
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Д.Қамзабекұлымен болған сұхбатында Жаңа Қазақстан бағыты бойынша әділ және бәсекелі экономика жүйесін қолға алынғандығын, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарын күн тәртібіне қойғандығын жеткізді. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер өте көп екендігін, оны шешудің жолдарын қарастырып жатқандығын атап өтті. Нәтижесінде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер», денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп жатқандығынан ел хабардар. Елдің әлеуметтік әл-ауқаты артуы үшін әр өңірдегі индустрия мен инфрақұрылымдық тетіктері де дұрыс жұмыс атқаруы тиіс. Ел азаматтарының негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие.
Өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды шаралардың қажеттілігі бірнеше факторлармен айқындалды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.
Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.
Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын.
Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жасалып жатыр.
Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.
Екінші бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды. Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.
Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мемлекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажетті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді. Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Қазір бұл секторды жаңғырту шаралары айқындалып, іске асырылып жатыр. Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз.
Мемлекет басшысының қоғам болып қалыптасуда, ұлт болып ұйысуға жұмылу бойынша тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының қоғамдық ұйымдарының басқосуы өтті. Халықтың күші — бірлікте. Ал, осы ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда қоғамдық ұйымдардың алатын орны зор. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбсаттарұлы Тұрашбековтің үкіметтік емес ұйым өкілдерімен «Ынтымақ үйінде» өткізген «Ынтымақ, бірлік, келісім — ең асыл байлық ел үшін» деген тақырыптағы кездесуіне қатысушылар өткенді екшеп, сараптай келіп, келешекке бағдар жасады. Заман ағымымен тең басқан салауатты қоғам қалыптастырудың алғышарттарын тілге тиек етіп, өз ойларын ортаға салды.
«Бірге атқаратын өзекті мәселелер бар. Жыл бойғы жоспарды бірлесіп бекітсек,- деді ашық әңгімеге құрылған жиынды сөз сөйлеп ашқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Кездесуге он бір үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып, өздерін көптен толғандырып жүрген ойларын ортаға салды. Өткен уақыт аралығында «Түркі әлемінің туристік астанасына» айналып отырған көне шаһарда аз жұмыс атқарылған жоқ. Атқарылатыны да шаш-етектен. Сондықтан да, қала басшысының қоғамдық ұйым өкілдерін жинап, «кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» ескеруі де орынды. Дер кезінде көтеріліп отырған мәнді де маңызды мәселе. Алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, негізінен, қоғамдық ұйымның өткен уақыт аралығында атқарған жұмысына шолу жасады. Біраз уақыттан бері тоқтап қалған Түркістанды «гүл қалаға» айналдыру жөніндегі бастаманы қала басшылығының қолдап, биылғы жылға 2,5 млн қаржы бөлінгендігінен хабардар етті. Сол күні де аз қамтылған отбасылар үшін қоғамдық қор тарапынан «Адамның көркі — амал. Ізгілік — ыстық жүрегінен» деген тақырыпта қайырымдылық акциясының өткізіліп, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын айтып өтті. Сөз жоқ, әрбір үкіметтік емес ұйым қоғамның дамуына, бұқара халықтың әлеуметтік — тұрмыстық жағдайының жақсаруына ғана емес, әрқайсысы өз саласында хал-қадерінше үлес қосқан. Дегенмен, бұл күнгі бас қосудың негізгі мақсаты — келіп жеткен жаңа жылға бағыт- бағдар түзу. Бірлесе отырып болашаққа бағдарлама жасау. Көп болып бірыңғай шешімге келу. Ары қарай әңгіме осы бағытта өрбіді.
— Жыл жақсы аяқталды. Белгіленген жоспар бар. Қала алты секторға бөлінген. Солардың жұмысын қадағалау керек. Бүгінгі кездесу — ой-пікір бөлісу. Қалада он шақты қоғамдық ұйым жұмыс істейді. «Бәрің бірге отырыңдар»- деп қала әкімшілігі «Ынтымақ үйін» берді. Сондықтан да, бәріміз бірігіп, бірге жұмыс істейік -, деген ҚХА жанындағы «Түркістан қалалық ақсақалдар» кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадыровтың сөзін «Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы» ҚБ төрағасының орынбасары Бектас Шірікбаев жалғастыра келіп, өз ойын республикалық ардагерлер ұйымының 2022- жылы атап өтілген 35-жылдық мерейтой кезінде түркістандықтардың жеткен жетістігімен сабақтастыра келіп: «Әкелер мектебінің», «Әжелер алқасының» бала тәрбиесінен алар орнын атап айтты. Сондай-ақ, бұдан бұрын да ресми орындарға хат жолдап, қаламыздың көрнекті жерлерінен «Ардагерлер аллеясын» ашу жөніндегі жасаған ұсынысына қолдау жасауды өтінді.
Еркін өткен кездесуден байқағанымыз, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қоғамда болып жатқан қай жағдайға да бейтарап қарамайтындығының куәсі болдық. Айталық, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев тікелей өз саласына қатысты келелі мәселелерге қоса, кейбір тұрғындардың қалада, аялдамалардың маңында, тіпті өз үйлерінің жанында тазалық сақтамайтындығын, қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарамайтындығын ашына айтты. Соңғы кезде қоғамдық көлікте «қолдарына сары қобдиша» ұстап «ауру сәбилерге садақа» жинап жүрген жастардың қылығын тексеріп-зерттеуді, туристік қаламыздың келбетіне жараспайтын әрекетке тосқауыл қоюды ұсынды.
Ал, Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева: «Бүгінгі күні істеген жұмысымызды емес, істейтін жұмысымызды айтуымыз керек- дей келіп-
«Біз құқық қорғау орындарымен жасаған рейдтердің кезінде небір келеңсіз оқиғалардың куәсі болдық. Оған көз жұмып қарауға болмайды.Бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек.Идеологияны дамыту керек»-деп ой тастады.
Облыстық мәслихат депутаты, «Түркістан облыстық іскер әйелдер» бірлестігі, Түркістан облысы бойынша «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру, кәсіпкерлікке байланысты тәжірибе жинақтау, жастар бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру сияқты көкейтесті мәселелермен қатар, қоғамды жас аналар бойында сәбидің тағдырына байланысты жауапкершілікті арттыруға, кіп-кішкентай нәрестелердің қараусыз қалып, кездейсоқ оқиғаға ұшырамауының түрлі жолдарын қарастыруға шақырды.
«Ахыска-Тұран» түрік этномәдени орталығының төрағасы Усейн Медедов кез-келген тәрбиенің бастауы ұшқан ұядан басталатынын айтып: «Үйде тәрбие бермесе бәрі бекер. Ата- аналармен сөйлесу керек»- деген тұжырымға келсе,»Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы, ұстаз Раимжан Қошқаров білімді ұрпақтың қоғамға да берері мол екенін тілге тиек етіп, «100 кітап оқу» бағдарламасының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерді ары қарай да дамыту жолында жұмыс атқаратындықтарын айтты.
Кездесу кезінде сөз алған әрбір адамның айтары бар. Әріптесіміз, біраз жыл шет мемлекеттерде жұмыс істеп, жаңаша істің көзін тапқан «Дара ұрпақ» ҚҚ-ның төрайымы Рухабза Халдарбекова:
«Дара Ұрпақ» қоғамдық қоры. Қоғам болып ажырасуды болдырмау, суицид, ерте жүктілік, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуде. Біз қазір мәселенің салдарымен күресудеміз. Негізгі проблема бізде отбасы құруға, жар болуға, ана, әке болуға дайындайтын, баламен қарым-қатынасты үйрететін бірде бір мемлекеттік бағларлама, қаламызда орталық жоқ. Басты ұсыныс — аталған мәселелерді шешетін, ғылыми негізде кешенді оқу бағдарламасы мен арнайы орталық жасақтауымыз керек», — деген батыл ұсыныстар білдірсе. «Арман—Қанат» ҚҚ төрайымы Әсел Бимырзаева «Кедергісіз болашақ» жобасы жайында, мүмкіндігі шектеулі сәбиі бар көптеген аналардың өз құқықтарын білмейтін, сол жолда ізденбейтін сауатсыздықтан өздеріне — өздері проблема тауып жатқандығын, әлеуметтік мұқтаждардың тізімін жаңарту мерзімінің ұзақтығын, т.б. да өзекті мәселелерді әңгіме етті. Жиынға қатысқан ғалым, ардагер-ұстаз Қыдырәлі Рысбеков, «Рухани мұра» халықаралық ҚҚ-ның төрағасы Сержан Оразбай, тағы басқа да зиялы қауым өкілдері көптің көкейіндегі маңызды тақырып туралы әңгіме қозғады. Рухани құндылықтарды қорғай білу, әлеуметтік желідегі «түймедейді түйедей» ететін асыра сілтеушіліктерді бақылауға алу, тәлімді тәрбие мәселелерін жолға қою сияқты бағалы мәселелердің алдағы уақытта жолға қойылатынына сенім білдірген үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен өткен жиынды қорытындылаған қала әкімі биылғы жылды «идеология жылы» деп жариялау туралы ұсыныс тастады.
Қорыта айтқанда, жиын барысында қоғамдағы орын алған мәселелерді бірлесіп шешу және оның салдарымен күресу тұрғысында келелі ойлар ортаға салынып, алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасау тұрғысында тұжырым жасалды. Ынтымақ, бірлік, өзара келісім бар жерде алынбайтын асу, аспайтын қамал жоқ. Осы ретте бұл күнгі дуалы ауыз ел азаматтарының аузынан шыққан құнды ұсыныстардың заңды жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Роза НАРЫМБЕТОВА,
«Түркістан».
