
Интернеттің, компьютерлік технологиялардың және сауаттылық деңгейінің артуымен адамдар арасында мәлімет алмасу процесінің жылдамдығы да, көлемі де артып, ақпарат ағыны күшейді. Осы құбылысты ескеріп, заманның басты қасиеті болып отырған жаңалыққа сілтеме жасай отырып қазіргі шақты «ақпарат дәуірі» ретінде қабылдау кең тараған. Осы өзгерген шарттар адамзатқа жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қатерлердің пайда болуына жол ашты. Соның бірі – ақпарат дәуірінде өзекті болған киберқауіпсіздік мәселесі. ХХІ ғасырдың басынан бері интернет қолданушыларының саны экспоненциалды көрсеткішпен өсті.
Осындай көрсеткіштер болған соң Түркістан өңіріндегі ғаламтор кеңістігін қолданушылар бұрын-соңды кездеспеген қылмыс түрлерімен ұшырасып отыр. Атап айтқанда, ғаламтордағы жеке мәліметтерді ұрлау, банк есепшоттарындағы қаражатты электронды жолмен жымқыру сияқты жеке тұлғаларға қатысты қылмыстан бастап ірі компаниялардың сайттарын, электронды платформаларын хакерлік жолмен мешеулендіру арқылы ақша бопсалау мен мемлекеттік электронды жүйелердегі мәліметтерді қолды ету сияқты қылмыс түрлері пайда болды. Жалпы атаумен «киберқылмыс» деп аталатын бұл заңсыз әрекеттер онымен күресті күшейтуді өзектендірді. Сол себепті «киберқауіпсіздік» ұғымының маңызы күннен күнге артып келеді. Киберқауіпсіздік – бұл электронды жүйелерді, желілерді, бағдарламаларды, құрылғылар мен деректерді кибершабуылдардан қорғау мақсатында технологияларды, процестер мен басқару элементтерін қолдану. Киберқауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуде туындап отырған ең үлкен қиындықтардың бірі – ол жалпақ тілмен айтқанда бүгінде электронды құрылғылардың саны адам санынан көп, оның бәрін қорғау орасан ресурсты қажет етеді. Мұндай ресурсқа мемлекет қана ие, сондықтан қоғамдағы киберқылмыспен күрес соның мойнына жүктеледі. Өйткені, киберқылмыстың салдарынан мемлекет және онымен байланысты институттар да үлкен зардап шегіп отыр.