ТҮРКІСТАН: БАҒБАН БОЛҒАН ИНЖЕНЕР

 

Әр мамандықтың өз орны бар, ал адал еңбектің қадірі қашанда биік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруы тиіс». Себебі шын жетістіктің бастауында – маңдай термен келген таза еңбек, табанды іс және кәсіби шеберлік жатады.

Биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы да – осы айтылған сөздің нақты айғағы. Біз де осыған орай, өз ісіне адал, қарапайым тіршілігімен қоғамға пайдасын тигізіп жүрген еңбек адамдарын оқырманға таныстырып отыруды азаматтық парызымыз деп білеміз. Олар өздері туралы сөз қозғағанды ұната қоймайды, көп жағдайда елеусіз ғана еңбек етіп жүре береді. Алайда олардың әрбірі – отбасын асырап, елдің дамуына үлес қосып жүрген абзал жандар. Бойындағы кәсіби білігімен, адамгершілік қасиетімен, төккен маңдай терімен өз орнын тапқан жандар – шын мәнінде еңбектің шырақшылары.

Түркістан төрінде Ахмет Ясауи университетінің Мәдениет орталығына келсеңіз, көк майса мен жайқалған гүлдердің арасынан өз ісіне жанын салған бір азаматты кездестіресіз. Ол Ермахан Муминов деген бағбан ағамыз. Біз студент кезден, яғни жиырма жылдан астам күннің аптабында да, сарғайған күздің қызыл-сары жапырағы төгілген мезгілінде де, қыстың көк тайғақ мұзы мен аязында да сол маңайды күтіп-баптап, тазалығына жауапты болып жүрген еңбек иесі Ермахан ағамыз. Ол кісінің өмір жолына көз жүгіртсек, бұл қызметке жайдан-жай келмегені аңғарылады.

Ермахан Муминов Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалын инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған, студенттік жылдары Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келген қазақ жастарының бірі. Бірақ қолына диплом алып қайтқан жас маманға туған қаласында лайықты жұмыс табу оңайға соқпады. Оның әңгімесінен жас маманның тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында өмірдің сан тарау жолынан өткенін аңғаруға болады. «Поезға мініп, шай сатып, өзімізше саудаға беріліп жүрген кезіміз болды. Оқуды бітіріп келіп, дайын жұмыс табу мүмкін емес еді. Сондай сапарлардың бірінде, өз үйімнен кіріп-шығып тұрақты жұмыс істегенімді қалаған анам пойыздан түскен күні енді кетпей, осында жұмыс істеуімді өтінді. Ол кезде университетте күрделі құрылыс бөлімінде Сансызбай Құрбанходжаев деген басшы ағай бар еді. Сол кісіге өтініп жүріп жұмысқа орналастым. Сөйтіп мені алғашында студенттер жатақханасына тәрбиеші етіп алмақшы болды. Өзім кеше ғана студент болдым, қалай оларға басшылық етем деп, кіші лаборант болуға келісім бердім», – дейді Ермахан аға.

Осылайша лаборант қызметіне орналасып, университетте сабақ кестесін құру, аудиторияны тексеру, студенттерді бақылау бәрі Ермахан жігіттің мойнына жүктеледі. «Студенттердің аты-жөнін, түр-тұлғасын жаттап алғаным сонша әрқайсысын көзін жұмып-ақ танитынмын» деп күліп еске алды. Оқу орнымыздағы алғашқы көшірме аппаратын да бірінші қолданған осы кісі екен. Екі лингофон кабинетінің құрал-жабдықтары, оны студенттерге қосып беру ағайға сеніп тапсырылған. Бұл қызметті 4-5 жыл атқарған. Одан кейінгі үш жыл Ермахан аға нағыз қара жұмыспен айналысады, бетон құяды, кесек қалайды, құрылыс алаңында еңбек етеді. Бірақ ол ешқашан жұмыстан қашпаған. «Бірде туысымның үйіне барсам, сол үйдің адамы «мен Мәдениет орталығына жұмысқа кірдім, сен де кірсей» деді. Сөйтіп бағбанның орны бос екен, үйде де ағаш-гүлдерімді суарып, бау-бақшамды жайқалтып жүргендіктен бұл жұмысты дөңгелетіп ала кететініме сенімді болдым, бұл 1999 жыл еді», – деп еске алады Ермахан аға.

Қазір Мәдениет орталығының айналасындағы әр тал, әр гүл оның қолының жемісі. Біз әңгіме барысында: «Қолда диплом бола тұра, бағбан жұмысы өзіме лайықты ма екен осы деп ойлаған кезіңіз болды ма?» деп сұрадық. «Ол кезде мен отбасылы болып, 1-2 балалы болғам. Не болса да жұмыс істеу керек болды. Түркістанда онда қазіргідей емес, жұмыс тапшы еді. Ата-анаммен бірге тұрсам, бәлкім, олай уайымдамас едім. Бірақ бөлек шыққан соң, отбасың үшін жауапкершілік артады екен. Пойызда сауда жасаған кезімде де жаман таппайтынмын, бірақ бірден екі аптаға үйден кетуге тура келетін болған соң, отбасымды жалғыз қалдырғым келмеді. Шүкір деймін, кезінде осы ағаштардың бәрін өзім егіп, өсіріп, қазір көлеңкелі саясында аман-есен ісімді жалғастырып жүрмін», – деді Ермахан аға жүрекжарды әңгімесімен бөлісіп. Бүгінде ол қызметінде жауапты жұмысшы, отбасында Алланың берген бес ұл-қызының қамқор әкесі, немерелердің сүйікті атасы. Жай ғана бағбан емес, еңбекпен келген абыройдың иесі Ермахан ағадан марапатталған сәттері туралы сұрадық. «Иә, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай қатысушы ретінде марапатталып, алғыс хат алдым. Сондай-ақ университеттің мерейтойы қарсаңында бір топ еңбек адамдары Мәдениет орталығында сахнаға шығып, қошеметке ие болғанбыз. Айтқандай, жоғары оқу орнын бітіргенімізге 30 жыл толғанда Алматыда группаластармен бас қостық. Группаластарымның көбісі қырғызстандықтар, студенттік шағымдағы достарыммен қуана қауышып, естеліктерді жаңғыртып қайттық, бәрі де түрлі мықты салада абыройлы еңбек етіп жүр екен», – деді орындалмай қалған бір арманның ұшқынын білдіргендей жымиып.

Міне, шынайы еңбек адамы дегеніміз – осындай. Даңғаза даурықпасыз, дақпырт атақсыз-ақ маңайын көркейтіп, айналасына шуағын шашып жүрген Ермахан аға сынды жандар – бүгінгі қоғамның іргесін ұстап тұрған тұлғалар. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа сабыр мен төзімнің, еңбек пен адалдықтың, қарапайымдық пен кішіпейілдіктің үлгісі. Тірлігінің мәнін тек табыстан емес, татымды терден тапқан Ермахан ағаның әрбір қадамы – гүлге, әр күні – ғибратқа толы. Еңбекке деген құрмет осындай жанның өмірінен басталса керек.

Несібелі ҒАЙБУЛЛАҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *