
Электрондық пошта мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар да күнделікті маңызды шаруаға айналды. Онда адамның дербес деректері ерекше қорғауды қажет етеді. Түркістан өңірі түрғындарының киберқауіпсіздігіне үлес қосу мақсатында «Керек кеңес айдарында» электронды пошта мен әлеуметтік желі аккаунттарыңызды қорғау үшін мынадай кеңестерді ұсынамыз.
Әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңыз бен электрондық пошталарыңызға түрлі құпиясөздерді пайдаланыңыз. Жаңа электронды поштаны тіркеуде оның екі факторлық сәйкестендіру жүргізетінін анықтаңыз. Күдікті сілтемелерді баспаңыз және электронды хаттардағы күдікті құжаттарды ашпаңыз, мұндай хаттар табылған жағдайда – KZ-CERT қызметінің incident@kz-cert.kz электронды поштасына хабарласқан жөн.
Көпшілікке қолжетімді WI-FI желілерін немесе компьютерлерді пайдаланбаңыз. Лицензияланған бағдарламалық жасақтамаларды пайдаланыңыз және және компьютерлер мен смартфондардың қосымшаларын үнемі жаңартып отырыңыз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында азаматтарды, әсіресе балаларды интернеттегі қудалаудан қорғауды тапсырған еді. KZ-CERT қызметі азаматтарды интернетте қорғау жөнінде оқушылар мен ата-аналарға тұрақты негізде ұсынымдар береді.
Ең алдымен балаға қауіпті ақпаратты іріктеу мен бақылауға көмектесетін бағдарламалық жасақтаманы пайдалану қажет. Браузердің баптауларында баланың интернетті пайдалануын бақылауға көмектесетін «ата-аналық бақылау» функционалын пайдалану керек.
Егер әлеуметтік желілердің бірінде (Vk.com, Instagram, TikTok т.б.) балаңыздың аккаунты болса, оның қатысушылары өз профильдері мен блогтарында орналастырған ақпаратты, оның ішінде суреттер мен бейнелерді мұқият зерттеңіз. Балаңыздың әлеуметтік сервисі қандай сайттарымен байланысты екенін тексеріңіз. Сіздің балаңыздың парақшалары қауіпсіз болуы мүмкін, дегенмен оларда қауіпті сайттарға сілтемелер болуы ықтимал.