
Ал елімізде ең көп тараған киберқылмыс түрі қандай? Неліктен бұл қылмыс түрі кеңінен таралып отыр? Осы тақырып төңірегінде Түркістан өңірінің тұрғындары да бірнеше сауалдар жолдағаны рас. Олай болса, оқырман қауымға мамандардың жауабын жариялап отырмыз.
Қазақстанда ең көп тараған киберқылмыс түрлері – онлайн-банкинг пен смартфондардағы троян шифрлаушы бағдарламаларының өршуі болып отыр. Қазіргі кезде азаматтардың 80%-ы смартфон пайдаланады. Олар қажетіне қарай көптеген қосымшаны жүктейді. Мәселен, «андроид» қорғалмаған операциялық жүйе болғандықтан, телефонға міндетті түрде антивирус жүйесін орнату керек. Ал адамдар оны орнатпайды, тіпті кейбірі орнату керегін де біле бермеуі мүмкін. Көптеген қосымша арқылы немесе түрлі интернет-дүкендерден зат сатып алып жатыр. Осылайша, олар банк карталарының деректерін «таратып» жатыр деп айтсақ болады. Бұл да адамдардың жеке мәліметтеріне немқұрайлы қарайтындығының бір белгісі болып отыр.
Еліміздегі азаматтардың цифрлы сауаттылығы өте төмен. Мәселен, өңірлерде әкімдіктің жанынан тегін білім беру курстары ашылса, аймақтардағы халықтың сауаты біраз артушы еді. Ол үшін әр азаматты бұл курстан өтуге міндеттеу керек деп ойлаймын. Өйткені бұл, біріншіден, өздері үшін ауадай қажет. Сонымен қоса бізде парақшасын сауатты жүргізетін, пайдалы жазбалар жазатын блогерлер бар. Олардың аудиториясы үлкен, сондықтан бұл іске соларды тартуға да болады. Оған қоса қысқаша бейнероликтер түсіруге де мүмкіндік көп. Мұның бәрі қарапайым дүниелер, жай ғана осындай нәрселерді құрал ретінде пайдаланып, халықтың цифрлы сауатын ашуға бағыттау қажет.
Жалпы интернеттегі алаяқтардан құтыла алмаймыз, бірақ белгілі бір іс-шараларды қолға алу арқылы олардан қорғана аламыз. Мәселен, жоғарыда атап өткеніміздей, әр азаматтың цифрлы сауатты болуына жағдай жасауымыз қажет. Олар қолындағы смартфондар арқылы сауда-саттық жасайтын болса, міндетті түрде оны қалай қорғау керегінен де хабардар болуы тиіс. Негізінен қорғау амалдары өте көп, оның тегіні де бар, ақылысы да бар. Бірақ, біріншіден, адамдар оның маңызды екенін түсінуі керек. Сол кезде смарфонды пайдаланғанда жеке деректерін қорғау үшін қаражатын да аямас еді.