Жалғыз бүршік

 Жаңа үйге көшіп келгенімізге жеті жылдан асып қалыпты. Алғашқы жылдары үйдің артқы жағына біраз жеміс ағаштарын еккен болдық. Қайтпастың жері тастақ. Не ексең де оңайлықпен бірден көгеріп кете қоймайды, әсіресе майда гүлдердің шығуы тым қиын. Үйдің айналасына егілген бойлары аласа сабақтары қып-қысқа  жермен таласқан қызыл, сары, күлгін, ақ гүлдер шыпырлап түрлі түсті көйлек киген кіп-кішкентай бүлдіршіндер сияқты. Гүлдердің нәзіктігі соншалық аздап ескен самал желдің өзі әрбір күлтені еркелете үрлей тербеткенде сан түрлі майда күлтелер кішкентай қыздардың тұп-тура желбезектелген күліш көйлектерінің етегіндей шыркөбелек айналып билей түседі. Әсіресе жаңбыр жауғанда күлтелер дір-дір етіп етіп, қайда тығыларын білмей қолшатырсыз жәутеңдеген нағыз балауса қызды елестетеді. Жаңбыр тамшылары болса асықпастан гүл сағағына қарай сырғып барып үзіліп түскен көз жасындай жерге тырс-тырс етіп тамшылап жатады. Таңғы шықтан кейінгі көрінісін айтсайшы. Дымқыл тартқан күлтелер нәрленіп, күн шуағы түскен сәтте ұялшақ қыздай қымсынады. Анда-санда Арыстанды- Қарабастың желі тұрған кезде гүлдердің мазасы қашып сабақтары майысып әбігерге түседі. Жел басылғанда түк болмағандай бір-бірімен қүшақтасып қайтадан шүпірлесе қалады. Күннің көзі қыза бастағанда күлтешелер ашылып, бүкіл планета күліп тұрғандай айналаң шуақ шашып қоя береді.

Гүл егу де үлкен өнер. Ынты шынтыңмен егілген гүлдер бірден қаулап шыға келеді.Мен гүлдерді ерекше жақсы көремін.Жұмыс басты болып кейде егу мезгілінен кешігіңкіреп қалатыным да бар. Біздің үйде гүл егу менің еншімде. Үйдегілерге күлкі болмайын деп гүлдің ұрығын ұяшыққа тастап жатқанымда «Гүлдерім мені күлкі етпей бәрің қалмай түгел өніп кетіңдер, мен сендерді жақсы көремін»- деп күбірлеп жатқаным. Тура сөзімді естігендей әйтеуір бір аптада гүлдерім қылтиып-қылтиып құлақтарын көрсете бастайды. Ақыры егетінім сол гүлдер ертерек қам жасасам болады ғой, басқаға таппасам да алақандай жерге гүл егуге уақыт табуға болады:Еріншектік қой менікі. Кейін,кейін деп созбалаңға салып жүріп аламын. Қысқасы не керек жалқаулық мойныма әбден мініп алған. Бізді негізі кейін, қоя берші, сосын деген өлтіреді. Еріншектің ертеңі таусылмас деген. Жеміс ағаштарын егу оңай шаруа емес. Сөйте тұра аядай жер  болған соң өзіміз-ақ бірдеңе етерміз деп ешқашан бағбан шақырған емеспіз. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп жеміс көшеттерін жолдасым өзі егіп жатады. Тастақ жердің сазайын көріп жатырмыз. Күзде егілген жүзім көшеттері тыраң-тыраң етіп булығып барып әупірім тәңірмен әрең дегенде барып тамырланды.  Тамыры тасқа тиіп деген сөз осындайдан шыққан болар. Жеміс ағаштарының көшеттері болса күтім жақсы болды ма?

Әйтеуір ерте көктемнен бастап-ақ  тез бой алып кетті.Жеміс ағаштарының ішінде жалғыз түп қызыл алма ағашы болатын.Өзге ағаштарға қарағанда көшеті тым жіңішке бойы да аласа еді. Қызыл алманың көшетін сары өрік пен шабдалының арасына отырғызбақшымыз. Қызымның мектепті бітіретін жылы уақтысының жоқтығына  қарамай қасымызға келіп «Мен де біреуін егейінші» деген соң шыбықтары жіп-жіңішке қызыл алма көшетін Ақеркеге бердік. Әкесі «Бұл сенің алмаң болады бірінші жемісін өзің ғана жейсің»- деп мейірленіп маңдайынан сүйіп жатыр. Біздің үйдің ұлдары тым-тырақай өз шаруаларымен айналысып жатыр.  Не егіп жатырсың шаруалары да жоқ. Шіркін қыздың жанашығыштығына, бауырмалдығына тең ештеңе жоқ қой, Қашан көрсең қабағыңа қарап  қана сөйлеп отырғаны. Ақерке әкесінен көрген болса керек, көшеттің жанын ұңғылап өзі су құйып жүрді. Екі-үш жылда еккендеріміздің бірлі жарымы жайлап жеміс бере бастады. Ең нәзік деген қызыл алмамыз баудың алды болды. Гүлдегенде баудың қақ ортасында тұрған алма  ағашы баданадай-баданадай қанық күлгін рең түсті гүлдерімен мен мұндалап тұратын. Адамдар сакура гүлдеді деп қуанып жатады ол мына көріністің қасында әншейін ғана. Қызыл алма ағашы алғашқы салғанда-ақ алманың көптігінен бұтақтары майысып әзер тұратын. Алма ағашына қарап обал болды-ау бұтақтары сынып кетпесе екен деп жанына барып жәймен сипалап өтететінмін. Дәл қасындағы өрік ағашы болса серейіп төбе жағына ғана салып оған да бойымыз жетпей қағып аламыз деп жүргенде торғайлар түгін қалдырмай шұқып тастайтын. Бірде ауылдан апам келгенде   алмаларының көп салғанынан бұтақтары иіліп  әрең көтеріп тұрған алма ағашына қарап «Қара басына көрінсін, жеміс ағашының ерекше көп салғаны жаман ырым, күзде бұтап азайтыңдар» деді. «Несін бұтайсың өзі кішкентай ғана болса,  осы  апам  да қайдағы жайдағыны айта береді» деп мән бермедік. Оны аз десең жолдасым  әзілдеп «Осы қайын жұрт көре алмағанды қашан қояды» деп әзілге айналдырды.

Биыл көктем  ерте шықты.Ақеркем болса мәңгілікке кеткен.Бауға қарауға ешкімнің құлқы жоқ. Жолдасыма қарап «Қисайып жатқаннан ештеңе шықпас, үйдің артына барып кішкене жинастырайық, бауға барып ағаштарды әктейікші» дедім.Ол ләм деместен сүйретіліп барып қолына әк шелегін алып  жеміс ағаштарымызға қарай беттедік. Көктемнің ерте шыққанын қайтейін, енді  ғана күн жылына бастады дегенде қар жаусын жапалақтап. Артынан құйындатып жел тұрды. Биыл бағбандарға қиын болды, өрік ағаштары үсік шалып өрік болмайтын болды дегенді  көп естігенмін. Әсіресе, тау жақтағылар көп әңгіме қылып жүрген. Оған мән берген мен жоқ. Бес алты жеміс ағашымызға жау келмес дедім ба білмеймін байыбына баруға зауқым соқпады. Айналама қарадым шынында да ағаштардың бірең сараңы аздап қана бүршік ата бастағаны болмаса жылдағыдай шыпырлаған, бұтақтардың сәусілдеп бүршік толып тұрғаны көзіме түспеді. Жылдағыдай алақандай баудың сәнін келтіріп, ең ерте бүршік жарып аппақ –аппақ майда гүлдерімен мен мұндалап тұратын шие ағашы да көңілсіз болып көрінді. Байғұстар үсіп кеткен шығар, қалғанын жел қағып тастаған болар деп ойладым. Ақеркенің алма ағашын іздедім. Қақ артада тұр. Сұп-сұр. Ақерке жоқ қызыл алма да ағашы да жетімсіреген тәрізді. Жанына жақындадым. Көзіме гүл түгіл қатқан бүршік те түспеді. Әр бұтағын анықтап асықпай қарап жатырмын. Көрінбейді. Қызыл алма басқа ағаштарға қарағанда ықта тұр талдардың дәл ортасында қалай болғаны деп аң-таңмын.

Бұрындары желден төгіліп қалғанының  өзі енапат болатын еді. Өсімдік екеш өсімдік те иесін іздеп жетімсіреп тұр ма екен? Тамағыма өксік кептеліп, көзіме жас келді. Көзіме толған жастан ешнәрсені көре алар емеспін. Көзім қарауытып барады. Алма ағаштың түбіне отыра кеттім. Қанша отырғанымды қайдам тырс етіп бірнәрсе төбеме түскендей болды. Жылдам басымдағы орамалымды шешіп қарадым. Қайта-қайта қаққылап сілкіп жатырмын. Жабысқан ештеңе жоқ. Не болса құрт құмырсқа шығар деп орнымнан тұруға бет алдым. Орнымнан көтеріліп жатып тағы бұтақтарға көз жүгірттім. Ой тоба десейші! Жаратқанның құдіретін қайтерсің. Дәл төбемдегі бұтақтан жалғыз бүршік көзіме іліне кеткені. Бүршік болғанда қандай, ондай баданадай үлкен бүршікті өмірімде көрмегенмін. Тырсиғаны соншалық атылуға шақ тұр. Қолымды жоғары көтеріп бүршікті сипалағым келді. Батылым жетпеді. Саусағым тиіп кетсе абайсызда бүршік үзіліп кетіп айырылып қалатындай қорықтым. Содан күнде аңдыйтыным сол қызыл алманың жалғыз бүршігі. Қашан бүршік жарып гүл ашады екен деп күтіп жүремін. Қайткенде де бүршіктің ашылуын көруге асықтым. Бір екі күн өткен соң таң сәріде оянып кеттім. Алагеуім. Ақ пен қараны ажыратуға болады. Ұйқыдан тұра салысымен терезеден сыртқа қарап тұратын күндегі әдетім. Қызыл алма ағашы терезеден анық көрінеді. Жалғыз бүршік өскен бұтақта гүл көргендей болдым. Қайта-қайта көзімді уқалап жатырмын. Өз көзіме өзім сенбей беті қолымды жумаған күйі асығып апырақтап қызыл алма ағашына әрең жеттім-ау. Көзім алдамапты. Жалғыз бүршік жарылып үлкендігі жұдырықтай жалғыз ғана ашық күлгін рең гүл ашыпты.

Әдетте жеміс ағаштарының гүлдері біркелкі ашылады, көлемдері де онша үлкен болмайды. Мынау қызыл алма ағашының гүлі ерекше. Суретке түсіріп алдым. Интернеттен ара-арасында ұқсас оқиға іздеп те қоямын. Не болса да бекер емес деген ой басымнан кетпей-ақ қойды. Ақеркем жалғыз біршіктен шыққан гүл кейпіне еніп келіп тұрған сияқты. Ұлдардың ішіндегі жалғыз қыз еді. Қалт етсем қарайтыным қызыл алма ағашы. Ешкімге көрсетпей Фатиха сүресін оқимын. Біреу көрсе мынаның есі адасқан шығар деп ойлап қалуы мүмкін деген қорқыныш та жоқ емес. Жалғыз гүл шақырып тұрғандай мен мұндалап. Гүлді аялағым келеді де тұрады, не болса да ұстап көрейінші деп бірде батылсыздана қызыл алма ағашына бет алдым. Не болса да гүлді қолыммен ұстап көрмекшімін. Бүгін үйдегілер ауылға кеткен, менің мынау кейпімді  ешкім көрмейді. Алма ағашының қасына келіп тостағандай күлгін гүлге  қарап көз жазбастан бұтағына қолымды соза бергенім сол еді жалғыз бүршіктен шыққан үлбіреп тұрған күлгін гүл дір етіп жерге төгіліп кеткені. Сипалап та үлгере алмадым-ау епетейсіз қобалақ басым деп көз жасыма ерік бердім. Сөйткенше болмай қайдан келгенін білмеймін бір құйын келіп айнала аласапыран болды да кетті. Екі көзім жерде әлгі сау етіп шашырап кеткен гүлдің күлтелерін теріп жинап алмақшы болып әрекет етіп жанталасып жатырмын. Әп-сәтте құйын басылды. Жерде  гүл түгіл гүлдің тамтығы да көрінбейді. Тостағандай гүлден титтей күлтеше де қалмапты. Үйде ешкім жоқ. Көзім бұлаудай болып ісіп кеткен. Амал жоқ үйге кірдім де бетімді жуып айнаға қарап басымдағы орамалымды туралап тартпақшы болып шеше бергенімде орамалымның шашағына  оралып қалған жалғыз күлгін күлтешеге көзім түсіп кетті. Ақеркенің қызыл алма ағашының жалғыз түйір күлгін гүлінің жалғыз күлтешесі. Жерден жеті қоян тапқандай болып әлгі күлгін күлтешені алақаныма салып мейірлене иіскедім. Нәресте иіс. Гүлдің хош иісі емес кәдімгі қырқынынан шықпаған шақалақ нәрестенің иісі. Гүл иіс емес жөргек иіс. Тағы да алақанымдағы күлтешеге қарадым. Қолымның нәмінен күлгін рең күлтеше дымқылданып қанық тартып күреңдене бастаған сияқты.

Далаға шығып күнге кептірмекшімін Алақанымда күлгін күлтеше Ақеркенің күлтешесі. Қанша уақыт өткенін білмеймін.Есіктің алдына жарыққа шығып алақанымдағы күлтешені күн көзіне тостым. Көзімді тарс қылып жұмып алғанмын. Көзімді ашсам болды бүкіл рахаттан айырылып қалатындаймын. Алақанымда жәй күлгін гүлдің күлтешесі емес, күлгін реңді жақсы көретін баяғы нәзік балауса Ақеркем сияқты. Ақеркемді еркелетіп тұрғандаймын. Қиялға беріліп қанша тұрарымды кім білсін әлгі құйын тағы да қайталанбаса. Тағы да дала құйын алай-дүлей. Көзімді аша сала алақаныма қарадым. Алақанымдағы күлгін рең күлтеше үшты күйлі жоқ. Құйын алып кетіпті. Тылсым дүние. Тағы да көз жасыма ерік бердім. Бетімді қос қолыммен басып еңкілдеп жылап отырмын. Қос жанарымнан аққан сағыныш жастары алақаныма тырсылдап қайта-қайта тамшылап жатты. Бетімді жуғым келмеді. Неге ғана далаға шықтым, нендей түлен түртті мені, үйдің ішінде-ақ кеуіп кететін еді, нем бар еді деп өзімді жазғырдым. Шығасыға иесі басшы деген. Күлгін күлтешені аялаған алақаныммен бетімді сипалай бердім, сипалай бердім. Сағынышым өксікпен ұласып  тарам тарам тамшылар иегімнен сырғып көкірегіме домалап барады. Көкірегімді жібіткен нәресте иіс көзден шыққан жаспен бір арнаға қосылып сағыныш бұлағы ағып жатқандай. Мауқыңды бір сәт қана басқызып жалғыз бүршікті жарып шыққан күлгін гүлдің күлтешесі болып келіп бір иіскетіп мәңгілік мекеніңе ұшып кете бардың-ау! Қызыл алма ағашының қасына бардым Кеш батты. Жел де басылған. Айнала тып-тыныш. Көзім ілініп кетіпті Түсімде Ақеркемді көріппін. Дәл қасымда тұр. Аспанға қара дейді .Аспанға қарасам бұлттың ар жағында аппақ жалғыз құс ұшып жүр. Бұлттар қандай әдемі күміс бұлттар деген осындай болатын шығар деп түс көріп жатып ойлап қоямын. Әшейіндегі аспанды жайлайтын ала-құла будақ-будақ бұлттарға мүлдем ұқсамайды. Аппақ құс тура бір ертегідей. Құсты көрдім деп Ақеркеге айтайын десем қызым қасымда жоқ. Оянып кеттім. Жоғалтқанымды түсімде тауып, оны қайтадан түсімде жоғалтып алып бей-жай күйге ендім. Ақеркемнің құлпытасына қашалып жазылған «Аққұсым баққұсым, ұшып кете бардың-ау» деген жазу қас-қағымда көз алдыма елестеп сурет болып тұра қалды. Неге ғана сол сөздерді жаздырттым екен?.

Түсімде де сол аққұс алыстан бұлттардың ар жағынан қанатын қағып ұшып барады. Айтары бар,  белгісі көп тылсым дүние-ай!. Құлпытасқа өзім жаздыртып,  сол сөздер түсімде өзіме қайтып  оралады деп ешқашан ойламаппын. Кездейсоқ ештеңе болмайтынына көзім тағы жетті. Жалғыз бүршіктен жалғызгүл болып ашылып қас-қағым сәт анаңа тәтті сезім сыйлаған бала махабатыңнан сенің шейін. Мәңгілік өмір мен уақытша жалған дүниенің арасындағы жіпсіз байланысты сездіретін күш сыйлаған Жаратқан Ием өзіңе ризамын. Бүкіләлемдік тартылыстың тылсым күшін ғайыптан реттеу деген осы болар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *