ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА СПОРТ САРАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 Түркістан облысының  Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Спорт сарайы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, бокстан Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, аудан тумасы Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов және аудан тұрғындары қатысты.
Жиында құттықтау сөз алған аудан басшысы Бақыт Асанов спорттың адам денсаулығын нығайтуда алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін көптеген спорт нысандары ел игілігіне беріліп жатқанын тілге тиек етті.
– Өздеріңізге белгілі, кентіміз аудан орталығы атанған 5 жыл ішінде көптеген құрылыс нысандары салынды. Соның бірі әрі бірегейі, бұған дейін еш болмаған спорт сарайында жастарымыз шынығып, үлкен додаларда топ жарады деген сенімдемін. Осы жерден еліміздің көк туын әлемдік аренада желбірететін Мұхтархан мен Біржан сынды мықты спортшыларымыз шыға берсін деген тілек білдіргім келеді, – деді аудан әкімі.
Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта 2 үлкен спорт залы және жаттығу залы, сабақ өтуге арналған арнайы залдар бар. Бірінші қабаттағы спорт залында спорттың гандбол, баскетбол, волейбол түрлері дамытылады. Ал екінші спорт залында күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.
Бұдан бөлек, әкімшілік қызметкерлеріне арналған кабинеттер мен бөлмелер, дәрігерлердің кабинеті, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, спортпен шұғылданушылардың демалуына арналған үй-жайлар, санузелдер және ғимарат сыртында автотұрақ пен шағын футбол алаңшасы орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы