Жыл сайын қазақстандық жастардың білімге, ғылымға деген көзқарасы да өсіп келеді. Сол себепті сіз бен бізге жаңаша көзқарас қалыптастырып, озық елдермен иық тірестіретіндей деңгейге көтерілуі қажет-ақ. Осы арада ауыл мектептеріне артылар жауапкершілік арта түспек. Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңіріндегі аудандардың бірі – Келес ауданы. Жүз қырық мыңға жуық халқы бар аудан үшін білім саласы ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Жергілікті ауыл мектептерінің жағдайын білу үшін осы аудандағы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бахтияр Сапарұлымен әңгімелескен едік.
Бахтияр Сапарұлы, аудан көлемінде білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттар туралы айта кетсеңіз?
– Білім саласын одан әрі дамытудың негізгі векторлары “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасында көрсетілген. Ел Президенті де білім саласын одан әрі дамыту мәселелерін қозғап, алдымызға үлкен міндеттер қойып отырады. Бұл міндеттерді ауданымызда орындау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Келес ауданында 33747 оқушы білім алады. Білім сапасы балабақшадан бастау алады. Осы орайда біздің алдымызда бала бақшадағы білім сапасын көтеру міндеті тұр. Ауданда 98 мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде.Оның он екісі мемлекеттік, 84-жекеменшік, екі білім ордасы мектеп жанындағы шағын орталықтар. Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ. Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау толық автоматтандырылған Сонымен қатар, осы бағытта балабақша педагогтеріне арналған оқу-әдістемелік кешенімен, көмекші материалдардан тұратын онлайн білім беру платформасын енгізілу жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек ауданымызда барлық мектептер бес күндік оқу жүйесі форматына көшті. Аймақ бойынша білім сапасын арттыру мақсатында басқарма тарапынан тың жобалар жүзеге асырыла бастағаны көңіл қуантады.
Педагогтарды аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізілуде. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылуда. Бүгінгі күні оқушылардың білім сапасы халықаралық зерттеулердің (PISA, TIMSS, TALIS, PIRLS) қорытындысымен айқындалады. Жаңа жоба шеңберінде білім сапасын көтеру үшін педагогтердің біліктілігі мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады.
Сіздің ойыңызша заманауи ұстаздың тұлғасы қандай болуы керек жәнжергілікті педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға қандай жұмыстар жасалуда?
– Жалпы менің білім саласына келуіме себепші болған – әкем. Сол кезден бері әке аманатын ардақтап келемін. Қазақ халқында “Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық” деген қанатты сөз бар. Дана халқымыздың осы бір сөзін қазірде жас шәкірттерге өзім де айтып келемін. Сол жылдары әкем «мұғалім үздіксіз білім алу керек» дейтін. Шын мәнінде бұл – заман талабы. Сондықтан ұстаздар заман талабына сай ізденіп, жан – жақты дамып отырулары қажет. Пән мұғалімдерінің сандық-сапалық құрамына талдау жасап тұрамыз. Қазіргі таңда ауданымызда 34 педагог шебер бар. Жеті жүз тоқсан алты педагог-зерттеуші дәрежесінде. Педагог-сарапшы-1135, педагог-модератор-729. Былтыр пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» алты жүз жеті мұғалім, «Назарбаев Зияткерлік мектептер», Педагогикалық шеберлік орталығының базасында – 350 мұғалім өз білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі пәндік семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялардың бағдарламалары, оқушылардың аймақтық пәндік олимпиада материалдары, түрлі бағыттағы байқаулар, сайыстардың ережелері осы топ мүшелерінің қатысуымен әзірленіп, ұйымдастырылуда.
Балаларды кітап оқуға баулу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Аудан бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 38 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда. Баршаға белгілі заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болып саналады. Білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады. Оқушылардың ғана емес мұғалімдердің де кітап оқуына ынталандыру жұмыстары жасалып жатыр. Үздік оқырман оқушыларға велосипед, үздік оқырман мұғалімге шипажайға жолдама беру сияқты түрлі жобалар да іске асуда. Салалық бөлімнің жұмыс жоспарында апта сайын кітап оқу сағаты белгіленген.
Соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде білімнің салтанат құрып, кеңге қанат жаюына жол ашпақ. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу болашаққа жасалған басты инвестиция. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Оны үйрететін орта мектеп болса, үйретуші мұғалім. Ал бүгінгі күннің мұғалімі ол қоғам тәрбиешісі екенін қаперде ұстаған абзал. Көп ізденісті, ерекше қабілетті талап ететін маман иесі. Ол сауатты ғана болмай, жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім нәрімен сусындататын жауапты тұлға болмақ. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып қызметіне кіріскен сәтте он бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Оның ішінде әрине білім саласы, жаңа мектеп салу, үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін толық шешуге айқындық танытқан. Әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлердегі бес мыңнан астам мектепті қайта жаңғырту керектігін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 4 жыл ішінде 500 мың педагогтің жалақысын 2 есеге арттыру қарастыруды басшылыққа алды. Экс министрдің айтуынша, педагогтерді қайта даярлаудың, біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізіп, алдағы уақытта балабақша, қосымша білім беру, колледж педагогтерінің жалақыларын көбейтуді бастап кетті. Тағы бір маңызды мәселе — қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Осы және өзге де білім беру саласындағы мәселелерді нақты шешуге және оны одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза жалғастыруда. Ол білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне және білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға баса назар аударуда. Одан өзге тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік тапсырысты 2026 жылға дейін 15,5 мың орынға дейін арттыру жоспарлануда. “6950 маман кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып, 100% жұмысқа орналастырылады. Колледж студенттерінің стипендиясын 50%-ға арттыру бойынша шаралар қабылдануда», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Түркістан облысында да білім саласы үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының білім саласына қатысты мәселелер жан-жақты талданып, соны шешу жолдары да қарастырылып жатыр. Түркістан облысы республика бойынша білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан бірінші орында тұр. Білім сапасы балабақшадан бастау алады. Осы орайда біздің алдымызда балабақшадағы білім сапасын көтеру міндеті тұр. “Облыста 1400-ден аса мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ. Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «Balabagsha.snation» жүйесімен 2019 жылдан бастап толық автоматтандырылған. Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, бұл дегеніміз нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз”,-деген болатын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Өткен жылдың еншісінде, сондай-ақ, біршама жаңа мектептердің ғимараттары пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн.