Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған ересектер арасындағы Түркістан облысының V-ші спартакиадасы өз мәресіне жетті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде жалауы түрілетін спартакиаданың мақсаты- салауатты өмір салтын қалыптастыру мен халық арасында бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған.
Биыл сайысқа қатысушылар спорттың 8 түрінен: волейбол, үстел теннисі, стритбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жүзу, қазақ күресі спорт түрлерінен бақ сынады.
Жарыс қорытындысында 161 ұпай жинаған Түркістан қаласының құрамасы жалпы командалық есепте І-орынды иеленді. Олардың қоржынында 2 алтын, 4 күміс медаль бар. Ал, жүлделі ІІ-орын 146 ұпай жинаған Шардара ауданының командасына бұйырды. Шардаралықтар 2 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Жетісай ауданының спортшылары 133 ұпаймен ІІІ-орынға тұрақтады. Жетісай ауданының қоржынында 1 алтын, 1 қола медаль бар.
Тартысқа толы өткен спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы тағайындалған кубоктар мен медальдар және алғыс хаттар табысталды.