл, жоғарғы Аққала, Сайманкент каналдарын бетондау үшін жобалауға қаржы сұралды.
Егер облыстық мәслихат сессияда қарап, мақұлдаса, негізгі каналдарды бетондау жобасы әзірленеді. Әзірге жер қыртысын түсіру, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ағын су көлемі жақсы, 16 куб. Былтыр бұл уақытта небәрі 7-8 кубты құрап, ауылдарға кезекпен су аудару жұмыстары ұйымдастырылды. Биыл аударма жоқ, су жеткілікті.
Айта кетейік, Сайрам ауданында 53 канал бар, оның 47-сі коммуналдық меншікте. Ал 6 канал жекеменшік. Жалпы, ауданда 27 канал күрделі жөндеу қажет етеді.