ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты облыстық патриоттар форумы өтті.
Елдікті ұлықтаған шараға еңбек ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев Рәміздер күнінің егемен еліміз үшін айрықша мерейлі әрі маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. 1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Рәміздер күні мерекесі болып бекітілді. Отансүйгіштік рух еліміздің басты нышандарын құрметтеуден басталады. Бұл орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деген болатын. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерге ұйыстыра берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! – деді Аңсар Жаңабайұлы.
Форум аясында басқарма басшысы Рәміздер күніне және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, өңірдің дамуына өздерінің үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында білім, спорт, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, т.б. салалар бойынша жетістіктерге жеткен, республикалық және халықаралық ареналарда еліміздің туын желбіреткен үздіктер бар.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жалынды жастардың әуелете шырқаған патриоттық әндері мен сахналық қойылымдары көрермен қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында облыс жастары «Менің туым, менің Отаным!» челленджін жолдады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы