ЖАҢАРҒАН ТҮРКІСТАН – БЛОГЕРЛЕР КӨЗІМЕН

10 просмотров

Ғалым Махамбетов: Түркістан бұрынғы қала емес. Біраз өзгеріс бар. Тарихи шаһарға саяхат ерекше әсер берді. Оның үстіне Өркен Кенжебек мырзамен бірге жүру мен үшін үлкен абырой. Мен түсінбеген дүниелерді «Визит Түркістан» орталығы тереңінен қарапайым тілмен жеткізіп берді. Негізі Түркі жұртының тарихы тереңде. Оны бір постпен немесе сториспен айта салу мүмкін емес.

Тарихы терең, түркі әлемінің бесігі болған киелі Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығына келіп, алтын ғасырдың атмосферасын сезініп, алтын адамдарды көріп, алтын костюм кисеңіз, алтын тақта отырып керемет сезімге бөленесіз! Қысқасы Түркістанға бару керек, Түркістанды көру керек.

 

Өркен Кенжебек: Төрт жыл бұрын «Енді Түркістан түлесін» деп жоғарыдан бұйрық түскенде ешкім сенбеді-ау, сірә. Соның бірі мен едім. Ясауи кесенесінің алдындағы іркес-тіркес 250 ескі үйді сүргенінен бастап, су жаңа әкімшілік ауданды салғанына дейін әр жерді бөлек жазса болады. Бастысы, Астананы салғандай арын осында сезілді ғой. Еліміздің мерейін көтеру бір бөлек, Орталық Азияның иісін сезініп, аурасына бөленсек деп арнайы келер туристерді де Өзбекстан, Қырғызстан бағытынан жаңылдырып, өзіме тартсам деген амбициясы бар. Соған сай «Керуен сарай» бес жұлдызды отелі, ойын-сауық орталығы, музейлер, шоу-бағдарламасын, «Сандық» этномейрамханасын сайлап алды. «Жақсыны көрмекке» деп, Ғалым екеуміз арнайылап тағы келгенбіз. Сол сапардағы әсерімен бөліскім келеді.

Жалпы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дегенде, көп адамның ойына бір ғана бейіт елестейді. Бұл жансақ стереотип, себебі мұнда Абылай ханнан бастап 21 ханымыз, жалпы белгілі деген 150 шақты тұлғаларымыздың денелері жерленген. Сондықтан да бұл біздің алғашқы ұлттық пантеонымыз, яғни қабірстанымыз деп айтсақ болатын шығар. Одан бөлек білесіздер кесене ішінде 40-қа жуық бөлме бар: мешіт, құдықхана, асхана, мәжілісхана.

Алаштың небір азулы, дана да даңғайыр ұлдары бекерден бекер осы топырақта байыз таппаған, себебі Түркістан көшпелі қазақтың бәрібір айналып келіп табатын қазығы іспетті. Ендеше Түркістанға келу, осы жерде тарихтың түбіне терең бойлау әрбір қазаққа парыз емес пе?

Айтпақшы «Ұлы дала елі» орталығына міндетті түрде келіңіздер, мұнда экспонаттар да ғажап, шоуы да керемет.

 

Зарина Нұржанова: Тарихи қалаға саяхатым ертегілер еліндегідей ғажап өтті. Жаңа Түркістанда саяхатшылардың ерекше қызығушылығын тудырып жүрген көрікті орындардың бірі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», сәйгүліктер шоуын өткізуге арналған арена, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, фуд-кордтар, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Арна жағасындағы тастардан әуезді ән естіледі. Бұл «Керуен сарайға» ерекше атмосфера сыйлайды. Сондықтан «Керуен сарай» «Қазақстандағы Венеция» аталып кетті. Қазақстанның рухани орталығына әр келген сайын тарихымызды еске алып, керемет сезімге бөленемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.