ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНУЫ ТИІС

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының әкімі аудандарды аралап, халықпен кездесуін жалғастыруда.
Ғимараттары мен оның аумағының тазалығы сын көтермейтін, күл-қоқысқа толған білім ұяларының директорлары қызметімен кетуі мүмкін. Санитарлық талаптар сақталмаған мектептердің жай-күйі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті көшпелі мәжілісінде ортаға салынды. Отырыста барлық саладағы кемшіліктер талқыланды. Облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Жанашырлық болмаса, тірлік – осы. Әлеуметтік нысандарды күтіп әрі таза ұстауға қосымша қаржының қажеті жоқ. Ниет пен талап керек. Өзі басқаратын мекеменің тазалығын сақтай алмайтын директорлар мен басшылардың қызметтік жауапкершілігі қаралуы тиіс. Мәдениет үйінің маңының өзінен кемшілік анықталып отыр. Ауданда инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде емес. Көрсетілген кемшіліктерді жою үшін 15-ші маусымға дейін уақыт береміз. Ауданда жалпы 12 қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын бар. Оның 6-ауы экологиялық талаптарға сай келмейді. Күл-қоқыстарды қысқа мерзімде жойып, полигондарды ретке келтіру, сондай-ақ, тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керек. Ұзаққа созылған құрылыс нысандарының да мәселесін жедел шешкен жөн. 2018 жылдан бері индустриалды аймақта жобалар іске аспаған. Осыған байланысты ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде жаңа инвестициялық жобаларды ұсынып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Көшпелі мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту бағытында кездескен әрі қордаланған мәселелер жөнінде баяндады. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді мәлімдеп, жұмысты ширату жөнінде нақты ұсыныстар берді.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы есеп берді. Жыл басынан бергі 4 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Жергілікті бюджет кірістеріне 2022 жылы 17 млрд. 736 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 100,8 пайызға немесе 132 млн. теңгеге артығымен орындалды. Биылғы жылдың I тоқсанында жергілікті бюджет кірістеріне 3 млрд. 799 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 141,3 пайызға жеткен немесе 1 млрд. 110 млн. 534 мың теңгеге артқан. Бірінші тоқсанда ауданда 121 млрд. 967 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі, ауыл шаруашылығы саласындағы 3 млрд. 867 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Мәжілісте облыс әкімі тарапынан аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарының өмір сапасын көтеру жұмыстары жалғасын табады.
«Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», — деп құжатта айтылған.

Қабылданған жарлықта Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізуін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етуін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіруін міндеттеді. Сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері жыл сайын 15 қаңтарға дейін мынадай міндеттерді орындауы тиіс және жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін тапсырды. Сонымен қатар,  аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін, облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін тапсырған болатын.

Одан бөлек, ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін  әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отыруы керек екендігін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қараша айында «Ауылдық аумақтарды дамыту» жөнінде тұжырымдама әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Президенттің осы тапсырмасын орындаған Үкімет күні кеше Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте бекітілген тұжырымдама бойынша ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Сондай-ақ тұжырымдама аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бо­йынша түрлі шаралар қарастырыл­ған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қараша айында Президент лауазымына кіріскеннен кейін осы тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап негізі қаланған құжат бо­йынша көптеген жұмыс атқарылды.

Ауыл мен ауыл шаруашылы­ғына қатысы бар мемлекеттік органдар және осы салаға қатысты зерттеу институттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығында қызмет ететін мамандардың бәрінің ой-пікірі ескеріліп, екшеліп, ұтымды ұсыныстардың барлығы тұжырымдамадан орын тапты. Енді бұйыртса, ауыл инфрақұ­ры­лымдары дамып, ауыл шаруа­шылы­ғындағы және ондағы кәсіп­керлердің ісі оңалары анық. Себебі ауылдағы нашар инфра­құрылымдар көптеген кәсіп­кердің қанат жайып, бизнесін кеңейтуіне қолбайлау болып келгені кәдік. Аталған құжатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 па­йызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл­дық елді мекенді (АЕМ) кешен­ді жаң­ғыртуға баса назар ауда­рыл­ған. Енді мұндай елді мекен­дер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсу­дің жаңа нүктелеріне айналады.

Осындай нақты әрі айқын құжатты ауыл адамдарының күткеніне көп болғаны рас. Өйткені жылдан-жылға ауыл экономикасы кері кетіп, ауыл тұр­ғындарының тұрмысы төмендеп, елді мекендер тозып бара жатқаны жасырын емес. Мұны ескерген Үкімет ауылдағы барлық жағдайға жіті назар аударған сияқты. Себебі құжаттағы негізгі мақсаттардың бірі ретінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту деп анық көрсетілген. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электр­мен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Құжаттан нақты орын алған осы игіліктер жүзеге асса, ауыл халқы елді мекендерден қоныс аудармай, дала тіршілігін түлетіп, тұрақтап қаларына дау жоқ. Себебі алдымызда «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген заман туып келе жатқанын бәрі көріп, біліп отыр. Сондықтан ұланғайыр жері бар, ауыл шаруашылығына қолайлы біздің ел азық-түлік өндіру бойынша әлемдік нарықта өзінің лайықты орнын алатын кез келіп жетті. Ол мақсатты жүзеге асырудың нық тұғыры осы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы болмақ.

Тұжырымдамада тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженер­лік коммуникацияларды жүргізу жұмыс­тары жалғасатыны нақты көрініс тапқан. Бұл ретте ауыл­дық елді мекендерде өз қызмет­керлеріне үй салып берген жұмыс беру­шілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден ас­пай­тын үй құнының 50 па­йыз мөл­шерінде субсидияланады. Бұл жағымды жағдай ауыл ша­руа­­шылығындағы жұмыс беру­­ші­лердің қызметкерлері мен еңбек­­шілеріне үй салып беруге деген ықыласын барынша ынталан­ды­ратыны айтпаса да түсінікті болар.

Құжатта ауыл тұрғын­дары­­ның қауіпсіз өмір кешуі де назардан тыс қалмаған. Сондықтан ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу көзделіп отыр. Ал аудан орталықтарында бейне­бақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын бел­гілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша көптеген жұмыс жүргізіледі.

Арнайы айтарлығы, шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, инфра­құрылымды жаңарту мен негіз­гі қызметтерді қамтамасыз ету­дің нәтижесінде халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жос­парланып отыр. Бұған қоса еңбек тап­шылығы бар өңірлердің ше­каралас ауылдық округтер тұр­ғын­дарының жалақысына үстем­еақы қосу мүмкіндігі қара­лады. Тұжы­рымдамада көрсе­тілген­дей ауылда жаңа жұмыс орын­да­ры көптеп ашылып, онда­ғы тұр­мысты ізгілендіру шара­лары мық­тап қолға алынса, ше­ка­ра­лық аудандардағы халық­тың сол аумақта тұрақтап қа­ла­ры­­на үміт зор. Өйткені ауыл ша­руа­шы­лы­ғының жұмыстарын жеңіл­­дете­тін жаңа технология­лар мен соны жұмыс әдіс-тәсіл­де­рі енгізілсе және оны мең­геру үшін ауыл жастарын жаңа үрдіс­те оқытып дайындаса, елді ме­кен­дер­дің экономикасы көтерілетіні анық.

Ауыл адамдары өндірген ауылшаруашылық өнімдерін саудаға шығаруды, базарға немесе зауыт-фабрикаға жеткізуді, әйтпесе сатып, лайықты ақысын беруді мемлекет немесе үлкен корпорациялар міндетіне алса, ауыл халқы жаппай бел буып, білек түретіні күдік тудырмайды. Сондай-ақ ауылдағы кәсібін кеңейтуге капиталы жоқ шағын және орта бизнес иелерін нақты қаржылай демеу болса, көп адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туар еді. Расын айтқанда, қазіргі күнде ауылды жерлерде шаруа­сын дөңгелетіп әкетуге ақша­сы жетпей, «әттең тонның кел­тесі» деп жүрген қарапайым кәсіп­керлер өте көп.

Ауылдық аумақтарды дамы­ту­дың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы басқа да бірқ­атар іс-шараны көздей­ді, оның ішінде ауыл тұрғын­дарын жер­гілікті өзін өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көр­сету, туризмді дамы­ту, экспорт­ты ын­таландыру, эколо­гия­лық қауіп­сіздікті қамта­масыз ету және т.б. бар. Туризм демек­ші, ауыл­дағы бұл бағытты дамы­ту үшін үлкен ақпараттық қол­дау да қа­жет. Сонымен қатар ел ішін­дегі ғана емес, шетел турис­терін де ауыл­ға келтіру үшін тағы бір­қа­тар біліктілікті арттыру жұмыс­та­рын жүзеге асыру керек бо­лар. Не­гізі осы айтыл­­ғандардың бәрі ту­ра­лы толығырақ білу үшін мін­дет­­ті түрде әр ауыл адамы тұжы­рым­­­да­ма­ның өзінен оқып білуіне болады.

Осынау ел ырыздығын арттыру үшін арнайы дайындалған тұжырымдама Мемлекет басшы­сының өз бақылауында болса құба-құп. Өйткені бұған дейін ауыл шаруашылығын көтеріп, дамытуға арналаған қаншама бағдарлама құрдымға кеткеніне ел-жұрт куә. Енді бұйыртса, осы тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайыз­ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылады. Сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өт­кізіледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *