
Түркістан қаласын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына электр энергиясы, ауыз су, жол және көгалдандыру үшін ағын суды тиімді пайдалану мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық. Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді. «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – Мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады. Осы кезеңде шаһардың салалық қызметтерінде қандай жетістіктерге қол жеткізілді, алда нендей тірліктер атқарылады деген сауал төңірегінде жауапты қызметкерлердің мәлімдемелерін негізге алып, жауап іздеп көрдік.
Осынау ауқымды саланың төңірегінде қол жеткізілген сапалы қызметтермен қатар, тұрғындардың сыни ескертпелерінен арыла алмай жатқан тұстары да бар. Десе де, бұл ешқандай еңбек етілмегенінің, жұмыс жасалмағанының көрінісі дей алмаймыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде, қазіргі таңда қарт шаһар тұрғындарының 98,5 пайызы электр жарығымен қамтамасыз етілгенін, оның 84 пайызы сапалы электр қуатын тұтынатынын айта кетсек болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһарда 42 014 электр абонентінің 35 679-ы сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етіп, өтпелі 7 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жөнінде айтқан еді. Жалпы, өткен жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90 пайыз жұмыс орындалып үлгерген көрінеді. Биылғы жылы жоспарға сәйкес, қала тұрғындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз етуді 99 пайызға жеткізу көзделген.
Жел тұрса жедел жұмысы сыр беріп, жаңбыр жауса жарығы өшіп, дауыл болса дүрліге қоя беретін Түркістандағы жарық мәселесі бір мезетте реттеліп, бір-ақ сәтте шешіле қоймайтыны анық. Алайда, тұрақты жұмыстың нәтижесі көзге көрінбей қалмайды. Қарт қаланың дамуы үшін шаһарды 6 секторға бөліп, ондағы жұмыстардың жүйелі жүруін қала әкімі өз бақылауына алған. Нұрбол Әбдісаттарұлы Сауран секторында 3 нысанның құрылысы аяқталғанын, 7 мыңға жуық азамат сапалы электрмен қамтамасыз етілгенін айтқан болатын. Сонымен қатар, тағы бір нысанның құрылысы жалғасып жатқанын жасырмаған еді шаһар басшысы. Сол секілді, «Яссы» секторында да 2 нысанның құрылысы тәмәмдалып, 4 мың адам үздіксіз электр қуатын тұтынуға мүмкіндік алды. Одан басқа, 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші жауапсыз қалмай, жаңа 4 трансформатор орнатылған. 2023 жылы көпір құрылысын жоспарлаған Шауғар секторында да тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту мақсатында 3 нысанның құрылысы жүріп, 5 мың адам қажетті электр желілерімен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың талап-тілектері негізінде 4 трансформатор жұмысын бастап кеткен еді. «Бірлік» секторындағы өткен кездесуде қала әкімі электр қуатының төмендігі жөнінде 6 шағым түскенін айтып, нәтижесінде, Арнасайға – 3 дана, Ару ана аумағына 1 дана, 8-көшеге 1 дана трансформатор орнатылғанын айтып еді.
Жаңарған жарықтың жақсылығына куә болып, сапалы электр қуатын пайдалануға мүмкіндік алғандардың бірі «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Мейірбек Сабиров. Ол облыс орталығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үздіксіз жарықпен жарақтанған.
«Облыс орталығы болған тұста Түркістанның осыншама өзгеріп, тіршілік тамырына қан жүгіреді деп ойламаған едік. «Бекзат» секторына қарасты Жәңгірхан көшесінде көзімді ашқалы тұрып келемін. Бұрын жел, дауыл, жаңбыр кездерінде жарық жиі өшіп, жайсыздық тудыратын. Соңғы жылдары біздің көшеге жаңа трансформатор орналастырылып, мәселе өз шешімін тапты. Сапалы жұмысы үшін жауапты мамандарға отбасымның, көршілеріміздің атынан алғыс айтамын»,- деді қала тұрғыны Мейірбек Сабиров.
Иә, облыс орталығы атанғалы жағымды жаңалық жетерлік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — дегендей, бұл бір ғана жақсы адамның емес, жақсы ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесі. Түркістан қалалық «Инфрақұрылым және байланыс» бөлімінің жасап жатқан қызметі көптің көзінен таса қалып, сын мен міннің астында қалып жатады. Десе де, аталған сала өкілдері қала тұрғындарын төккен тер мен атқарылған қызметке ұқыпты қарап, жауаптылық танытуға шақырады.
Елімізде электр жарығын өндіретін 190 станция бар. Олар жылына жалпы 19 мың МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл шамамен 115 миллиард киловатт/сағатына. Негізінен, Қазақстандағы жарық қуатын көмір, су, газ, мұнай, күн мен желден алады. Болашақта бұл тізімге уран, одан кейін сутегіні қосу жоспарланып отыр. Әлемде уран өндірісі бойынша көш басында тұрған еліміз үшін бұл жағымды жаңалық. Алайда, әлі күнге дейін бұл химиялық элементті өз деңгейінде пайдалана алмай, шет елге шикізат түрінде экспорттауымыз өз қолымызды өзіміз байлағанмен пара-пар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
-Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты,- деп пікір білдірген еді.
Расында да, тұрақтылықтың көрсеткіші ел тұрғындарының жақсы өмір сүруімен өлшенері анық. Бұл орайда, олардың сапалы жарықпен, таза ауыз сумен, үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілуі уақыт күттірмейтін мәселе. Түбі бір түркінің рухани астанасы Түркістандағы электр жарығының мәселесі де біртіндеп реттеліп, тұрғындардың тыныш өміріне, туристердің жақсы тынығуына жол ашады деп сенеміз.
Тоқталатын тағы бір мәселе Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл бойынша үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын қолға алған еді. Осы орайда өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер ететін жол саласын дамыту мен сапасын арттыру жайлы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының апталық мәжілісте айтты. Шынында да жол сапасының жақсаруы қай өңірдің бөлмасын өркендеуінің көрінісі. Сол себепті де, аталған салаға бей-жай қарауға болмайды. Қасиетті Түркістанның жаңарған жолдары да көңілге қуаныш ұялатып келе жатқан жай бар.
Сын мен міннің толастамай қарша борап тұрған осы бір кезеңінде экономиканың күре тамырына баланатын жол жөндеудің жүйелі іске айналуы басты назардан түспеуі қажет. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бұған дейінгі өткен БАҚ өкілдерімен кездесуінде 2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жоспарланғанын айтып, ол мақсаттың бүгінгі күні 16,7 шақырымға жететін 22 көшесінде құрылыс жұмыстарын аяқталғанын жеткізген еді. Сондай-ақ, шаһар басшысы қала аумағына қарасты топырақ жолдардың үлесін азайтып, тас төселген көшелердің санын да, сапасын да арттыруды басты назарға алған қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың да күн санап күшейіп келе жатқанын жасырмады. Қазіргі таңда, экономикалық 6 секторға бөлінген түрленген Түркістанда ақпан айынан бері тас төсеу жұмыстары басталып қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. Тұрақты жұмыстардың арқасында 65 көшенің көзделген межесі орындалып, 56 шақырым жерге тас төселіп үлгерген. Биылғы жалғы жоспарға сәйкес, орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымға жететін 48 көшеге жүргізілмек. Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар қатарын 47,2 пайызға жеткізуге ниетті.
Жол сапасы әлемнің алпауыт елдерінің өзінде түйіткілді болып табылады. Дегенмен, көш басына алшаң басып аттанған елдер қатарын негізінен еуропалық мемлекеттер толықтырып тұрғанына ешкім таңдана қоймас. Тау мен тасы талай істің тоқырай тоқтауына сеп болса да, амалын тауып автокөлік жүргізушілерінің арман мекеніне айналған елдің бірі – Нидерланд. Өзен көлдің көптігі, жазық жердің жоқтығы қызғалдақтар елінің жол жөндеу мамандары үшін аса үлкен мәселе емес секілді. Тіпті, сапалы жол үшін ақы алудан да бас тартқан бұл ел. Қытымыр табиғаты қитыққа тиіп, қара жерден қар жапқан жері басым Финляндияда бұл көштің басында орналасқан. Бұл елдегі жолдың жақсы болуы үшін коммуналдық мекемелер ғана емес, жеке меншік компаниялар да жауапты. Құрылысы күрделі істің жүргізілуі үшін ерекше технология қолданылады екен. Әлемдік экономикалық форумның тізімінде біздің ел 141 елдің ішінде 93-і орынға жайғасқан. 2019 жылдан бері кері кету процесін бастан өткеріп жатқан біздің жолдардың сапасы сын көтермейтіні ай сайын айтылып та, жыл сайын жазылып та жатқанын жасыра алмаймыз. Мамандар еліміздегі 12 мың шақырым Республикалық маңызы бар жолдың қайта құрылысты қажет ететінін айтып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі мәселенің май шаммен қаралып, қарқынын күшейтпесек болмасы анық. Бағасы қымбат, сапасы жұмбақ жолдардың құрылысын қолға алмасқа болмайды-ау, сірә. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қозғалған еді бұл мәселе.
«Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды»- деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Жол мұраты жету» деген сөздің астарына үңіліп, мағынасын ұғыну бүгінгі күннің талабы. Даналығы дараланған, көрегендігі көсемдігінен көрінген бабаларымыз тар жол, тайғақ кешкен уақытында тас жолды армандамаған да болар. Бірақ, бүгінгі талап басқа. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейтін сөз бүгінде «Дамимын десең – жолыңды түзе» деп алмастыруға әбден лайық. Біздің қасиеті құмға сіңген, тарихы алтынмен таңбаланған Түркістанның да жол саласы, жол сапасы кейінге шегеруге болмайтын мәселе деуге толықтай негіз бар. Жоспары жүйеге жіктеліп, жолдары реттеліп келе жатқан түрленген қаламыздың әлеуеті арта берсе деген ниет біздікі. Ұлы Жібек жолының бойында, күллі түркінің ойында орналасқан шаһар жолдарының сапасына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ерекше көңіл бөлуін жалғастырып келеді. Халықпен өткен әр кездесуінде елдің мұң-мұқтажын тыңдап, жедел жөндеуді талап ететін көшелерді түртіп алып, тиісті мамандарға талап пен тапсырма қатар қойылуда. Жауаптылар да өзіне артылған міндетке бей-жай қарамаса екен дейміз
