Мамандардың зерттеу жұмыстары «жасанды интеллект» терминіне дереккөздерде бірдей емес, әртүрлі түсіндірме берілетінін көрсетеді (ол бастапқыда есептерді шешудің адам парасатына тән тәсілдерін алгоритмдік іске асыруды зерттейтін информатика бөлімін білдіреді). Нәтижесінде жасанды интеллекті зерттеудің түрлі бағдарламалары пайда болады. Бұлар:
– адамның зияткерлік қызмет саласына жататын функцияларын орындауға қабілетті компьютерлерді жасау;
– ми субстратын модельдеу (нейрокомпьютерлер) негізінде адам интеллектін модельдеу әрекеттері;
– өзін-өзі оқытып, эволюциялық жетілуге қабілетті жасанды құрылғыларды жасау. Бұған, ақыл-ойдың ғылыми тұрғыда зерттелуіне зоопсихология, психология және кибернетика үлкен серпін берді.
А.С.Егоров пен С.П.Макаровтың «Жасанды интеллекті жасаудың бағыттары мен әдістері» мақаласында қазіргі таңдағы ЖИ дайындаудың негізгі екі тәсілі ерекшеленеді:
– Прагматикалық бағыт немесе төменгі ЖИ – жоғары деңгейлі психикалық үдерістерге ұқсас сараптамалық жүйелерді, білім базаларын және логикалық қорытынды жүйелерді құру: ойлау, ой жүгірту, пайымдау, сөйлеу, эмоциялар, шығармашылық және т.б. Бұл ретте, егер жүйенің істеген жұмысының нәтижесі белгілі бір дәрежеде сарапшы қызметінің нәтижесіне сәйкес келсе, онда осы нәтиженің алынған тәсілдеріне қарамай оны зияткерлік деп тануға болады. Мұндай тәсілде компьютерде қолданылатын құрылымдар мен әдістердің адамның ұқсас жағдайларда қолданатын құрылымдары мен әдістеріне барабарлығы туралы мәселе қойылмайды, нақты міндеттерді шешудің соңғы нәтижесі ғана қаралады.
– Биондық бағыт немесе өрлейтін ЖИ – нейрондық желілер мен эволюциялық есептеулерді зерттеу. Егер жүйе адам миының үдерістерін болжап бейнелейтіндей негізге сүйенсе, онда мұндай жүйенің тапсырмаларды шешу нәтижелері адам алатын нәтижелерге ұқсас болады.
