ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСЫ ҮШІН КӨРІЛЕТІН ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЮДЕ

 

Бүгінде егемен еліміз еңсесін тіктеп, дамудың жаңа сатысында ілгері жылжып келеді.

Десе де, мемлекет экономикасын тұралатуға және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге қауқарлы сыбайлас жемқорлық мәселелері — әлі де күн тәртібінен түспеуде.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде жүргізілген жүйелі реформалар нәтижесінде жемқорлыққа қарсы саясаттың өзіндік үлгісі қалыптасты.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңмен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданып,  сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге көрілетін жаза түрі қатаңдатылды.

Атап айтсақ, жемқорлық тәуекелдерін талдау және коррупцияға қарсы мониторинг, нормативтік актілерге антикор сараптамасы сияқты профилактикалық шаралардың енгізілуі, қол астындағы қызметкердің жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілігі енгізілді. Бұдан бөлек, саяси қызметшілер отставкаға кетуі міндеттелді, квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтер өз  жұмысын бастады, лауазымды тұлғалардың сыйлық беруіне және алуына толық тыйым салынды.

Сонымен қатар, коррупция үшін жауапкершілік те күшейгені жалпақ жұртқа белгілі. Парақорлық үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды, құқық қорғау органдары мен соттарға қылмыстық жауаптылық қатаңдады, жемқорлар үшін мемлекеттік қызметке өмір бойына тыйым салынды, ауыр жемқорлық қылмыстары үшін түрмеден ерте босату шектелді.

«Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек» — деген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеселді болдырмауға және оның алдын алу жұмыстарына айрықша басымдық беруде.

Ел дамуын бәсеңдетіп, халық пен билік арасындағы берік сенімді сетінететін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның деңгейін төмендету тек Агенттік қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, ол әрбір қазақстандыққа —  ортақ іс.

Бұл жұмыс тек Агенттіктің қызметімен шектелмейді, бұл бағытта барлық қоғам мен мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы маңызды.

Себебі, қоғамда пара беру, пара алу, делдал болу сынды  құқықбұзушылықтардың орын алуына, көп жағдайда тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділіктерінің төмендігі себеп болып жатады.

Жандос ҚАМБАРБЕКОВ,

      «Күрең тұлпар» Қоғамдық Бірлестігінің жоба үйлестірушісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы