
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында «Қоқыссыз табиғат» жалпыұлттық акциясы және 25 қазан Республика күніне орай «Жаңа Қазақстан.Таза табиғат» ұранымен акциялар өз жалғасын табуда. Іс-шаралар қоршаған ортаға қамқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында өтуде.
«Қоқыссыз табиғат» жалпыұлттық акциясына Түркістан облысына қарасты қалалар мен аудан, ауыл округтеріндегі бірқатар мекеме ұжымдары, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосып жатыр. Аталмыш шараның мақсаты облыс тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор.
Сонымен қатар, 25 қазан — Республика күніне орай Түркістан облысында бірқатар ауқымды мерекелік іс-шаралар өтуде. Облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауымен түрлі жәрмеңкелер мен акциялар, қайырымдылық және экологиялық шаралар, жастар арасында жалпыреспубликалық патриоттық кештер мен эссе байқаулары ұйымдастырылып жатыр.
Мерейлі мереке 25 қазанға дейін облыста оқушылар, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері арасында «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында жалпы республикалық эссе конкурсы, «Жаңа Қазақстан.Таза табиғат» тақырыбында аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, скверлерді тазарту, ағаш отырғызу бойынша жаппай экологиялық науқандар өтуде.