
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен облыстық «Жастар лигасы» атты робототехника және авиациялық техникадан байқау өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды инженерлікке машықтандыру, робототехника және бағдарламалау қабілетін дамыту, сондай-ақ дарынды оқушыларды анықтау.
Роботтехника сабағы физика, математика, информатика пәндерінен алынған білімді қажет етеді. Бұған қоса тіл байлығы да керек. Себебі роботтан жарысқа қатысқан оқушы өз жобасын қорғап, өз ойын ашық жеткізе білу керек.
Байқауға жалпы және мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 8-9 сынып оқушылары арасынан 17 өтінім түсіп, 10 команда бақ сынады.
Қатысушылар 3 кезең бойынша роботтарды құрастырып, оларға бағдарлама енгізді. Сонымен қатар құрастырылған робот кедергілерден өтіп, оқушылар машинаны басқарумен де сынға түсті. Бұдан бөлек, роботтар стандартты алгоритмдер мен бағдарламалық шешімдерді орындады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, байқау қорытындысы бойынша төлебилік «ARDUOUS MASTERS» командасы жеңімпаз атанып, 500 мың теңгеге ие болды. Ал Кентау қаласынан келген «TURKISTAN ROBO PRIME» командасы екінші орынға жайғасып, 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық жеңіп алды.
Үздік үштікті Бәйдібек ауданынан келген «ROBO BRAND» командасы қорытындылап, 200 мың теңге көлемінде сыйақыға қол жеткізді. Жалпы жарысқа қатысқан барлық команда 70 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде жеңіске жеткен болатын. Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» РҒПО-ның, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен робототехникадан іріктеу кезеңдерінде құрылды.