ЦИФРЛАНДЫРУ: ІТ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

 

Соңғы кезде «Цифрлық көшпенділер» деген ұғым пайда болды. Ол тіркес негізінен цифрлық технологиялар саласында қашықтан еңбек ететін, жұмыс орнына байланбай, дүние жүзінің кез келген жерінде тұра беретін адамдарға қатысты қолданылады. Бірқатар мемлекет фрилансерлер үшін цифрлық көшпенді немесе Digital Nomad визасын ұсына бастады. Оны алу үшін белгілі бір деңгейдегі табысыңды көрсетіп, жергілікті тұрғындардың жұмысын «тартып алмайтыныңды» дәлелдеуің керек. Мұндай виза беруді Қазақстан үкіметі де қарастырып жатыр. Жуырда Президент елімізді «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруды тапсырған еді. Цифрлық көшпенділер деген кімдер, оларға қандай жағдай жасалады, бұдан ел экономикасына не пайда? Басқа елдерде оларға қандай артықшылықтар ұсынады?

«Цифрлық көшпенділер» қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Цифрлық көшпенділер қашықтан жұмыс істейді. Әрине, қашықтан жұмыс істеу жаңалық емес. Көптеген адам пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеп үйреніп қалды. Бірақ егер бұрын бұл фрилансерлердің артықшылығы болса, енді бұл кеңсе қызметкерлеріне де қатысты болып отыр. Себебі бүгінде «цифрлық көшпенділердің» 60%-дан астамы – қашықтан жұмыс істейтін дәстүрлі қызметкерлер.
Әлемде 35 миллионға жуық «цифрлық көшпенді» бар. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай олардың саны миллиардтан асады.
The Boston Consulting Group (BCG) зерттеушілерінің айтуынша, сауалнамаға қатысқан («цифрлық көшпенді») респонденттердің 80%-ы жоғары білімді, 38%-ы магистратура немесе аспирантура бітірген, ал 4%-ының докторантурасы бар. Цифрлық сарапшылардың 68%-ы – ерлер, сондай-ақ АІ саласында гендерлік алшақтық айтарлықтай жоғары – жасанды интеллект жасаушылардың 72%-ы ерлер. Дегенмен, цифрлық мамандықты таңдайтын әйелдер де аз емес. Әлемдегі цифрлық таланттардың шамамен 40%-ы әрқашан жаңа жұмыс жөніндегі ұсынысқа ашық.
MBO Partners зерттеуіне сәйкес, Америка Құрама Штаттарындағы қашықтағы жұмыскерлердің саны 2019 жылдан бері 131% өскен. Ал, әлемде «цифрлық көшпенділердің» жаһандық көші-қоны жүріп жатыр.
Ең бастысы, «цифрлық көшпенділер» Амстердам, Шанхай, Бангалор, Лондон, Тель-Авив, Сиэтл, Бостон, Остин, Торонто, Нью-Йорк, Берлин, Токио және т.б. сияқты жаһандық технологиялық хабтарға тартылады. Бүгінде цифрлық данышпандар үшін ең қолайлы жер – Америка Құрама Штаттары. Бірақ көрші елді немесе тілі ортақ, мәдениеті ұқсас елді таңдайтындар да көп. Қазір мұндай мамандар аз болғандықтан, әлемде цифрлық таланттарға сұраныс жоғары. Бұл ретте жасанды интеллект (AI) және agile саласындағы мамандарға сұраныс артқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *