
Спорттық джиу-джитсудың комбат түрінен Испания елінде және Өзбекстан Республикасының Бухара қаласында өткен чемпионаттарда жүлделі бірінші орынды иеленген келестік Ережеп Досбол Көпжасарұлын және Көкшетау қаласында өткен 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпар және аударыспақтан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаз жасөспірім спортшыларын Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев қабылдады.
— Байрақты бәсекедегі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, алғыс білдіргім келеді. Жарысқа қатысу, сайыстан орын алу тыңғылықты дайындықты, еңбекті қажет ететіндігін білемін. Сіздердің асқан асуларыңыз, шыққан белестеріңізге шын қуаныштымыз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын,- деген аудан әкімі Ақментай Үсенұлы спортшыларға және жаттықтырушыларға алғыс хат табыстап, естелік сыйлықтарын ұсынды.
Айта кетейік, Еуропа және Азияда өткен джиу-джитсудың комбат түрінен жеңімпаз атанған Ережеп Досбол Келес ауданының Ошақты ауылдық округінің тумасы болып табылады. Ал аударыспақтан ел біріншілігінде Исламбек Жұмағали, Тұрсынхан Нұрсұлтан, Көбей Құдірет және Қонай Жармұхамед аударыспақтан жеңімпаз атанса, Қонай Бимұхамед үшінші орынды қанжығасына байлады. Көкпар спортынан бірінші орынды командалық есепте жеңімпаз атанған келестік жасөспірімдердің қатарында Расул Жолдасәлі, Абдуразақ Рамазан және Абибулла Асылбектер бар.