«МЕНІҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ – СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ»

Әрдайым халық қамын ойлап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар еліне сыйлы, ортасына қадірлі болады. Арамызда мұндай азаматтар көптеп саналады. Түркістан қалалық мәслихатының жетінші шақырылымының жаңа құрамындағы депутаттардың туған жер топырағын түлетіп, оның өсіп-өркендеуіндегі тындырымды тірліктерін жария етуді жалғастырамыз. «Депутат мінбері» айдарының бүгінгі қонағы Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғаппар Амантайұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік. Көзі қарақты оқырмандардың назарына осы сұхбатымызды ұсынуды жөн санадық.

– Өткен жылы депутаттық сайлау жаңа тәсіл арқылы халық қалаулыларын таңдады? Праймериз тәсілі қаншалықты тиімді?

– Иә, дұрыс айтасыз, мұндай тәсіл бізде бұрын қолданыста болмаған. Бұл алғаш рет өткізілді отыр. Праймериз – партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Яғни іріктеу деген ұғымды білдіріп, алдын-ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенді аңғартады. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді көтеретін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.

Праймериз – алдын ала «Amanat» партиясына лайықты кандидаттарды саралап алды. Әрине, жай ғана саралап алған жоқ, халықпен кездесулер барысында бүгінгі қоғамымыздағы түйіткілді проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын зерттеп, оны әлеуметтік желі арқылы жариялап отырды. Жалпы, қорытынды бойынша халықтың сеніміне ие болып, бұл бәсекеде сайлаушылардың қолдауымен 4-ші рет қалалық мәслихатқа депутат болып сайландым. Бұл тәсілдің тиімділігі егерде халық қалаулысы белгілі себептермен қалалық депутаттықтан түсіп қалса, орнына іріктеуден өткен тағы бір кандидат дайын тұр деген сөз.

– Бұрындары депутаттар белгілі бір сайлау округінен сайланып, осы сайлау округінің проблемаларын шешуге атсалысып жататын еді. Бүгінде халықтың көкейіндегі мәселелер қалай шешіліп жатыр?

– Өте орынды сұрақ. Бұрындары тек өзің сайланған округтің күрмеуі шешуге мұрындық болатын едік. Бүгінде алдын ала кесте арқылы қоғамдық қабылдау өтетін күнді әлеуметтік желі арқылы жариялап отырамыз. «Amanat» партиясы қалалық филиалында әр тоқсан сайын жеке қабылдаулар өткізіп, атқарылған жұмыстар әлеуметтік желіде, жергілікті газетте тұрақты жарияланып отыр. Қабылдауға келген тұрғындардың мәселелеріне терең зер салып, өзімнің берік ұстанатын қағидалар арқылы жұмыс жасауға баса назар аударып келемін. Атап айтар болсам, жұмыссыздық мәселесі, халықтың әлеуметтік осал топтары яғни қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде жәрдем беру, елді-мекендердің инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу, қалаішілік жолдарды жөндеу және электр жүйелерінің кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал ету, денсаулық саласы мекемелерін қазіргі заман талабына сай жабдықтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін шағын стадиондар, спорт залдарын салу, жастарды жұмысқа тарту үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосу т.б. Сенім үдесінен шығып, құрғақ уәдемен құлаш сермемей, әрбір сөзіме нық сеніммен жауап беру менің азаматтық ұстанымым болып табылады. Сондықтан болар, жеке қабылдауға келген кез-келген тұрғынның мәселесін заң аясында шешілуіне атсалысып келемін.

– Қала тұрғындарының жұмыссыздық деңгейін төмендету бағыты мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету туралы тоқталып өтсеңіз?

– Елбасымыздың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 тарихи шешімімен Түркістан қаласы облыс орталығына, сонымен бірге биыл наурыз айында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Небәрі 3 жылдың ішінде Түркістан адам танымастай дәрежеде өзгерді, жаңадан нысандар салынды. Бұл әлбетте, баршамызға қуаныш сезімін ұялатады. Дегенмен түркістандықтарды тұрақты жұмыспен қамту үшін өндіріс орындарын көптеп ашу мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Кәсіпкерлерге қолдау жағын да тағы бір пысықтап алғанымыз жөн. Өйткені, өз жұмысын енді қолға алған кәсіпкерлер кейде жан-жақтан кедергілерге тап болатыны бар. Мысалы, құрылыс үшін ең қажетті тас, құм, шағал тас, темір-арматуралардың, тағы басқа құрылыс материалдарының қымбаттауы кәсіпкер үшін де, жай қарапайым халық үшін де оңайға соғып отырмағаны анық. Алдағы уақытта осы мәселелердің өзегін негізге алып, тиімді шешім қабылдауға күш салудамыз.

– Түркістанның туризм орталығына айналуы бағытында тағы қандай жұмыстарды қолға алуымыз керек деп ойлайсыз?

– Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар қала басшысының тікелей бақылауында. Бөлім басшылары бар күш-жігерлерін жұмсап, аянбай еңбек етуінің нәтижесінде жұмыстар сапалы орындалады. Әлбетте, мұндай мәселелер тұрақты комиссияның отырысында да талқыланып келеді. Ал, одан қорытынды шығару басшылардың арына, намысына байланысты. Сондықтан Түркістанның табыс көзін тікелей туризммен байланыстыратын болсақ, атқарып жатқан жұмысымызды тиянақты, нақты, ынта-жігермен атқаруымыз керек. Сонда ғана киелі қаламыздың атына, оның қасиеттілігіне дақ түсірмеген боламыз. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, жастарға еңбекқор болуды, бойындағы күш-жігерін мүмкіндігіне қарай жұмсап, Түркістанның бұдан да көрікті болуына атсалысуы керек.

– Қайырымдылық жасауды отбасылық үрдіске айналдырғандарыңызға біраз жылдың жүзі болды. Осы жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Қайырымдылық жасау – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқап жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Мұндай игі істерге мұрындық болып жүргенімізге біраз жылдың жүзі болды. Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай жалғастырып, 55 отбасыға көмек қолын создық. Әлемді шарпыған індетке байланысты өткен жылдан бастап көмекке мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алдық.

– Өзіңіздің спортқа ден қойған, салауатты өмір салтын ұстанған жан екеніңізді көпшілік жақсы біледі. Осы тұрғыда пікіріңізді білсек?

– Балалық шағымнан бастап спортпен айналысып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Нақтырақ айтсам, самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болдым. Самбо күресінен спорт шеберлері арасында 2012-2014 жылдар аралығында өткен Қазақстан біріншілігінде қатарынан екі рет бірінші орынды иелендім. Самбо күресінен бөлек футбол, ат спорты тағы басқа спорттың бірнеше түрімен шұғылданамын. Құдайға шүкір, бүгінде ұлдарым да, қыздарым да спортты жанына серік еткен.

– Сұхбатыңызға рахмет, әрдайым сәттілік серігіңіз болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы