
Жаңа облыс құрылған 5 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ал 2023 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17,7%-ға артты.
Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді.
Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%).
Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек аудан газға қосылмақ.
Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 автоматтандырылған газ таратустанциясы салынды.
2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды.
Инвестицияның көлемі артуда
Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жалғасуда.
Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттың орталығына айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» пайдалануға берілді. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады.
Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған.
Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда.
Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.
Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтуде.
Кәсіпкерлер жанкештілікпен еңбек етуде
Облыс әкімінің баяндауынша, Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан мен қала тұрғындарымен кездесулерде облыс басшылығы тарапынан осы бағытта түсіндірме және насихат жұмыстары атқарылуда.
– Елдің кәсіпкерлікке деген ықыласы жақсы. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн. теңгені құрады, – деді Д.Сатыбалды.
Қазіргі таңда өңірде Түркістан облысы әкімдігінің тиісті басқармалары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер жалғасып жатыр.
Қоңыржай ауа райы Түркістанның келешегі
Түркістан өңірінде қоңыржай ауа –райын қалыптастырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырыла бастады. Сонау Көкшетаудағы Сәкеннің сексен көлі атанған аумақ секілді Түркістан маңын барынша көкжелектендіру ғана емес, қолдан көлшіктер орнату, қалаға жақын маңнан су қоймаларын салу жұмыстары қарқын алуда. Оның ішіндегі бірі де бірегейі қаладан небәрі елу шақырым жерде орналасқан бұрын Шошқакөл атанып келген су жүйелерін «Жетікөл су жүйесі» айдарымен кешенді бағдарламаға айналдырды. Өйткені, бұл «Жетікөл су жүйесі» аумағында үш ауданның территориясын қамтыған жетпістен астам көлдер мен көлшіктер құрайды. Мұнда құстардың 420-дан астам түрлері мекендейді. Осы бағытта етурстер мен қала қонақтарының жылдам жетуіне арналған дамба құрылысы жүргізілуде. Осы жазда аяқталатын түрі бар.
Бұдан басқа ондаған жобалар қарқынды жүргізілуде.2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған.
Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.
Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыруға, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп келеді. Қазіргі таңда саябақ мен гүлзарлар саны 60-қа жетті. Көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрден асады.
Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суын барынша тиімді пайдалану қолға алынды. Облыс әкімі қаланы абаттандыру, арықтар мен каналдардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берді.
Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. Оған гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылды. Қаланың «Ботаникалық бақ» аумағы жағынан су тазартылатын №1, №2 су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған Р-33 каналынан су алынады.
Түркістан қаласын одан әрі жақсарту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында 269,2 шақырымды қамтитын 216 көшеге жарықтандыру жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда 124 көшеде жарықтандыру толығымен іске қосылып, қалған 92 көшені электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Түркістанмен бірге дамыған Кентау
Бағыт-бағдары айқын Түркістан облысының дамуы мен түлеуі көз ілестірмей жатқаны ақиқат. Бір жаңалығын жеткізіп болғанша, енді бір жаңалығы жарқ етіп жатқаны жасанды емес. Түркістанмен бірге Кентау қаласының да бағы жанып, бабы келіп жатқанын айта кеткен оң болмақ.
Бағы жанған көне Сауран
Жаңа облыстың дамуы мен өркендеуі тым биік. Сонымен қатар рухани һәм тарихи тұрғыдан бағындырған белестері жетерлік. Соның ішінде тарихи мәні бар Сауран атауын тірілтіп жаңа аудан құруы үлкен оқиға. Терең мән мен мағына шығып, Бағызы қазақылық аңқып тұрған ауданның аяқтан тұрып, өзге аудандармен бәскелік қабілетке ие болып жатқаны мақтанарлық. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да айтарлықтай даму жолында екені ақиқат.
Жаңадан құрылған Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елдімекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені.
Сауран ауданының жалпы аумағы 721745 шаршы метрді, халық саны 104,235 адамды құрайды. Ағымдағы жылы жергілікті бюджетке 1 млрд. 130 млн. 407 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 105,9 пайызға немесе 62 млн. 979 мың теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер 693 млн. 313 мың теңге, өзіндік кірістер 437 млн. 094 мың теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі 1 млрд. 177 млн. 741 мың теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілді.
Бір айта кетерлігі кезінде Түркістан қаласына, одан кейін Кентау қаласының қарамағына өткен аудан бүгінде күн сайын түрлену мен түлеуді бастан кешіріп жатыр.
Түркістаннан кейін бой көтерген үш облыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде үш облыстың ашылатынын айтып, халықты бір қуантып тастады.
Міне осы нәтижелі қадамның жалғасы ретінде елімізде үш облыс қатар ашылды. Мәслихат хатшылары, әкімдері сайланды. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлытау, Абай, Жетісу деп неге атайтындығын дәйектеп түсіндірді.
«Азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын…
Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз»,-дейді Мемлекет басшысы.
Маусымның 7-сінде референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде Мемлекет басшысы: «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда.
Ұлытау өңірінің тарихи географиялық тұрғыдан жəне топонимикасының зерттелуі жан- жақты саралау мен талдауды қажет етеді. Себебі бұл өңірдің тарихы қазақ тарихының құрамдас бөлігі болып табылады жəне осы территория туралы тарихи-географиялық мəліметтер, қалыптасқан топонимикалық жүйесі өлке тарихы үшін де, отан тарихы үшін де өте мол тарихи ақпарат береді.
Шын мəнінде де, дала өлкесі кеңістігіндегі Қазақстан тарихынан ерекше орын алатын Ұлытау территориясы, яғни Сарыарқа өңірінің батыс бөлігі. Ұлытау — қазақ сахарасындағы қасиетті мекендердің бірі, отандық тарихшылар тарапынан «көшпелілер өркениетінің алтын бесігі» деген бағаға ие болуы да тегін емес.
Шынында да, Ұлытау өңірінде қазақ тарихының барлық кезеңдері, сонау көне дəуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарих куəлары аяқ аттап басқан сайын «мен мұндалап» тұрады. Əсіресе көне дəуір мен ортағасырлар тарихынан сыр шертетін тарихи ескерткіштер барша тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Бұл аумақта қола дəуірінің қайталанбас ескерткіштері, тасмола мəдениеті ашылып, қазақ тарихының ұлы ескерткіштері Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Едіге мырза есімімен аталатын тау жəне т.б. орналасқан.
Ежелгі кезден таукен ісі дамып, ортағасырлардағы көшпелі тайпалардың даму деңгейінің көрсеткіші қалашықтар мен бекіністер де осы территориядан орын алған.
Осылайша, ұлттың ұйысатын күні маусымның 16-сында қазақ халқының маңдайалды марқасқа сарабдал саясаткерлері, биліктің төрт бұтағының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бас қосуға жиналды.
Мемлекет басшысы Қазақстан хақына Жолдауында: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз»,-деген болатын.
Түркістан қаласының облыс орталығына айналған жемісті жылдары ел тарихының мақтанышпен айтар бір парасы екенін айтқан дұрыс. Бүгінде күллі түркі дүниесінің, тіпті әлемнің назарына іліккен көне шаһардың экономикалық-мәдени дамуы өз биігінде қалыптасып жатыр. Бәрінен бұрын Түркістан облысының қарапайым тұрғындары мен билік өкілдері Арыс қаласындағы тосын оқиға мен Мақтаралдағы апатты жағдайда, зардап шеккендерге жедел қол ұшын беріп, мұсылман халықан тән адамгершілік пен қайырымдылықтың ерен үлгісін көрсетті.
Ажары ашылып, базары кірген, түрленіп, қайта түлеген өңірдің еңбектен табар бақыты алда. Жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы жақсарған үстіне жақсара түсуде.
«Еңбек атаулының бәрі де бағалы, өйткені ол адамды ізгілендіреді» деп Лев Толстой айтқандай, тынымсыз тірлігімен ізгі қаланың тұрғындары атағына ие болуға бағдар ұстаған түркістандықтардың жаңа облыс тұрғындарымен іс-тәжірибе алмасуға қашанда құштар.
«Жаңа Қазақстанның» шаңырағын бірлесе көтеріп, уығын шаншуға әрбір қазақстандық кетәрі болмаса керек.
