ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ҚАЛА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІҢ ЭПИЦЕНТРІНЕ АЙНАЛДЫ

Қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты» деген болатын. Қазіргі әлемдегі әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі мәселесі Қазақстанның таяу онжылдықтағы дамуының басты бағыты. Соның ішінде күннен-күнге қанат жайып, өркендеп келе жатқан Түркістан облысы да технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең де қарқынды даму кезеңіне қадам басып келеді. Түркістан облысында сыртқы сауда экспорты ­бойынша ағымдағы ахуалы мен даму үрдістері қалай жүруде? Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспорты үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Қазақстанның негізгі экспорттаушылары ретінде Түркістан облысының үлесі қандай деген мәселелер төңірегінде сұрау салып көрдік.

2018 жылдан бері облыс орталығы болып өзгерген Түркістан қаласы экономикалық процестердің эпицентріне айналып отыр. Қазіргі таңда ­облыс экспортында теңдей өндірілетін шикізат пен өңделген тауардың басым бөлігі уран, битум, трансформатор, ұн, күркетауық еті, мақта және ірі қара мал ­сынды тауар­ларының үлесінде. 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан аталған салалар нарықтағы өз позиция­сын әлде­қашан анықтаған. Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы ­ресми қорытындысы бойынша Түркістан облысының кәсіпкерлері 712,8 млн АҚШ долларына тауарлар мен қызметтерді экспорттаған. Бұл ретте Түркістан облысындағы инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай-ақ экспортты дамыту жөніндегі жұмыстардың басын біріктіретін «Turkistan Invest» кеңсесі экспорттаушылар үшін халықаралық нарыққа жол ашуға мүмкіндік беріп отыр деуге болады. – Бір жыл бұрын біз компанияның ішкі құрылымын жүйеге келтіріп, облысқа инвестициялар тартумен қатар, ­экспортты дамыту орталығын құрдық. Одан бөлек, біздің компанияда инвес­тициялар тарту, жобаларды сүйемелдеу және талдау басқармалары бар. Біздің мамандар облыстың инвестициялық және экспорттық әлеуетіне талдау жүргізіп, бизнес климатты жақсарту үстінде жұмыс істейді. Әр басқармаға жоғары білікті мамандар жиналған деп сеніммен айта аламын. Қазіргі уақыт инвесторлар және экспорттаушылармен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілін талап етеді. Инвестиция және экспорт параллельді түрде дамуы тиіс бағыттар, себебі шетелдік инвесторларды тарта отырып, біз экспорттаушылар үшін әлемдік нарыққа жол ашамыз. Осылайша, еліміздің экспорт география­сын айтарлықтай кеңейту мүмкіндігі пайда болады, – дейді «Turkistаn Invest» директоры Медеу Ділдәбаев. Оның ­айтуынша, бірлескен кешенді іс-шаралардың нәтижесі сыртқы экспорт географиясының артуына жаңаша тың серпін беріп, 2018 жылға қарағанда 16 жаңа елге артып, 36 мемлекетті қамтыған. Экспорттың басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Қытай, Италия және Франция елдеріне тиесілі, яғни аталған елдердің үлесіне барлық экспорттың 82,1%-ы келеді. Жалпы талдау жұмыстарының нәтижесінде облыста алғаш рет 2019-2024 жылдарға арналған Түркістан облысының инвестициялық жобаларының тізбесі қалыптастырылып, оған жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеге 278 жоба енгізілді. Оның ішінде 2019 жылы жалпы сомасы 76,4 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Мысалы, ­жылдам пісірілетін кеспе өнімдерін өндіру ­бойынша «CG Food Central Asia» ЖШС ашылып, жобаға непалдық кәсіпкер 5,7 млрд теңге инвестиция салған. Инвестиция мен экспортты бір шеңберде қатар дамытудың жаңа архитектурасы облыстағы өндіріс дамуының айқын көрінісі ретінде жоғары әлеуетке ие. Мәселен, Ордабасы ауданында іске қосылатын «Standard Petroleum» ЖШС мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықтың бензин мен жанармайға деген сұранысын ғана емес, сонымен бірге мұнай-химия өнімдерін өндіруді, яғни мұнай-химия өнімдерін шығару үшін мұнайды терең өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тек жанар-жағармайды қайта өңдеу ғана емес, сонымен қатар мұнай-химия өнімдерін өндіріп шығаратын жоба­ның Қазақстанда ұқсас баламасы әзірге жоқ. Әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, бүгінде «Turkistan Invest» командасы Түркістан облысының экономикасына ­инвестиция салу туралы шешім қабылдаған шетелдік инвесторлар үшін инвесторлық визаларды ресімдеуде көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыруда және жалпы алғанда аймақ инвесторларына жобаларды сүйемелдеу кезінде жан-жақты қолдау көрсетуде. Әлеуетті инвесторлармен онлайн келіссөздер жүргізіліп, облысқа инвестиция тарту бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. «Turkistаn Invest» директорының орынбасары Әділет Ғайнұллаұлы облыстың сыртқы сауда экспорты бойынша даму барысын тарқата баяндап берді. – Қазіргі таңда Түркістан қаласы облыс орталығы болып өзгергеннен кейін, облысымыздың экспорты 45 пайызға төмендеген. Оған себеп, тоғыз жолдың торабы Шымкент мегаполисі өзінің инфрақұрылымдық жағдайымен кәсіпкерлерге ыңғайлы болуымен – экспорт үлесінің көптігін білдіреді. Яғни тоқсан сайын Өңірлік экспорттық кеңес ұйымдастырып, аталған кеңеске экспорттаушы кәсіпорындарды шақырып, көтерілген мәселелер бойынша жол картасы бекітіліп, тиісті мемлекеттік органдарға мәселені шешу бойынша тапсырма беріледі. Тапсырмалардың орындалуын облыс әкімі өз бақылауына ­алады. Сыртқы сауда экспортын ­дамытуда «Turkistаn Invest» шетелдің нарығына шығуға көмектесіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуде мамандандырылған кеңес көрсетеді. Айталық, Ресей супермар­кеттерінің азық-түлік сатып ­алуда қоятын фитосанитарлық сертификат, ресми келісім-шарт, жүк көлігіне тиеу стандарттары және тағы басқа өзіндік талаптары бар, – дейді Әділет Ғайнұллаұлы. Түркістан облысы – ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде үлкен потенциалы бар экономикалық аймақ. Облыстың көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайға шекаралық жақын орналасуы, халық санының көптігі, ауа райының қолайлылығы, қажетті ­инфраструктура мен энергоресурстың толықтығы экспорттық бәсекеде көптеген артықшылыққа мүмкіндік береді. Өзара тиімді сауда байланыстарын кеңейту және ­экспортты ілгерілету бойынша мүмкіндіктерді жақсарту мақсатында мемлекеттік қолдау институттары қарқынды жұмыс істеп келеді. Экспорттаушыларды қаржылық қолдау ­бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар ­экономикасы», «Аграрлық несие ­корпорациясы», «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Ырыс» МҚҰ сынды ұйымдар өз жемісін ­беруде. Халықаралық сауда келісімдеріне қатысу бойынша 2020 жылы ақпанда Өзбекстанның Үргеніш қаласында өткен ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумында Түркістан облысының 3 компаниясы – «Ордабасы Құс» ЖШС, «Қайып ата» ЖШС, ­«Кентау трансформатор ­зауыты» АҚ жалпы ­сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісім-шарт жасады. Осы уақытқа дейін сол келісім-шарттар ­бойынша 340 мың АҚШ долларының ­тауары Өзбекстанға экспортталды. Аталған ­форумда экспорттық келісім-шарттардан бөлек, Қазақстанның басқа компания­лары да өз өнімдерін ұсынып, жаңа тұтынушылар табуға септігін тигізген. Десе де, Түркістан облысындағы өзара сауданың ағымдағы үрдістерін талдау бірқатар сын-қатерлер бар екендігін көрсетіп отыр. Экономика ғылымының канди­даты, сарапшы Сапарбай Жұбаев Қазақстан экономикасының шикізат­тық және ауылшаруашылығы сектор­ла­рының экспорттық әлеуетін арттыру және олардың өнімін ЕАЭО елде­рінің нарықтарына ілгерілету үшін ин­тегра­цияның бар басымдықтарын ескере отырып жағдай жасау қажеттігін алға тартады. – Қазақстанның ЕАЭО-да үлесі өсіп келе жатқан басым сауда әріп­тестері ретінде Ресей ­Федерациясы мен Қытайдың үлесі жоғары. Ал Қазақстанның халықаралық саудадағы ең басты бағыттары туралы айтатын болсақ, шикізатты экспорттау мәселесінде атап айтарлықтай жетістіктерге жеткенбіз. Мұнай-газ өнімдері мен металлдарды экспорттау 1995 жылдардан бергі ең негізгі экспорттық тауарлары болып, олардан түсетін валюталық ресурстарымыз Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Әлемдік банктің бағалауы ­бойынша, Қазақстан мұнай өнімдері мен шикізат тауарларын экспорттаудан түскен қаржыны тиімді пайдаланатын мемлекеттердің қатарында. Көрші мемлекеттермен салыстырғанда ішкі өнімнің мөлшерінде де, адам басына шаққандағы валюталық табысымыздың мөлшерінің артық болғандығын салыс­тырмалы түрде айтуға болады. Соңғы 10 жылда көрсетілетін қызметтер экспорты 2 есеге артты, бірақ теңгенің құнсыздануынан бұл көрсеткіштер едәуір азайды. Сыртқы сауда қатынастарындағы аймақтардың үлесі туралы айтар болсақ, экономиканың негізгі секторы ретінде машина және жабдықтар өндірісін, бұдан басқа, химия өнімі, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау біздің келешектегі тұрақты бағытымызға айналуы тиіс. Ал енді, еліміздің оңтүстік өңірлері ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері және оның өңделген өнімдері ­бойынша экспорттық орталық ретінде жұмыс істей бастау керек. Облыс орталығы ретінде Түркістан агроөнеркәсіптік кешеніміздің экспорттық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуына және имиджіне қадам жасап келеді. Бүгінгі күн туралы айтатын болсақ, біздің экспорттың ең негізгі шиеленісі – баға мәселесіне тіреліп тұр. Себебі төтенше жағдай кезіндегі шикізаттағы баға мәселесі құбылмалы. Дайын өнімдердің бағасы да құбылғанымен, оған сұраныс тұрақты болады. Мәселен, келісілген шарттар бойынша трансформатор, қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік болсын, импорттаушы кәсіпорындармен жасалған келісім-шарттар ұзақ мерзімді жұмысты қамтамасыз етеді. ­Мысалы, мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған ­Кентау трансформатор зауытының да жыл сайын өндірісі кеңейіп келеді, – дейді экономист-­сарапшы Сапарбай Жұбаев. Қорытындылай келе аңғарғаны­мыздай, ұлттық экономикамыздың даму заңдылықтарының бірі экономикалық өсудің және көрсетілетін қызметтер рөлі мен олардың экспортын арттырудың арасындағы өзара байланыста жатқан­дығын айтқан сарапшылардың пікірі бір арнада тоғысып отыр.

2019 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шикізаттық емес тауардың экспортын қолдауда бірқатар тапсырмалар берген болатын. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде қызмет көрсету саласына ЖІӨ-нің жартысынан көбі тиесілі екенін ескерсек, бұл ретте Түркістан ­облысы өндірісінің халықаралық саудадағы үлесін арттыру бойынша экспортқа бағдарланған кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттің экспорттық саясатының негізгі бағыттарын іске асыруға қатысуын қамтамасыз етуге тиісті жағдай жасап отырғанын көреміз. Түркістан ­қаласы бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде зор мүмкіндікке ие, сондай-ақ көптеген шетелдік инвесторлар үшін тартымды, дайын инфрақұрылымы мен инвестициялық артықшылықтары бар алаң екендігін өркендеу жолындағы өзгерістері көрсетіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *