ҮРКІСТАН: ОБЛЫС МӘРТЕБЕСІ ОҢ ҚАДАМДАРҒА ЖОЛ АШТЫ

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Естеріңізге сала кетейік «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы 2021 жылы іске қосылды. Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие.

Өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды шаралардың қажеттілігі бірнеше факторлармен айқындалды.

Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері бүгінгі заман талабы екені айтпаса да түсінікті. Бірінші кезекте қала тұрғындарының жайлылығы үшін десек, одан соң шаһарға келетін түрлі деңгейдегі қонақтар үшін көзге көрінетін мәселелер де осы саладан басталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автожол­дар­дың ахуалына қатысты сын айтып, «Үкімет пен облыс әкімдіктері ­2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс» деп тапсырма берген болатын. Президент ескертпесі салаға деген көзқарасты өзгертті ме? Осы сауалға жауап іздемек ниетпен, Түркістан қаласындағы жол инфрақұрылымына шолу жасап, бес жылдық көрсеткішті оқырман назарына ұсынбақпыз.

 

2019 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ 13 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН АЗАЙҒАН

2018 жыл Түркістан үшін тарих беттерінде мәңгі сақталатын, айтулы жылдардың қатарына енді. Өйткені дәл сол жыл Түркістанға облыс мәртебесі беріліп, рухани шаһардың мерейі артты. 2019 жылдан бастап Түркістан облыс орталығы ретінде бой түзеп, инфрақұрылымдық жұмыстарға біршама ден қойды. Бүгінде қала келбеті мен ішкі құрылысы өркендеп, көз тоймас аймаққа айналды.

Мәселен, Түркістан қаласында 875 көше бар. 2018 жылғы көрсеткішке қарасақ, қала ішіндегі асфальт жол 27 пайызды құраса, сол жылы топырақ жолдың үлесі 18,4 пайызды қамтыған. Ал қалған 54,6 пайызы шағыл тас жолдардан тұрады. 2019 жылы дәл осы жолды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 9 млн 679 мың бөлінген екен. Оның ішінде күрделі жөндеуге 4 млн 120 мың теңге қарастырылса, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5 млн 559 мыңқаржы қарастырылған. Осы аталған қаржыға 66 көшенің жолдары жөндеуден өткен. Осы жұмыстардың барысында 102,4 шақырым аяқ жол, 3 мың 536 дана жол белгілері, 67,9 шақырым түнгі жарықтандыру жүйесі, 55,7 шақырым суағар науа, 26,9 шақырым вело жолдар жүргізілген.

2019 жылы жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 57,1 шақырым жолы қайта жаңартылып, ал жаңадан 28,1 шақырым жол салынды. Сол жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына сәйкес асфальт жол 30 пайызға көтеріліп, ал топырақ жол 13 пайызға дейін азайған. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы асфальт жолдар 3,3% пайызға, тас жолдар 1,65 % пайызға өссе, ал топырақ жол 4,95% пайызға азайған. Тас төсеу жұмыстар дәл сол жылы су жүйесінің құрылысы жоспарланған аумақтарға және топырақ көшелерге жүргізілген. Облыс орталы болып енді құрылған аймаққа 2019 жылы 22 аялдама орташа жөндеу жұмыстарының есебінен орнатылғанын атап өткен жөн. Олар Таукехан, С.Қожанов, Байбұрт, Қазыбек би көшелеріне және Демеушілер есебінен 1 аялдама Әмір-Темір көшесіне орнатылды.

 

2020 ЖЫЛ: 81 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес, жалпы 106,3 шақырым құрайтын 81 көшеде жұмыстар толық аяқталған. Орташа жөндеу жұмыстарының барысында 106,3 шақырымды құрайтын 81 көшеге асфальт төселген. Сонымен қатар, дәл осы жылы аяқ жолдар салынып, төрт басты көшеге веложол, суағар науа және барлық көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр мен жол белгілері орнатылған. Одан бөлек, 63 көшеге тас төсеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, жол инфрақұрылымы біраз ілгерілеген. Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолы да 2020 жылы жөндеуден өтіп, түрлі инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Нәтижелі жылдың тағы бір жемісі, қала ішіндегі 124 көшенің жарықтаныдру жұмыстары толығымен аяқталғаны болды. Аялдамаға келер болсақ, қала көшелеріне 17 дана автобус аялдамаларын орнату қарастырылып, нәтижесінде Б.Саттарханов даңғылы мен Әмір Темір және Шекті Тілеу- Жібек жолы көшелеріне орнатылған.

 

2021 ЖЫЛ: 185 КӨШЕГЕ ТАС ТӨСЕЛГЕН

2021 жылы Түркістан қаласына қарасты 15,1 шақырымды құрайтын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Орташа жөндеу жұмыстары коммуникациялық жүйелер, яғни, ауыз су, сарқынды су, газ тарту жұмыстары толығымен аяқталған көшелер болып табылады. Осы жылы Түркістан қаласында топырақ жолдардың санын азайтып, тас жолдардың саны мен сапасын арттыру мақсатында 158 шақырымды құрайтын 185 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 2021 жылы бірнеше жобалардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жол инфрақұрылымына едәуір пайдасын тигізген. Атап айтса, Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолынан Майкотов көшесіне дейінгі автожолының құрылысы. Ең үлкен автожолға асфальт жабыны толық төселіп, науа (лоток) және аяқ жол мен вело жолдар толық салынған. Екіншіден, Жібек жолы көшесін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, көшенің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, сол жолы қолданысқа берілді.

2021 жылы жарықтандыру жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асты. Себебі 2021-2022 жылдар аралығында 201 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, оның ішінде 155 көше толық жарықтандырылды. 2021 жылы Түркістан қаласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазыбек би көшесімен Жармұхамбетов көшесінің қиылысын «Т» тәрізді транспорттық бағдаршам нысаны орнатылды. Қалаішілік 15 көшеге көктем және күз мезгілдерінде 2 мезгіл жол бөлу сызбалары жүргізілді. 2021 жылы Түркістан қаласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 550 дана жол белгілері орнатылған.

 

2022 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ ҮЛЕСІ 1% ҚҰРАДЫ

2022 жылдан бастап Түркістан қаласының жол инфрақұрылымы біршама ретке келіп, қала ішіндегі маңызды нысандардың ахуалына көңіл бөлу жұмыстарына көшті. Мысалы 2022 жылы 3 нысанның құрылысын іске асыру жоспарланған. Олар Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелері мен Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың құрылысын жандандыру. 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, қосымша Отырар секторына қарасты сарқынды су жүйесі аяқталған 2 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 39,5% құрады. Ағымдағы жылы қала аумағындағы мектептер мен балабақшаларға барар жолдарды қамтитын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Соның, қазіргі уақытта 48 көшесі аяқжолмен қамтылып, 6 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы қала аумағындағы топырақ жолдардың пайызын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында, жыл басынан бері 176 шақырымды құрайтын 184 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Тас төсеу жұмыстары қала аумағындағы 6 сектордың көшелерін қамтып жүргізілген. Жалпы айтқанда, атқарылған жұмыстар нәтижесімен тас жолдар үлесі 61,5%, топырақ көшелер үлесі 1% құрады. 2022 жылы қала аумағындағы 70 жуық көшелерге көктемгі және күзгі мезгілдерінде жол таңбаларын сызу және жаңарту жұмыстары жүргізілген.

 

2023 ЖЫЛ: ТОПЫРАҚ ЖОЛ ҮЛЕСІ ЖОЙЫЛДЫ

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қала ішінде 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2023 жылы 383,9 шақырымын асфальт құраса, қалған 461,1 шақырым жол тас жабындысымен қамтылған. Яғни көріп отырғандарыңыздай, топырақ жол үлесі жоқ.

2023 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 47 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, біткен. Сондай-ақ, дәл осы жылы қала аумағындағы әлеуметтік нысандарға баратын, халық тығыз орналасқан 64 көшеге аяқжол құрылысын іске асыру жоспарланып, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Жалпы қазіргі уақытқа дейін қала аумағында 730,9 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 731 көше жарықтандыру жүйесімен қамтылды. Ал 2023-2024 жылдар аралығында қосымша 188 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланған болса, осы жылы 37 көше толығымен жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, аяқталған.

Ең бастысы, қала ішінде қазіргі таңда 21 қоғамдық көлік бағыты қызмет көрсетеді. Олардың барлығы стандарттық талаптарға сай, біразы су жаңа автобустар. Сондай-ақ, барлығына электронды төлем жүйесі енгізіліп, заман талабына сай жасақталған.

 

PS:

Жолдың жайын айтып болсақ, мақаламыздың соңында өңірде атқарылған жұмыстарға да тоқтала кетейік. Түркістан облысында рекордтық 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асты, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік береді. Облыс басқа салаларында да жақсы өсу динамикасы байқалады.

Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейту бойынша үлкен жоспарлары бар. 2023 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі қазірдің өзінде 758 миллиард теңгені құрады. Өсім негізінен сүт және тоқыма өнімдерін, сондай-ақ электр жабдықтарын өндіру есебінен болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеден асты.

Бұл ретте, ағымдағы жылы облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1,4 есеге артты. 194 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биыл оның 39-ы іске қосылды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар да сенімді өсіп келеді. Тоқыма өндірісі 160,2%-ға, кокс пен мұнай өнімдері 119,7%-ға, басқа да металл емес минералды өнімдер 114,1%-ға, машина жасау 111,2%-ға, жиһаз өндірісі 140,3%-ға өсті. Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінде 594 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 30,2 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылды.

Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы ахуал қалыптасқан. Осы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мың бірлікке өсіп, 213 мыңды құрады. Жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам өнім өндірілді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары кәсіпорын табысының өсуіне тиімді әсер етеді. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы ағымдағы жылдың 10 айында бизнес субъектілері жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге 21,3 миллиард теңге алды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығымен (48,3%), сауда-саттықпен (23,3%), туризммен (20,3%) және өнеркәсіппен (6%) айналысады.

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды салаларының бірі. Жыл басынан бері салаға 88,5 миллиард теңге инвестициялар тартылды.

Өңірдегі АӨК дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 га жерде су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір ауданнан жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 га-ға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып отыр: шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинайды. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде болатын. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 га жетті. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарда бар. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды.

Облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін игілікті көмекке айналды. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.

2023 жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өндіретін балық зауыты, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton -2» мақта өңдеу зауытын, сондай-ақ құс етін өндіретін құс фабрикасын, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту бар. Түркістан облысы еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Осыған байланысты балабақшалармен және мектептермен қамтамасыз ету аса өзекті.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында 2023-2025 жылдары облыста 63 мектеп салынады. Қазіргі уақытта 29 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 9 мектеп салынуда. Ал бүгінгі күні құрылысы аяқталып, 1600 орындық 7 мектеп пайдалануға берілді, жеке инвестициялар есебінен 17 мектеп салынды.

Мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері толығымен шешілді.

Денсаулық сақтау саласында медициналық техникамен қамтамасыз ету деңгейі 84,21%-ды құрады. Медициналық инфрақұрылымды жақсартуға да баса назар аударылуда. Биыл 14 объекті пайдалануға берілді, тағы алтауының құрылысы жоспарланып отыр.

Жақын арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тағы бір маңызды жобаны іске асыруға кіріседі. Бұл Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы бар заманауи медициналық кешеннің құрылысы. Бүгінгі күні нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа объекті салу жоспарланып отыр.

Облыста спорттық дәстүрлерге қолдау көрсетіледі. Бірер ай бұрын облыс үшін бірегей объекті – Мұз айдыны пайдалануға берілді. Қазір штатты жасақтауға қаржы бөлініп жатыр. Нысанның бірегейлігі — Сарайдың алғаш рет салынуында. Бұл жастар үшін де, спортты жақсы көретін және белсенді өмір салтын ұстанатын әрбір адам үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады.

Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында облыстың 16 елді мекенінде спорт инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуде.

Спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатынан бөлек жеке инвесторлардың қаржысы да тартылуда. Жыл басынан бері облыстың қалалары мен аудандарында жеке инвестициялар есебінен 29 объекті салынып, пайдалануға берілді.

Облыста туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта туристер саны екі есеге артты. Тарихи-танымдық туризм бағыты бойынша жыл басынан бері облысқа бір күндік сапарлар саны 868 мың адамды құрады.

Көлік және логистика саласындағы маңызды оқиғалардың бірі «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысын бастау болып табылады. Жоба Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған. Оны іске асыру қолданыстағы Сарыағаш-Ташкент учаскесінен жүк ағынын қайта бағыттауға, Сарыағаш станциясындағы жүктемені азайтуға және экспорттық жүктерді тасымалдауды арттыруға мүмкіндік береді.

Сумен, энергиямен, газбен қамту мәселелеріне де назар аударылады. Жыл соңына дейін 20 елді мекенде жаңа ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, 11 елді мекенде тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті билік 52 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін 63 объектінің құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр. 2023 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 250 миллиард теңгені құрады. 784 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізілді. 2024 жылдың соңына дейін 59 тұрғын үй тапсырылады деп күтілуде. Нәтижесінде 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

Түркістан облысының 2023 жылғы дамуының негізгі нәтижелері осындай. Өңір барлық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге ұмтылуда. Облыстың әлеуеті, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін, мәдениет, туризм салаларын дамытуда өте жоғары. Биыл басталған жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *