
Бүгінде интернет желісімен жасалған алаяқтық қылмыстарын тергеу барысы айтарлықтай қиындықтар туғызуда, сол себепті көптеген қылмыстар бойынша кінәлі тұлғалар анықталмай, олар қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуде. Елімізде соңғы жылдары байланыс құралдары мен интернет технологиясын қолдана отырып жасалған алаяқтық қылмыстары күн санап өсуде, алаяқтар иемденген қаражаттардың мөлшері кейде миллиондаған теңгені құрайды. Сала мамандарының кеңестерін не дейді? Түркістан облысының тұрғындары кибершабуылдардан сақтану жолдарын біле ме?
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін мына қарапайым ережелерді сақтау қажет:
— банктік картаңыз бойынша қандай-да болсын проблемалық жағдай туралы мәлімдеген банк қызметкері қоңырау шалған жағдайда, әңгімені үзіп, картаңызда көрсетілген нөмір бойынша банкке қайта қоңырау шалыңыз, өйткені банк қызметкерлері Сіздің карта немесе есеп-шотыңыз туралы жеке мәліметті ешқашан сұрамайды;
— банк картасының деректемелерін және операцияны растау туралы арнайы кодты ешкімге айтпаңыз;
— егер Сіз мобильді банк қызметін пайдаланбайтын болсаңыз, ұялы телефонды жоғалтып алған немесе нөмірді ауыстырған кезде, шұғыл түрде қызметті өшіріңіз;
— интернет желісі арқылы белгілі бір затқа тапсырыс берген жағдайда, сенімді сатушы екеніне алдын ала көз жеткізіңіз.
Бұдан басқа, күмән туғызатын қандайда болмасын жағдайлар туындаған кезде, алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, сақ болуға шақырамыз!
Жалпы өткен жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.